Әкімнің сотталуына себеп болған аэродром сенімді басқаруға берілмек

2074

Баянауылдағы аэродром оқу-жаттығу орталығына тапсырылады. 

Әкімнің сотталуына себеп болған аэродром сенімді басқаруға берілмек

Еліміздегі курорттық аймақтардың үздік ондығына кіретін Баянауылда аэродром ашу мәселесі алғаш рет осыдан төрт жыл бұрын айтылған болатын. Бірақ әлі күнге дейін бұл жоспар орындалмай келеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Орындалмақ түгілі талай шенеуніктің "бас қайғысына" айналып үлгерді. Айталық, осы жылдың қаңтар айында Баянауыл ауданының бұрынғы басшысы Оразгелді Қайыргелдинов бұл нысанды облыстық бюджеттің 240 млн теңгесіне заңсыз сатып алғаны үшін сотталып, үш жарым жылға бас бостандығы шектелді.  Сот отырысы барысында 2016-2019 жылдары ауданға басшылық еткен әкімнің қолданыс пен әуе қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін нысанды қазына қаражатына негізсіз сатып алғаны дәлелденіп, бұрынғы шенеунік те кінәсін толығымен мойындады. Сөйтіп, Баянауылға туристердің көптеп келуіне оң әсер етуі тиіс аэродром әкімнің қылмыстық жауапкершілікті арқалауына себеп болды.

Ал таяуда Баянауыл ауданының қазіргі әкімі Қанат Кәрімов бұл ғимаратқа қатысты жоба-жоспардың айқындалғанын хабарлады. Оның айтуынша, қылмыстық соттың аэродромға қатысты шешімі дайын. Енді оны шағын авиация ұшқыштары мен тікұшақ мамандарын дайындау жөніндегі авиациялық оқу-жаттығу орталығына сенімді басқаруға беру бойынша құжаттар әзірленуде.

"Биыл аталмыш орталықтың мамандары білім алушыларға ұшақты, тікұшақты ұшыру, қондыру бойынша жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, кәсіпкерлер келетін чартерлік рейстерді қабылдауға мүмкіндік болады. Ал келесі жылдан бастап тұрақты түрдегі жолаушылар рейсін ашу мәселесі қарастырылады", – деді Қанат Кәрімов.

Ол үшін алдымен тиісті сертификаттарды алу қажет. Бұл ретте жергілікті әкімдік авиациялық оқу-жаттығу орталығының қолдауына иек артып отыр. Аталмыш орталықтың шамамен 20 жолаушыға арналған жолаушылар ұшағы бар. Алғашқы рейсті Нұр-Сұлтан – Баянауыл бағытында ашу жоспарланған. Бірақ бұл жоспардың қашан және қалай орындалатыны әзірше белгісіз.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !  

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу