"KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ қолдауымен қазақстандық "Sunshine Agro" БК" және "Gansu Tian Yuan Yang Guang Agricultural Development" компаниялары 2021 жылы Ақмола облысында майлы дақылдарды өңдеу зауытын іске қосады.
Инвестициялық құны 52 млн АҚШ долларын құрайтын зауыттың құрылысы екі кезеңнен тұрады. Құрылыстың бірінші кезеңі 2021 жылы аяқталады.
Ізінше майлы дақылдарды бастапқы өңдеу және тазартылмаған өсімдік майын өндіру ісі қолға алынады. Жобаның екінші кезеңінде майды рафинациялау және бөлшектеп өлшеуге арналған нысан мен инфрақұрылым салынады.
Өндірістік қуаты тәулігіне 1 мың тоннаны құрайтын зауыт жылына 300 мың тонна зығыр, канола, күнбағыс, соя сынды майлы дақыл өңдеп, 120 мың тонна өсімдік майын шығарады. Сонымен қатар 110 мың тоннадан астам рапс, зығыр және күнбағыс күнжарасын өңдіреді. Жоба аясында 165 тұрақты жұмыс орны ашылады.
"Шетелдік инвестормен ынтымақтастық отандық өнімнің сыртқы нарыққа шығуы үшін жаңа мүмкіндік ұсынады. Бұған қоса жаңа технологиямен жұмыс істеу, мамандардың біліктілігін арттыру және ең бастысы қаржыландыру мәселесін шешеді. Инвестор тартуға "KAZAKH INVEST" компаниясы ықпал етті", – деді "Sunshine Agro" БК" ЖШС бас директоры Зинулла Қазиев.
Айта кетейік, өндірілген өнімнің 80%-ы шет елге экспортталады. Негізгі тұтынушы Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран, Ресей мемлекеттері болады.
"Біз ауыл шаруашылығы саласында жоғары технологияларды қолданатын инвесторларды тартуға тырысамыз. Бұл біздің фермерлерге сыртқы және ішкі нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік береді", – деді "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ басқарушы директоры Ұлбосын Сарыбаева.
Жобаны жүзеге асыру аясында майлы дақылдардың егіс көлемі 1,5 есеге, ал дән өндіру көрсеткіші 600 мың тоннаға артады деген болжам бар.
Қанат Махамбет