Әкімнің орынбасары мектеп директорларынан пара алған

2822

Полиция қызметкерлері 300 мың теңге үшін сыбайлас жемқорлыққа барған. 

Әкімнің орынбасары мектеп директорларынан пара алған

Жарты миллиардқа жуық бюджет қаражатын банкке заңсыз аударған бөлім басшысы мен жалпы білім беру мекемелерінің директорларынан пара алғаны үшін әкімнің орынбасары істі болды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарованың баяндауынша, бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Ол басқарма басшысының келісімінсіз, оның электронды цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, мердігер мекеменің есепшотына 414 млн теңге бюджет қаражатын заңсыз аударып жіберген.

"Сот көрсетілген сомаға санкция салды. Тергеу аяқталғаннан кейін Аstana Banki АҚ-ны тарату комиссиясына 414 млн теңгені басқарманың есепшотына қайтару жөнінде xат жолданады", – деді агенттігінің ресми өкілі.

Басқосу барысында Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқаны жарияланды.

"Ол жалпы білім беру мекемелерінің басшыларынан қамқорлығы үшін бірнеше рет пара алды деген күдікке ілініп отыр. Оның сейфінен заңсыз ақша шықты. Тергеу жалғасып жатыр", – деді Жанна Бастарова Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Бұдан кейін ресми өкіл "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ "Алтынкөл" теміржол стансасының басшысы парақорлық фактісі бойынша ұсталғанын мәлімдеді.

"Ол халық тұтынатын тауар тиелген вагондарды кедергісіз кіргізу үшін сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларынан 17,8 мың АҚШ доллары көлемінде жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілініп отыр. Аталған тауарлардың радиациялық көрсеткіші нормадан жоғары болған. Күдікті 20 ақпанда ұсталып, Талдықорған қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына жабылды", – деді Жанна Бастарова.

Ресми өкілдің сөзінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Павлодар облыстық департаменті "Қазақстан су жолдары" республикалық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бас директорының орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын  жүргізіп жатыр.

"Ол өзі қызмет ететін коммуналдық кәсіпорнының Павлодар филиалы басшысынан 1 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді", – деді Жанна Бастарова.

Ресми өкіл пара алу фактісі бойынша бір емес, бірнеше полиция қызметкері ұсталғанын жеткізді.

"Ақтөбе қаласында аудандық полиция бөлімі бастығының жедел жұмыс бойынша орынбасары, осы бөлімнің аға жедел қызметкері және тағы бір жедел қызметкер пара алу фактісі бойынша қолға түсті. Олар алдын ала сөз байласып, бір азаматтың ұлын қылмыстық жауапкершілікке тартпағаны үшін 300 мың теңге сомасында пара алғаны үшін күдіктеліп отыр. Өз кінәсін толық мойындауына байланысты бір жедел қызметкерге қатысты үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Екіншісіне қатысты бұлтартпау шарасы қабылданған жоқ. Ал бастықтың орынбасарына қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды", – деп қорытты сөзін Жанна Бастарова.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу