Ақпарат құралдары алаяқ деп көрсеткен адам Үкіметке шағымданды

2155

Көкшетаудағы "маска-шоудың" басқа қыры ашылды.

Ақпарат құралдары алаяқ деп көрсеткен адам Үкіметке шағымданды

Қазақстанда халыққа арналған ең қарапайым қорғаныш құралы – медициналық масканы көп көлемде саудалағандарды аулау науқаны қызу жүріп жатыр. Әр облыста осындай алыпсатардың әшкереленгені туралы құқық қорғау органдары ақпараттарын ақпарат агенттіктері жарыса жариялауда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ондай "қылмыскерлерге" жаза қатайтылды. Бұл – төтенше жағдай талабы. Әйтпесе әдеттегі өмірде есірткі немесе жарылғыш зат болмаса, кез келген тауарды көтерме сатуға еш кедергі жасалмайтын, керісінше кәсіпкерлікті қолдау аясында соған ынталандырылады.

Осындай кезекті "алаяқтың" Көкшетау қаласында ұсталғаны, масканың көлеңкелі көтерме саудасының тағы бір схемасы жойылғаны жөнінде күні кеше ақпарат құралдарында кезекті дерек жария етілді.

Сонда бет-жүзі телеарналардан паш етілген азамат енді Үкімет басшысының бірінші орынбасары-қаржы министрі Әлихан Смайыловқа шағымданып отыр.

Ол шынында да жеке кәсіпкер екен. Көкшетау қаласында жергілікті сауда үйінде бутик жалдап, саудамен айналысқан. Бірақ медициналық бұйымдар сатпайды. Оның әңгімесі құқық қорғау органдары мен БАҚ таратқан мәліметтен өзгеше. Әділдік қос тарап пікіріне құлақ салу нәтижесінде анықталатыны сөзсіз. Осыны ескере отырып, кәсіпкердің де нұсқасын келтіре кетуді жөн көрдік.

Бизнесмен Жандос Сәдуов 17 наурызда көтерме сатушы арқылы туған-туысы және жолдастарына 110 теңгеден медициналық маскаға тапсырыс береді. Сату ойы болмаған. Қалалар арасында қатынайтын такси арқылы тауарын ала сала, 800 бірлігін таратып беріпті. 

"18 наурыз күні кешкі 18:26-да әлдебір адам қоңырау шалды. Оны танымаймын. Ол таныстарынан менің көп көлемде маска алғызғанымды естігенін, сондықтан оны сатып алу үшін тікелей маған жүгініп отырғанын жеткізді. Өзіне шұғыл түрде 10 мың маска керек екенін хабарлап, соған тапсырыс беруімді өтінді. Бұған дейін Алматыдан алғызбақ болыпты, бірақ жеткізбепті. Ал ол істейтін ұйымға маска дереу қажет болуда. Мен маска сатпайтынымды, тек өзім тауар сатып алған көтерме саудагерді білетінімді айттым. Ол іргедегі Нұр-Сұлтан карантинге жабылғалы тұрғанын, сондықтан өзі үшін менің тезірек тапсырыс беруімді қиыла сұрады. Ұзақ жалынғасын амалсыз келістім", – дейді Ж.Сәдуов.

Осыдан кейін ол көтерме саудагерге қоңырау соғып, мән-жайды түсіндіреді. Саудагер масканың жеткілікті көлемі барын, егер толық төлемін аударса кешкі уақыт екеніне қарамастан, бір сағат ішінде Көкшетауға жолдайтынын мәлімдейді.

Өтініш иесінің қаржыны кейін қолма-қол қайтаратынына сеніп, Жандос бар ақшасын жиып және "Каспий банктен" несие рәсімдеп, қаражатты сол мезетте көтерме саудагерге аударады.

"Әлгі адам тоқтаусыз қоңыраулатумен болды, такси қашан әкелетінін нақтылап отырды. Тіпті тапсырыс қолға тигенше ұйықтамайтынын, күтетінін және маскалар қолына тие сала, сол жерде қаржыны табыстайтынын білдірді. Алайда ол құзырлы органның қызметкері болып шықты. Тауарды табыстау және ақшаны алу кезінде ұсталдым. Тергеу департаменті түнгі 04:30-ға дейін қамауда ұстап, тергеді. Маскалар тегіс тәркіленді", – дейді кәсіпкер. 

Ол ертесіне телеарналардан өзін ұстау туралы сюжетті көреді.

"Ақпарат ресурстары менің түрімді көрсетіп, алаяқ құрықталды деп жазып жатты. Одан мені таныған туған-туыс, жора-жолдастарым алаңдады. Абыройым айрандай болды, ар-ұжданым аяққа тапталды. БАҚ-тың хабарлауынша, аталған маскалар 19 наурызда облыстық денсаулық сақтау ұйымына сақтауға тапсырылыпты. Мен Қазақстанда маска сату қылмысқа жатқызылғанын, жаза енгізілгенін білмедім. Ол жайында департамент қызметкерлері кісен салу кезінде баяндады. Мен болсам, әрекетім заңды екеніне сенімді болдым", – деп назаланады кәсіпкер.

Көкшетаудағы дәріханаларда қарапайым хирургиялық маскалардың әр бірлігі 200–300 теңгеге дейінгі бағада сатылады. 

Жандос төтенше жағдай кезінде тіршілігі үшін қажетті қаражатсыз қалған көрінеді. Жалдап тұрып жатқан баспанасы ақысын есепшотынсыз енді қалай төлейтінін, баласын қалай асырайтынын да білмейді. Таныстары қарыз беріпті. Оның сыртында банкте 800 мың теңгедей несиесі бар болып шықты.

Сондықтан ол Үкімет басшылығынан кәсіпкерлерді маска сатқаны үшін жазалаудың қаншалықты заңды екенін анықтап, мәселені әділ шешуді сұрайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу