Ақмола облысының әкімі Президент сынына жауап берді

Өңір басшысы статистиканы жасыру дерегін кадр тапшылығымен байланыстырып ақталды. 

Ақмола облысының әкімі Президент сынына жауап берді

Елордада өткен брифингте БАҚ өкілдері Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа статистиканы жасыру дерегіне қатысты сауал қойды. Аймақ басшысы бұл сұраққа алыстан орағытып жауап берді. Сөзін баспасөз мәслихаты бойы айтылмаған эпидахуалдың шынайы статистикасынан бастап, барлық мәселені кадр тапшылығымен байланыстырды. 

"Иә, біз "қызыл аймақтамыз". Қазіргі кезде өңірде 4950 індет жұқтырған адам тіркелді. Күніне олардың саны 65-70 адамға артуда. Меніңше, олар көрші аймақтардағы індет ошақтарынан келгендер. Бұған қоса біз бүгін Көкшетау қаласын жаптық. Онда 7 қарашадан бастап санитарлық бекеттер орнатылды, ал кейін шектеу шараларын күшейттік. Ал фактілерді жасыру бойынша айтар болсам, бұл Президенттің объективті сыны. Шынына келгенде, біздің облыстық санитарлық эпидемиологиялық қызметтің штаты бар болғаны 11 адам. Ал індет таралған кезде олар үлгермей жатты", – деді облыс басшысы. 

Нәтижесінде 100 науқас республикалық статистикаға ілікпей қалған. Мемлекет басшысының сынынан кейін барлық дерек анықталып, олар тізімге енгізілген. 

"Бүгінде статистика дұрыс болуы үшін барлығын жасадық. Сонымен қатар, 27 қарашадан бастап Степногорск қаласын жаптық. Жалпы өңірде өкпені жасанды желдету аппараттарын шығаратын "Тыныс" зауыты бар. Олар бізге 20 құрылғы сыйлады, ал 65 аппаратты өзіміз сатып алдық. Шыны керек, ешкім пандемияға дайын болған жоқ. Наурызда өңірде бар болғаны 125 аппарат болса, қазір олардың саны 3,5 есе артып, 475-ке жетті. Әрине, олардың барлығын бірден пайдаланып отырған жоқпыз, әзірге қажеттілік жоқ", – деді облыс басшысы. 

Еске сала кетсек, 17 қараша күні Мемлекет басшысы Үкімет мүшелері, қалалар мен облыстардың әкімдерімен инфекцияның таралуы жөнінде кеңес өткізген. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев індет жұқтырғандардың барынша нақты есебін алу вируспен күрестің басты талабы екенін айтып, бірқатар аймақ басшыларын сынға алған. Олардың қатарында Ақмола облысы да бар. 

Президент: "Бірқатар облыста коронавирус індетіне қатысты жаңа жағдайларды жасыру деректері анықталды. Әңгіме Шығыс Қазақстан,  Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қостанай және басқа да облыстар жайында болып отыр. Өтірікті шындай сөйлету аса қауіпті құбылыс екенін түсіну керек. Өйткені ол шынайы қауіптің бетін бүркемелейді. Сондай-ақ  бүкіл еліміз бойынша коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес стратегиясына зиянын тигізеді", – деген болатын .

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу