Әкімшілік құқық бұзушылықтардың құрамы қысқарады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4948

Кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтар соттардан уәкілетті мемлекеттік органдардың құзіретіне өтпек.

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың құрамы қысқарады

Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын таныстырған әділет министрі Марат Бекетаев бірқатар жаңашылдықтар орын алатынын жеткізді.

Заң жобасындағы негізгі бағыттың бірі – әкімшілік құқық бұзушылықтардың кейбір құрамын алып тастау.

"Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың кейбір құрамын азаматтық немесе тәртiптiк iс жүргiзу арқылы қарауға болады. Сондай-ақ қазіргі уақытта мемлекеттiк органдардың бақылау-қадағалау функцияларын оңтайландыру және оларды автоматтандыру шаралары жүргізілуде. Осыған орай заң жобасымен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың 32 құрамын алып тастау ұсыналып отыр", – деді Марат Бекетаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтардың жекелеген санкцияларын жеңілдету және төмендету ұсынылып отыр.

"Әкімшілік құқық бұзушылық санкцияларына талдау жүргізілді. Талдау қорытындысы санкцияларды жеңілдетуге және төмендетуге мүмкіндік бар екенін көрсетті. Осы орайда заң жобасымен 42 құрам бойынша айыппұл мөлшерін азайту, 10 құрам бойынша әсіре қатаңдықты төмендету және 6 құрам бойынша ескерту енгізу ұсынылады", – деді министр.

Бұдан кейінгі өзгерістің бірі – рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтату, қызметті тоқтату немесе тыйым салуды көздейтін жекелеген әкімшілік құқық бұзушылық істерді қарауды уәкілетті органдардың құзіретіне беру.

"Заң жобасы тек сотпен ғана қолданатын әкімшілік жазаларды қайта қарауды, сондай-ақ уәкілетті органдардың құзіретіне олармен өз бетінше қолданылуы мүмкін әкімшілік жазаларды жатқызуды ұсынады. Атап айтқанда, әкімшілік құқық бұзушылықтардың 70-тен аса құрамын соттардан уәкілетті мемлекеттік органдардың құзіретіне беру ұсынылады. Бұл тұлғалардың сот органдарына даусыз істер бойынша жүгіну қажеттілігін алып тастаумен қатар, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттырады. Сонымен бірге азаматтардың істі сотта қарауды таңдауға құқығы сақталатын болады. Яғни, бұл істер бойынша сот бақылауы жалғасады", – деп нақтылады әділет министрі.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізуді электрондық форматқа ауыстыру да заң жобасында қарастырылған.

"Азаматтар үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғау және оны қарау тәртібі қарапайым және түсінікті, ал айыппұлдарды төлеу жүйесі мемлекеттік органдарға неғұрлым аз барып, мүмкіндігінше ыңғайлы болғаны маңызды. Осыған байланысты Бас прокуратураның бастамасы бойынша заң жобасында Әкімшілік рәсімдердің бірыңғай тізілім жүйесін енгізу бөлігінде түзетулер қарастырылған. Бұл мемлекеттік органдардың және екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланатын әкімшілік процессі бар электрондық істі қалыптастыруға мүмкіндік береді", – деді Марат Бекетаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу