Ақмола облысында тұтас "ДЮСШ" жоғалып кетті

9727

Білім бөлімдері өз балансындағы мемлекет мүлкін таппай жатыр. 

Ақмола облысында тұтас "ДЮСШ" жоғалып кетті

Елде 2021 жылдан бастап білім беру саласын басқару жүйесі өзгереді. БҒМ-ның байламынша, білім сапасы мен тиімділігін арттыру үшін "білім беруді басқару органдарының жүйесі дұрыс ұйымдастырылуы керек".

Сарапшылар аудандық, қалалық және облыстық білім басқармаларының өзара байланысы нашарлығын, ескіше айтқанда, "облоно" "горононың" не істеп жатқанын білмейтінін, БҒМ-ның сала ісін жүргізу жүйесі кемшіліктерге толы екенін біраздан айтып келеді. Осыған орай билік бұл жүйені өзгерту туралы шешім қабылдады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті заң да қабылданып, күшіне енді.

Бүгінде жергілікті әкімдікке қарайтын аудандық білім беру бөлімдері облыстық деңгейге көшуге дайындалып жатыр. Олардың барлық дүние-мүлкіне кең ауқымды ревизия жүргізілуде. Түгендеу жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Соның барысында біраз қызық пен былық анықталыпты.

"Біз аудандық білім бөлімдерін облыстық деңгейге беру бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Білім бөлімдерінің балансында тұрған бүкіл мүлік қоса тапсырылуда. Алайда табыстау кезінде бірқатар проблемаға жолықтық. Мысалы, 1980 жылдан бері бөлімнің балансында 2 трактор тұр. Олардың қазір қайда екені белгісіз. Бұдан бөлек, бөлімнің иелігінде Сілеті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (ДЮСШ) ғимараты бар болып шықты. Алайда осы объектілер бойынша ешқандай құжат қалмаған! Мүлдем жоқ. Нақтыласақ, тракторлар 90-шы жылдары жоқ болып кетіпті. Ал ДЮСШ ғимараты шынында болмаған деседі. Бұл жағдайда не істейтінімізді білмей отырмыз. Қалай есептен шығаруға болады?" – дейді Ақмола облысының Ақкөл аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айжан Дәукенова.

Әкімдік аудандық ішкі істер департаментіне хат жолдап, өзіне қарасты ауыл шаруашылығы көліктеріне іздеу салды. Полицейлер тракторларды ешкім қуып (угон) әкетпегенін, өздерінің деректер базасында бұл техникалар "ұрланған" ретінде есепте тұрмағанын айтып, жауап хат жазыпты. Сонымен қатар спорт мектебінің ғимараты да ұшты-күйлі жоғалған: ондай нысан еш жерде, ешкімнің иелігінде тіркелмепті. Жылжымайтын мүлікке жауапты барлық уәкілетті органдар өздерінде ондай нысан жоқтығын айтып, жауап жолдаған.   

Яғни, тәуелсіздік жылдарында әлдебір шенеуніктер бұл ғимаратты меншіктеп алып, оған қатысты бүкіл құжатты жойып, жаңа құжаттар рәсімдей қойған. Немесе тізімді толтырған әлдебір қызметкер қателесіп, білім бөлімінің балансына ешқашан болмаған нысанды тіркеп жіберген.

Министрдің реакциясы қандай?

Қаржы министрлігі мемлекет мүлкін бұлайша жоғалту не ұрлау үшін қылмыстық қудалау көзделгенін қадап айтты. Алайда егер құжаттар болмаса, кімнің кінәлі екені табылмаса, еш алаңсыз есептен шығара салуға болатын көрінеді. Айтпақшы, дәл осы схеманы енді барлық білім бөлімдері қолдана алады.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың түсіндіруінше, мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітілген және негізгі активке жататын мемлекеттік мүлікті есептен шығару тәртібі "Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасында" реттелген.

"Физикалық немесе моральдық тозуы салдарынан жарамсыз болған, қалпына келтірілуі экономикалық тұрғыдан орынсыз не мүмкін емес болса, ондай меммүлік жойылуға жатады. Әйткенмен, қағидада жоғалту немесе жоқ болып шығуы салдарынан табылмаған негізгі құралдарды есептен шығару қарастырылмаған", – деді Ерұлан Кенжебекұлы.

Оның айтуынша, Қаржы министрінің 2011 жылғы 22 тамыздағы №423 бұйрығымен бекітілген "Мемлекеттік мекемелерде түгендеу- инвентаризация жүргізу қағидаларына" сәйкес, мемлекет меншігіндегі материалдық құндылықтардың жетіспеушілігі, сондай-ақ мүліктің нормадан артық бүлінгені анықталса, оның құны кінәлі адамдардан өндіріліп алуға тиіс.

"Әйткенмен, егер кінәлі адамдар белгіленбеген болса немесе сот кінәлі адамдардан өндіріп алудан бас тартқан жағдайда жетіспеушілік пен бүлдіруден болған зияндар мемлекеттік мекеменің шығыстарына жатқызылып, есептен шығарылады. Құндылықтардың жетіспеушілігін және табиғи азаюдың нормадан артық бүлінуін есептен шығаруды ресімдеу үшін ұсынылатын құжаттарға құқық қорғау немесе сот органдарының кінәлі адамдардың жоқ екені туралы шешімі немесе уәкілетті мамандандырылған ұйымдардың пайдалануға жарамсыздығы туралы қорытындысы қоса берілуі керек", – деп, бас қаржыгер жоғалған меммүлікті есептен шығара салудың жолы мен жөнін көрсетті.

Әділдік үшін айта кетелік, мемлекетті "мүлкінен айырудың" мұндай тәсілін Е.Жамаубаев емес, кезінде Қаржы министрлігін бақандай алты жыл басқарған Болат Жәмішев өз бұйрығымен бекітіп кетіпті.

БҒМ алған беттен қайтпайды

Осы реформаны бастағанымен, Білім және ғылым министрлігі өз саласында меммүліктердің жоғалуына қатысты мәселелерге араласпай, өзін оқшау ұстауда. Ведомство басшысы тек реформаның қалай жүретінін және неге әкелетінін түсіндірді.

"2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі. Яғни, әрбір мектеп пен балабақшаның мәселелері тек облыстың бақылауында болады. Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам. Мысалы, ауылдағы мектепке жөндеу жұмыстары қажет болса, мектеп директоры аудандық білім бөліміне жүгінеді. Ал аудандық білім бөлімінің басшысы аудан әкіміне емес, бірден облыстық білім басқармасына өтініш жібереді. Айта кетейін, қазір аудандық және қалалық білім бөлімдері, яғни мектептер мен балабақшалар аудан әкіміне қарайды. Сәйкесінше, қаржыландыру мәселесі сол аудан мен қаланың мүмкіндіктеріне, бюджетіне тікелей тәуелді", – деді министр Асхат Аймағамбетов.

Салдарынан, қай аудан мен қала бай болса, сондағы мектептер мен балабақшаларға жақсырақ жағдай жасалатын. Алдағы жылдан бастап, білім мен тәрбие ошақтарының тұрмысы мен оқу сапасын жақсарту облыс әкімінің мойнына артылмақ. 

"Мұндай өзгерістер Білім және ғылым министрлігінен әр мектеп пен балабақшаға дейінгі "жолды" қысқартуға жағдай жасайды. Айталық, бір ғана Қостанай облысында 20-ға жуық аудан мен қала бар. Демек, 20 әкім өз бетінше жұмыс істейді. Білім бөлімдерінің облыстық білім басқармаларына берілуі шешім қабылдау орталығын бірден 20-ға қысқартады. Бастысы, жаңа өзгерістер білім беру ұйымдарындағы жағдайды теңестіруге мүмкіндік береді", – деді БҒМ басшысы.

Ендеше үш мегаполистен басқа, барлық аудан-қалалардағы білім бөлімдерін қысқарту науқаны күтіп тұруы ықтимал. Министрлік халықаралық зерттеу нәтижесіне сүйене отырып, елімізде тіпті бір облыс ішіндегі білім сапасы әртүрлі деген байламға келді.

"Қаржыландыру деңгейі мен басқару тәсілдерінің әртүрлі болуы мектептерді жылыту маусымына дайындау, оқулықтармен, компьютерлермен қамту, жөндеу жұмыстарын жүргізу барысына да теріс әсер етеді. Сол Қостанай облысындағы ірі тауар өндіруші кәсіпорындар шоғырланған Қостанай, Меңдіқара, Әулиекөл аудандарында бюджетке түсім көбірек түседі. Ал өңірдегі Алтынсарин және Қамысты аудандары мұндай көрсеткішпен мақтана алмайды. Салдарынан, қаржыландыруға, жөндеу жұмыстарына, кадрлық мәселелерге қатысты теңсіздіктер орнаған", – деді А.Аймағамбетов.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу