ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың қатысуымен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда Павлодар, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы әкімдіктерінің өкілдері есеп берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Шенділер "халық ақпаратқа еркін қол жеткізеді", "барлық өтініштері ескеріледі", "әкімдіктердің ресми сайты мен парақшаларында деректер толық ұсынылады" деп баяндама жасады. Алайда олардың "әдемі" баяндамасы министрліктің мониторингіндегі деректермен сәйкес келмейді.
"Әріптестер, сіздер бұның барлығы бақылауда екенін біліп отырсыздар. Иә, Павлодар облысы бойынша тиісті жұмыс жүргізілгені көрініп тұр. Бірақ Жамбыл облысы бойынша жұмыс әлсіз жүргізілген немесе мүлде жүргізілмеген. Бұған не себеп?", – деп сұрады ведомство басшысы.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің зерттеуіне сүйенсек, әкімдіктер нормативтік-құқықтық актілері жобаларына келіп түскен халықтың ойын мүлде ескермейді. Сондықтан тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері жауапсыз қалуда.
"Бұған қоса, бюджеттік бағдарламалар бойынша жария талқылаулар туралы ел азаматтары хабардар етілмейді. Мемлекеттік мекемеде атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат әкімдік парақшаларына уақытылы салынбайды. Бұл жекелеген деректер ғана", – деді министр.
Одан кейін Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров Шымкент пен Түркістан облысы ресми ақпарат көздеріне жүргізілген мониторингке тоқталды. Оның айтуынша, қос әкімдік бюджетке қатысты талқылаулар мен деректерді ашық жарияламайды.
"Ашық деректер" порталында ақпараттардың өзектілігі төмен. Түркістан облысы бойынша 29%. Яғни әр үшінші дерек өзекті емес. Шымкент әкімдігінде жағдай жақсы. Қос әкімдіктің негізгі осал тұсы – бұл ведомствоның ресми сайтында бюджеттік бағдарламалар жоспары және оны іске асыру туралы есептердің ашық талқысын өткізу туралы халыққа хабарланбауы. Тағы бір мәселе, "Ашық НҚА" сайтындағы келіп түскен пікірлерге Түркістан облысы әкімдігі белгіленген уақытта жауап бермейді. Ал Шымкент әкімдігі дер кезінде жауап бергенімен, пікірлерге "Қолдауыңыз үшін рақмет" деген шаблонды жауап қайтарады", – деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар әкімдіктер түрлі жобаларға қатысты ашық талқылар туралы халықты хабардар етуге асықпайды. "Ашық диалог" порталындағы 13 өтінішке Шымкент әкімдігі кешіктіріп жауап берген. Сондай-ақ әкімдік департаменттерінің сайттарындағы кей ақпараттар соңғы рет 2 жыл бұрын жаңартылған. Бірақ өңір басшыларының блоктары дер кезінде жаңартылмаған соң не сұраймыз? Бұл да мониторинг барысында анықталған.
"Деректердің сапасы үшін мемлекеттік органдар жауапты, сондықтан Үкіметтің тапсырмасы барлық мемлекеттік органдарға қатысты екенін еске саламын", – деген министр аталған қателіктерді түзетуге бір апта уақыт берді.
Құралай Құдайберген