Әкімнің полицейлі кортежбен жүретіні жұртты таңғалтты

7597

Жолдардың жабылуы кесірінен тұрғындар жұмысына кешігеді екен. 

Әкімнің полицейлі кортежбен жүретіні жұртты таңғалтты

Әкімдіктегі шенділермен жиі сөзге келіп жүретін жас заңгер, Өскемен тұрғыны Руслан Смағұлов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке хат жазып, бір жайттың мән-жайын түсіндіруді сұрады.

"Даниал Кенжетайұлы, ШҚО әкімі ретінде мынаны түсіндіріп беріңізші: неге осы сапарға шыққанда, түскі асқа аттанғанда және түскі астан қайтқанда, сіздің көлігіңізді жергілікті полиция қызметінің патрульдік қызметінің машиналары жан-жақтан қаумалап, үнемі ере жүреді? Мен ол полиция көліктерінің борттық нөмірлерін де жазып алдым. Өйткені бұл тірліктеріңіз өзге жүргізушілердің, жаяу жүргіншілердің құқығын аяққа таптайды. Жолдар жабылып, жолмен жүре алмай тұрғанымыз. Менің білуімше, мұндай артықшылықты тек мемлекетіміздің бірінші тұлғалары, мысалы ел Президенті мен Премьер-Министр ғана пайдалана алады. Егер шынымен халықтың қызметшісі болса, онда әкім қарапайым халықпен бірге кептелісте тұрудан қорықпауы, бұқарадан күзетпен және полициямен оқшауланбауы керек", – деді шағым иесі. 

Русланның айтуынша, облыс әкімі көлігімен көшеге шыққанда полицейлер Сәтпаев даңғылы жағынан төмен қарай жолды жаба бастайды. Бұл көбіне түскі ас уақытына сәйкес келетін көрінеді.

"Әкім кері қайтқанда, көшедегі қозғалыс "Автоуправление" аялдамасынан бастап қайтадан бөгеледі. Жол тазаланып, ешкімді өткізбейді. Біз болсақ, құрметті әкіміміз қашан бағдаршамсыз және алдаусыз өтіп кетеді деп зарыға күтеміз. Сізден өтінемін: бұрынғы Үкімет басшысы емес, қазіргі әкім мәртебеңізді ұстанып, халыққа жақын болыңызшы!" – дейді Р.Смағұлов.

Бұл шағымның жазылғанына екі аптадай уақыт өтсе де, ШҚО әкімдігі әзірге ресми жауабын жариялаған жоқ. 

Ұқсас шағымдар шығысқазақстандықтардан кейбір редакцияларға бұрындары да түсіпті.

"Өңір басшысының күзетті қозғалысы кесірінен жоспарлары бұзылған, жұмысына кешіккен ШҚО-ның тұрғындары біздің редакцияға әлденеше рет шағым айтып келді. Содан бізде ой туды: бәлкім, облыс әкімінің көшені жауып, бағдаршамдарды сөндіріп, кортежбен жүруіне құқық беретін ресми рұқсатнама бар шығар? Оның анық-қанығын анықтау үшін ІІМ-ге сұрау жолдадық", – дейді Factum порталындағы әріптестеріміз.

Ішкі істер ведомствосы патрульді автомашиналармен сүйемелдеу жөніндегі іс-шаралар құқық қорғау және арнайы органдардың ішкі құжаттарымен қатаң реттелетінін жеткізді.

"Бұл құжаттар ведомство ішінде пайдалануға арналған және жариялауға жатпайды. Сонымен бірге, әкімдерді патрульдік полицияның патрульдік автомобильдерімен сүйемелдеп, ілесе жүру қарастырылмағанын хабарлаймыз. Патрульдік автомашиналарды мақсатсыз пайдалану фактілеріне куә болған жағдайда азаматтар полиция органдарына жүгіне алады. Олар өз кезегінде қызметтік тексеріс жүргізеді және тиісті шара қабылдайды", – деген түсініктеме берді ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті.

Айта кету керек, әкім өтуі үшін көшелерді жабу, бағдаршамдарды уақытша істен шығару, сондай-ақ қауіпсіздікті сақтау мақсатында әкімге полицейлердің ере жүруі, әкім барған жерге былайғы жұртты жібермей, ұстап тұруы секілді кесір көріністер жалғыз ШҚО емес, өзге өңірлерде де кездеседі. Тек оған жергілікті жұртшылықтың көзі үйреніп, еті өліп кеткен. Қай өңірде қоғам белсенділері азулы болса, сондағы жергілікті басшылық өткірірек сыналады. 

Әрине, өңірдің күйіп тұрған мәселелерін шешу үшін облыс әкімдеріне жылдам қозғалу, тез жету маңызды. Бұл – халықтың қамы.

Дегенмен, заң бойынша полицейлер мемлекетіміздің ең жоғарғы лауазымды тұлғаларын, еліміздің шетелдік мәртебелі меймандарын және балалар мінген автокөліктер колоннасын ғана сүйемелдеп жүруге тиіс. Бұл талап қатаң сақтала бермейді. Мысалы, астаналық журналистер делегациясына баспасөз туры ұйымдастырылғанда, БАҚ өкілдері мінген жалғыз автобус тоқтаусыз жүйткуі үшін өңірлерде оған полиция көліктері қоса еріп жүретініне де талай куә болдық.   

Полицейлердің әлдебір көлікке жол ашқаннан басқа, әлдеқайда маңызды міндеттері барын ұмытпаған жөн.

Біз ұмтылып отырған дамыған елдерде кейде мемлекет басшысының өзі халықпен бірге қозғалады. Егер Еуропа елінің тұрғыны әлдебір жоғары лауазымды шенеунік жүруі үшін жолдың жабылуы кесірінен жұмысынан қалып қойғанын білсе, билікті сотқа сүйреуі мүмкін.

Мысалы, Ресейдің ірі, өнеркәсіптік өңірін бақандай 20 жыл басқарған қазақ Аман Төлеев (бүгінде ол жергілікті депутат) жұртшылыққа қарапайымдылығымен, халыққа жақындығымен жақты. Ресейлік журналистер оның көлігі ешқандай кортежсіз, полицияның қадағалауынсыз қозғалатынын сүйсіне әңгімелейтін. Содан губернатор 2013 жылдың маусымында жол апатына да ұшырады: облыс орталығынан ұсынылған үлкен үйден бас тартып, қала маңындағы Мазурово селосындағы жеке үйде тұратын Аманкелді Молдағазыұлы таң ата халық депутаттарының облыстық кеңесінің отырысына бағыт алады. Кенет қарсы беттен құйындатып келе жатқан басқа көлік губернатор көлігінің қозғалыс жолағына шығып кетеді. Одан жалтарған Төлеевтің жүргізушісі жол жиегіне кілт бұрылуға мәжбүр болған. Сөйтіп, электр желісінің бағанасына соғылды.

Ол апатта ешкім зардап шекпеген. А.Төлеев содан кейін де кортежден бас тартып жүрді. Халықтың ұлына жамандық жұқпайтын болса керек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу