АҚШ ауғандық аудармашылар үшін қауіпсіз мекенді Орталық Азиядан іздеп жатыр

2989

Пентагон бастаған НАТО әскерімен бірге Ауғанстаннан мыңдаған тілмаш та кеткісі келеді. Себебі Америкаға жұмыс істегені үшін оларды тәліптер өлтіре бастаған. 

АҚШ ауғандық аудармашылар үшін қауіпсіз мекенді Орталық Азиядан іздеп жатыр

АҚШ-тың Ауғанстаннан кетуіне бірнеше күн қалғанда, Байден әкімшілігі Орталық Азия елдерінен Америка Құрама Штаттарына виза күтіп отырған мыңдаған ауғандық аудармашыны өз жеріне уақытша орналастыруды (кейбір мәліметтерге қарағанда – Америкаға виза әзір болғанша) сұрап отыр.

Ақ үй өкілі мен осы мәселені талқылауға қатысқан тағы бір ақпарат көзінің дерегінше, АҚШ үкіметі Тәжікстанмен, Қазақстанмен және Өзбекстанмен 20-жылдық соғыс кезінде америкалық әскерилермен, дипломаттармен жұмыс істеген және Ауғанстанда қауіпсіздік жағдайы жедел нашарлаған шақта тәліптер қаупіне душар болған кейбір ауғандықтарды қабылдау проблемасын қарастырып жатыр, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі.

СNN телекомпаниясының хабарлауынша, Вашингтондағы әкімшіліктің бір мақсаты – арнайы иммиграциялық визаны (SIV) алуға ниетті 18000 ауғандықты бір елге емес, бірнеше мемлекетке тарату.

Нашар жоспар

Қазір басты назар 18000 үміткердің шамамен 9000-на, демек, виза процесінің соңғы сатысында тұрғандарын эвакуациялауға аударылып отыр. Бірақ Ауғанстаннан дереу шығуы керек адамдардың саны 50 000-ға жетуі мүмкін. Өйткені виза алуға өтініш білдіргендердің отбасы мүшелерін де әкету қажет болады.

Сәуірде президент Джо Байден қыркүйектің 11-іне дейін әскерлерді шығару жоспарын жариялаған еді. Алайда арада үш ай өткенде, сол контингентті әкету жұмыстары іс жүзінде аяқталды деуге болады. АҚШ-тың Ауғанстаннан кету жылдамдығына қарап, Вашингтондағы әкімшілік өз өмірлерін қатерге тігіп, америкалықтарға көмектескен ауғандықтарды қорғауды жеткілікті түрде жоспарлады ма деген күдік бар. Бұл алаңдаушылық, әсіресе, "Талибан" елдің кең аумағын бақылауға алған кезде күшейіп отыр.

"Жақсы жаңалық сол әкімшілік шешім табуға тырысып жатыр. Себебі бұл –үлкен проблема. Ауғанстандағы қауіпсіздік жағдайы адамдар күткендегіден әлдеқайда тез нашарлап бара жатқанда, осынау өзекті мәселе дереу реттелуі керек", – дейді Құрама Штаттардың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша бұрынғы директоры Лиза Кертис.

Кертистің сөзінше, "SIV-дің кешеуілдетілуі, жалпы алғанда, америкалықтарға қызмет еткен ауғандықтарды көшіру жоспарының нашар жасалғанын көрсетеді".

300-дей аудармашы өлтірілген

Ауғандық аудармашыларды Орталық Азия елдеріне орналастыру туралы хабарды алғашқы болып Bloomberg агенттігі таратты. Бұл жаңалық АҚШ-тың соңғы жауынгері әйгілі Баграм әуе базасынан жұмада шыққаннан кейін жарияланып отыр. Ал, Мемлекеттік департамент пен Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан елшіліктері ауғандықтарды эвакуациялау мәселесіне қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ

Дегенмен, Ақ үй әкімшілігіндегі шенеуніктер мен президенттің өзі аудармашыларды қамқорлыққа алуға уәде бергенімен, оның егжей-тегжейін әзірге ашып айтпады.

"Біз бұл процесті бастадық. Америкаға қош келдіңіздер демекпіз. Олар да өзгелер тәрізді бізге жәрдемдесемін деп өмірлерін қауіпке тікті",– дейді Байден.

Ауған аудармашыларына SIV визаларын алуға көмектесумен айналысатын "Ешкім де қалмайды" тобының ақпаратына қарағанда, 300-ден астам тәржімашы мен олардың отбасы мүшелерін АҚШ әскерлерімен, дипломаттарымен жұмыс істегені үшін экстремистер өлтіріп те үлгерген.

Мемлекеттік департаменттің өкілі Нед Прайс бейсенбіде мәлімдегендей, әкімшілік SIV-ке өтініш берушілер тобын, сондай-ақ көптеген жылдар бойы Америкаға көмектескені үшін қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін басқа да адамдарды анықтады. Олар және олардың отбасыларында Ауғанстаннан тыс жерге қыркүйекке дейін, яғни, әскер әкетілгенге дейін көшуге мүмкіндік болады. Департамент осы бағытта басқа агенттіктермен жұмыс істеп жатыр екен.

Ақ үй SIV бағдарламасы бойынша АҚШ-пен тығыз жұмыс істеген ауғандықтар үшін визаны жеделдетуге міндеттеме алды. Бірақ Конгрестегі халық қалаулылары әкімшіліктің өз жоспарын қалай орындайтындығы туралы нақты ақпараттың жоқтығына қынжылыс білдіріп отыр.

Орталық Азияға емес, Гуамға

Өзбекстан мен Тәжікстан сыртқы істер министрлері өткен аптада Вашингтонда болып, Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкенмен және қорғаныс министрі Ллойд Остинмен кездесіп, Ауғанстан мәселесін талқылады.

"Осы аптада Америка Құрама Штаттары мен Өзбекстан арасындағы өмірлік қатынастар бойынша көптеген жақсы және маңызды жұмыстар істелді. Аймақтағы қауіпсіздікке, әсіресе, Ауғанстанға қатысты бізде ортақ мүдделер бар",– деді Блинкен бейсенбіде өзбек дипломатиясының жетекшісі Әбдулазиз Камиловпен кездескенде.

Визаға үміткер ауғанстандықтарды аталған үш елге жіберу жоспары туралы Конгресске ақпарат берілмеген, деп хабарлады Конгресстің көмекшілері CNN-ге жұма күні таңертең.

Конгресстегі әскери және сыртқы саясат мәселелерін бақылайтын комитеті Байден әкімшілігінің ауған аудармашыларына көмектесу жоспарлары туралы толық ақпарат бермей отырғанына наразы.

Сенат пен өкілдер палатасы көмекшілерінің сөзінше, оларды эвакуациялау жайлы қандай жоспарлар жасалды, бұл жұмысты жөнді атқармағаны үшін қандай лауазымды тұлғалар айыпталды, ауғандықтар қандай елдерге көшірілуі мүмкін және осы істе Мемлекеттік департаменттің рөлі қандай деген мәселелер толғандырып отыр.

"Ешкім де қалмайды" тобы ауғандық аудармашыларды көшіру түйіткілінің Қазақстанмен, Өзбекстанмен, Тәжікстанмен талқыланып жатқанына қошемет білдірсе, өзге бір ұйымдар Орталық Азияда адам  құқықтары тапталуы мүмкін деген алаңдаушылықпен тілмаштарды Гуам аралына эвакуациялауға шақырып отыр.

"Адаспаңыздар, проблемамызды Қазақстанға, Өзбекстанға, Тәжікстанға шешуге тапсыру – әкімшілік үшін ең нашар таңдау. Бұл – америкалық әскерге бола бастарын өлімге тіккен одақтастар алдындағы жауапкершіліктен жалтару ғана емес, онсызда сан жылдар бойы Құрама Штаттарға қызмет етемін деп қудаланған адамдарды құқықтарының тапталу ықтималдығына итермелеу", –дейді "Ардагерлер америкалық идеалдар үшін" ұйымының директоры Крис Парди.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу