"Әкімдік пәтер кілтін берді, бірақ кіргізбей жатыр"

3455

Құрылысы желтоқсанда толық аяқталған, оның үстіне сол айда қала әкімі Алтай Көлгіновтің орынбасары Нұрлан Нұркенов бастап барып пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыстаған үйге тұрғындар әлі кіре алмай жүр. Арада сегіз ай өтті. 

"Әкімдік пәтер кілтін берді, бірақ кіргізбей жатыр"

Inbusiness.kz тілшісі "Е-18 көшесі, 5-үй" мекенжайындағы "проблемалық" үйдің жаңа иелерінің мұң-зарын тыңдап қайтты.

"Бұл үйдің несиесі әлдеқашан басталып кеткен. Онымен қоса жалдап тұрып жатқан пәтерлерімізді қабаттастырып төлеп, әбден қиналдық. Балаларымызды әлі мектепке орналастырмадық. Жаңа үйдің орналасқан жері бойынша, "Бином" мектебіне қарауымыз керек. Бірақ олар үй пайдалануға берілмегендіктен балаларымызды қабылдамай қойды. Оған қоса бала саны да толып қойғанын айтып отыр. Қыркүйек болса, міне, келіп те қалды. Әкімдік қыста дайын болған үйді әлі күнге беріп біте алмай жатыр", – деді тұрғын Гаухар Манекеева.

Үйдің құрылысын жүргізген компанияның өкілі ішін аралауымызға рұқсат берді. 

"Үй желтоқсанда толық дайын болған. Қыс бойы жылу да беріліп тұрды. Кілтін қазір бер десеңіз, қазір беруге болады. Өз жұмысымызды сол кезде бітіргенбіз. Тек су мен электр желісі тартылмағандықтан тосқызып отыр. Ал ол біздің шаруа емес. Сол жұмыстар бітпеген соң, еріксіз кілтін ұстап отырмыз", –дейді Яхья есімді құрылыс компаниясының өкілі.

Кейін анықталғандай, инженерлік желілерге қала әкімдігі жауапты екен. 

Жиналған тұрғындар қала әкімдігіне барды. Құрылыс басқармасының өкілі Әділет Ануарбеков есімді азамат шықты. Инженерлік желілерді тартуға өздерінің басқармасы тікелей жауапты екенін айтты. 

"Бізге белгіленген мерзім – 1 тамыз. Әлі үш күн уақытымыз бар. Осы үш күнде жарық пен су дайын болады. Сосын кілтті Тұрғын үй басқармасына береміз. Олар шамамен 10 күнде сіздерге беретін болар. Олардың орынына айта алмаймын", – деді Ануарбеков. 

Бір әкімдіктің ішіндегі басқармалардың бір-біріне сілтеуін тұрғындар "әдеттегі айла тәсілдері", "халықты екі ортада сабылтып қоймақшы" деп бағалады. Осы салаға жауапты делінген әкімнің орынбасар Нұрлан Нұркенов пен Нұрлан Солтамбековтің шығуын талап етті. Бірақ шенеуніктер белгісіз себеппен халық алдына шықпады.

Тұрғындар шамамен бір сағат тұрғаннан кейін тарады.

Жасын Қалибек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу