Ақпанда қазақстандықтарға 185 мың теңгеге дейін біржолғы төлем жасалады

58021

Осы арқылы мемлекет ардагерлерге құрметін көрсетеді.

Ақпанда қазақстандықтарға 185 мың теңгеге дейін біржолғы төлем жасалады Фото: canva.com

Еліміздегі түрлі өңірдің әкімдіктері жергілікті мәслихаттардың атауы бірдей шешімдерінің жобасын әзірлеп жатыр.

Құжаттар "Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін шығаруының 35 жылдығына орай мұқтаж азаматтарының санаттарына біржолғы әлеуметтік көмек көрсету туралы" деп аталады.

Ауған соғысы 1979-1989 жылдар аралығын қамтып, он жылға созылды. Кеңес одағы 1989 жылдың 15 ақпанында Ауғанстан аумағынан бүкіл әскерді шығару туралы шешім қабылдады.

Қазақстаннан Ауған соғысына әскерде борышын өтеп жүрген 22 000 солдат аттандырылды. Олардың қаншасы қаза тапқаны бертінге дейін нақты белгісіз болды. Түрлі энциклопедияларда 761-ден 924-ке дейінгі қазақстандық жауынгердің мерт болғаны туралы әр басқа дерек көрсетіліп келеді. 21 адам хабарсыз, із-түзсіз кетті.

Дегенмен, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы ұзақ жыл жүргізген төл зерттеуі барысында қазақстандық, ресейлік мемлекеттік архивтерден Ауған соғысында опат болған тағы 116 қазақ боздағының аты-жөнін, нақты дерегін анықтапты. ҚР Қорғаныс министрлігіне осы тізім өткізілді. Олардың да аттары елордадағы Интернационалист-жауынгерлер ескерткішінде қашап жазылатын болады.

Бүгінде Қазақстанда көзі тірі 16 мыңға жуық Ауған ардагері тұрып жатыр. Ақпан айындағы атаулы датаға орай оларға бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Бұл ретте атауы бірдей болғанымен, мәслихаттар шешімінің мәтіндеріндегі төлем сомасы күрт өзгешеленеді. Мысалы, Ақтөбе қалалық мәслихатының шешімі жобасында: "Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығаруының 35 жылдығына (15 ақпан 2024 жыл)  орай  Ақтөбе қаласында тiркелген және тұрақты тұратын келесі санаттағы азаматтарға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (184 600 теңге) біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілсін" деп жазылған.

Төлем алатын санаттарға:

  • Ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер;
  • Осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;
  • бұрынғы КСРО аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;
  • Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет еткен, жарақат, контузия алған, мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСРО орден-медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
  • жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары, басқалары кірді.

Біржолғы көмек алушылардан өтініш талап етілмейді. "Азаматтарға арналған үкіметтің" филиалдары тізімдеріне сәйкес беріледі.

Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің түсіндіруінше, біржолғы әлеуметтік көмекті 50 АЕК көлемінде төлеуге "Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.Оспановтың төрағалығымен 2023 жылдың 28 желтоқсанында өткен кеңестің хаттамасы негіз болды".

Ал Астана қаласының мәслихаты 4 қаңтарда әзірленген шешімінің жобасында бұдан он есе аз төлем жасауды жоспарлапты.

"Бұрынғы КСРО-ның Ауғанстан аумағынан әскерін шығаруының 35 жылдығына орай Ауғанстанда ұрыс қимылдарына қатысушылар ішінен жеңiлдiктер мен кепiлдiктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестiрiлген, Астана қаласында тiркелген және тұрақты тұратын азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмек көрсетілсін", – делінген құжатта. Бұл 18 460 теңгеге тең.

Павлодар қалалық мәслихаты өз шешімі жобасында бірнеше санаттағы тұрғындарға 100 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетуді ұсынды. Бұл қалада да осы бір рет қана төленетін ақшалай көмекті алатын азаматтардың санаты Ақтөбедегіге ұқсас.

Бірыңғай көмек сомасы біркелкі болады

Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы, Ауған ардагері Бақытбек Смағұл 2023 жылғы желтоқсанда Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына хат жазып, барлық өңірде біржолғы төлем сомасын бірдейлендіруді сұрағанын жеткізді.

Себебі, осыны ардагерлер өтініпті. Әрі аталған Қауымдастықтың бастамасымен Үкімет құрған "Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 35 жыл толуына орай мерекелеуге арналған іс-шараларды дайындау және өткізу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының" 24 қарашада өткен отырысында 35 жылдыққа орай бір реттік төлемақыны республика бойынша біркелкі мөлшерде беру жөнінде мәселе қаралып, құпталған екен.

"Қазіргі кезде әр өңірде 100 мыңнан 300 мың теңге аралығында, әртүрлі төлем мөлшері жобаланып жатыр. Бұл ретте Ұлы Жеңіс күнінде барлық өңірдің ҰОС ардагерлеріне бірыңғай сомада төлем беруге көшкен тәжірибені басшылыққа ала отырып, 35 жылдық атаулы датаға байланысты барлық өңірде барлық Ауған ардагерлеріне бірдей, 300 мың теңгеден бір реттік төлем берілсе деген ұсыныс айтып, Үкімет басшысына жүгіндім. Әркелкі төлем ардагерлерді бөле-жарып, кемсіткендей көрініп, түсінбеушілік туғызуы мүмкін. Ал бірыңғай төлем Әділетті Қазақстандағы кезекті әділдіктің көрінісіне айналады", – деді Бақытбек Смағұл.

Оның мәліметінше, бұл ұсынысты қарай келе, билік барлық өңірде 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде біркелкі "біржолғы әлеуметтік көмек" төлеу жөнінде ұйғарымға келіп отыр. Соған қарағанда, алда бұдан төмен белгілеген жергілікті мәслихаттар тиісті шешімдерінің жобаларына түзетуі енгізуі қажет.

Б.Смағұл тағы бір жаңалықты жеткізді. Ауған ардагерлерінің бәріне атаулы датаға арнап шығарылған арнайы медаль беріледі.

"Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығы мен Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайы "Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл" төсбелгісінің дизайнын әзірледі. Бұл төсбелгі қазіргі көзі тірі барлық Ауған соғысының ардагерлеріне табысталуға тиіс. Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен өткен ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында оның мүшелерінің дауыс беріп, қолдау нәтижесінде біз ұсынған естелік төсбелгісінің эскизі бекітілді. Ол 1 ақпанға дейін Ұлттық банктің Қазақстан теңге сарайынан жасалып шығуы керек", – деді ол.

Атаулы дата ел көлемінде аталып өтеді

Бақытбек Смағұл Үкіметтің тапсырмасымен Қорғаныс министрлігі "Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына арналған іс-шаралар жоспарын" әзірлегенін жеткізді. Оның аясында Қорғаныс ведомствосы мен Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының қолдауымен, бейбітшілікті, Отан қорғауды, ұлттық құндылықтарды, ата-бабадан келе жатқан қазақтың батырлық дәстүрін дәріптейтін республикалық және жергілікті деңгейдегі түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Б.Смағұлдың түсіндіруінше, кез келген қарулы қақтығыстың аяқталған күнін атап өту – әлемде қалыптасқан, бейбіт күнді ұлықтайтын ізгі тәжірибе.

"Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі қазақтар кең тартылған екінші ірі қарулы жанжал – Ауған соғысы. Сондықтан биылғы 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 35 жыл толуын республикалық деңгейге атап өту, боздақтардың рухына тағзым ету жөнінде шешім қабылдады. Қазақстандағы қатары сиреп бара жатқан Ауған ардагерлері үшін бұл – мереке емес, тек қан майданда көз жұмған қыршын жастарды, қаруластарды қамыға еске алатын атаулы күн. Бұл – еліміздің әр аймағына ағылған темір табыттардың тоқтаған күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғасырлар бойы қазақ жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас еткен батыр бабаларымыздың үлгісінде туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау – ер-азаматтардың қасиетті парызы екенін айтты. Отаншылдық, жауынгерлік дәстүрді ұлы мұрадай сақтап, ұрпаққа табыстау – осы шаралардың негізгі мақсаты болады", – деді Б.Смағұл.

Бұл тұрғыдан алғанда жалдамалы емес, жауынгер ретінде Отан алдындағы антына адал болып, қастерлі борышын лайықты атқарған Ауған ардагерлері бүгінде тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштерінің кемеліне келіп, жетілуіне, қорғанысының бекуіне, сондай-ақ экономикамыздың дамып, елдің өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып келеді. Ендеше 15 ақпан күнгі атаулы датада майдандағы өмір мен өлімнің арпалысы да, бейбіт күндегі маңдай тердің тамшысы да бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу