Әкімнің орынбасарлары қоғамдық көлікпен жүретін болды

3025

Қарағанды облысының әкімі қарамағындағыларға аптасына бір рет автобусқа мінуді тапсырды.  

Әкімнің орынбасарлары қоғамдық  көлікпен жүретін болды

Қарағандыда қоғамдық көлік қызметі сапасының жақсармай қоюы қарапайым жұрттың әбден шымбайына батты. Қыс түсіп, ауа райы қатаң қабақ танытса болды, жолаушылар дірдектеп, аялдамада автобустарды ұзақ күтіп тұрады. Қалада студенттер көбейгеннен бері автобусқа сыймай қалатын жолаушылардың қатары көбейді. Бұл күнде қарағандылықтар билікке "автобус санын  неге көбейтпейді" деген өкпесін айтудан жалыққан.

Жолаушылардың шыдамын тауысқан  қоғамдық көлік мәселесі облыс әкімінің аппараттық жиналысында талқыланды.

"Былтыр автобус жүргізушілерімен кондукторлар бірыңғай киім үлгісімен жүрмекші болған, бұл жұмыс толық орындалмады, сіз мұны нашар қадағаладыңыз", – деп қала әкіміне ескерту жасаған облыс әкімі Ерлан Қошанов қоғамдық көлік сапасын жақсартуға қадам жасау қажеттігін айтты.

Облыс басшысы жолаушы тасымалдап жүрген қоғамдық көліктердегі жағдайды жақсарту мақсатында өзінің орынбасарларымен қала әкімінің орынбасарларына және басқарма басшыларына аптасына бір рет автобусқа мінуді тапсырды. Бұл үшін арнайы кесте құрылды. Алдағы уақытта кестеге сәйкес, шенеуніктер қоғамдық көлікпен жүретін болады.

"Автобусқа мінген мемлекеттік қызметкерлер қала әкіміне әрқайсысы жеке-жеке есеп жазып берсін. Қандай автобусқа мінді, автобусты қанша уақыт күтті, көліктің жағдайы қандай? Осының барлығын толық баяндасын. Біз кондукторлар дөрекілік жасай ма, олардың қызмет көрсетуі қандай деңгейде деген сұрақтарға жауап алуымыз керек", – деді Ерлан Қошанов.

Қарағандыда электронды билет беру жүйесін атқамінерлер көктемде жүзеге асырамыз деген болатын. Алайда айтылған сөз сол күйінде қалып, жұмыс межеленген уақытта аяқталмады. Қала әкімінің сөзінше, электронды билет жүйесінің құрылғыларын орнату жұмысы толық аяқталған. Жаңа жоба желтоқсан айында іске қосылады.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу