АҚШ азаматтығын алудың "оп-оңай" жолы табылды

1012

Президент Дональд Трамп АҚШ-тың қарызын байлардың есебінен өтеуі мүмкін.

АҚШ азаматтығын алудың "оп-оңай" жолы табылды Фото: rbc.ru

Оның командасы мемлекеттік борышты "жабу" үшін АҚШ-та тұру ықтиярхатын 5 млн долларға сату басталатынын жариялады. 

АҚШ-тың "тұру ықтиярхатын" (ВНЖ) саудалауға кірісетіндерін Дональд Трамптың өзі хабарлады. Артынша ақпаратты нақтылаған Сауда министрі Говард Латниктің айтуынша, бұл жаңашылдық 1990 жылы енгізілген ұқсас бағдарламаны ауыстыратын болады. Министр оны "ескірді, тиімсіз және алаяқтыққа толы" деп бағалады.

Ол сондай-ақ "Алтын карталардың" болашақ қожайындары алдын ала тексеруден өтетінін мәлім етті. Бұл карта оның иесіне артынша АҚШ азаматтығын алуына кең даңғыл ашады.

Басқа да артықшылығы бар. Мысалы, оның иегерлеріне ұшақтарға бірінші болып басымдықты түрде отыруға және жайғасатын орнын өзі таңдауына мүмкіндік беріледі. Американың кез келген штатында отбасымен емен-жарқын тұрып, емін-еркін қозғалады, қалаған жұмыста істей алады.

Заңнама бойынша америкалық азаматтықты алу талаптарын ел парламенті – Конгресс анықтайды. Бірақ Трамп бұл бастамасы конгрессмендердің мақұлдауын талап етпейтінін қадап айтты. Яғни, ол бұған депутаттардың рұқсатын сұрауға ниеті де жоқтығын анық білдірді.

Америка Президенті алтын карталардан түскен табыс Құрама Штаттардың мемлекеттік қарызын "өтеуге" бағытталатынын жеткізді. Дональд Трамп жалпы алғанда америкалық атануға мол мүмкіндік беретін мұндай карталардың миллионын сатуды жоспарлап отыр.

Сонда "Алтын карталар" АҚШ қазынасына 5 триллион доллар түсіреді деп күтілуде. Салыстырғанда, 2025 жылдың қаңтарының қорытындысында Американың жалпы мемлекеттік қарызы 36 триллион доллардан асып кетті.

Сарапшылар Трамптың командасы 10 млн картаны өткізе алса, 50 триллион доллар табыс таба алатынын айтады. Бұл мемборыштан әлдеқайда көп.

Бұл ретте америкалық Президент алтын карта тек байларға ғана емес, асқан дарынды адамдарға да қолжетімді болатынын нықтады. Алпауыт компаниялар оларды өзіне тарту үшін шетелдік майталман мамандарға осындай картаны өзі сатып әпереді.

Жасыратыны жоқ, АҚШ-тың Gold Card-ын сатып алатын шетелдіктер арасында қазақстандық байлардың қатары қарақұрым болары сөзсіз. Мысалы, былтыр ғана Мәжіліс депутаты Марат Башимов бұрынғы билік тұсында өкілеттігін пайдаланып, ұшантеңіз байлық жиғандар бүгінде АҚШ-та, Батыста талтаң басып, тайраңдап жүргеніне құзырлы органдардың назарын аудартқаны мәлім.

Жалпы, Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ХХІ ғасыр басынан бері 5 465 қазақстандық Америкаға көшіп кетті. Оның қаншасы бұл елдің азаматтығын ала алғаны белгісіз. Бірақ олар Қазақстан азаматтығынан шыққан.

Бір қызығы, қазақстандықтар АҚШ-қа бұл жаһандық державаны Республикалық партияның кандидаттары басқарып тұрған тұста көбірек көшкен екен. Мысалы, 2001-2009 жылдары Құрама Штаттарды Джордж кіші-Буш басқарып тұрған тұста 2 339 отандасымыз Америкаға қоныс аудара алды.

2009-2017 жылдары бұл алпауыттың президенттік тізгінін Барак Обама алғанда, "америкалық арманын" жүзеге асыру үшін Атлант мұхитының ар жағына тұрақты тұруға түпкілікті көшкен қазақстандықтардың легі 993 адамға дейін құлдырап кетті.

Республикалық Дональд Трамптың алғашқы каденциясы тұсында, 2017-2021 жылдары, яғни, небәрі 4 жылда АҚШ-ты өзі мен балаларының жаңа Отаны еткен экс-қазақстандықтардың саны 781-ге дейін ұлғайды.

Демократ Джо Байденнің дәуірі (2021-2024 жылдар) де қазақтарға жақты, кем дегенде 851 бұрынғы отандасымыз Америкадан тұрақты орнын тапты. 

Бұған дейін Құрама Штаттарға қоныс аударушы қазақстандықтардың саны сонша көп болмайтын:

  • 2010 жылы – 130;       
  • 2011 жылы – 123;
  • 2012 жылы – 72;
  • 2013 жылы –108;
  • 2014 жылы – 167;
  • 2015 жылы – 201;
  • 2016 жылы – 192;
  • 2017 жылы – 184;
  • 2018 жылы – 232;
  • 2019 жылы – 190;
  • 2020 жылы – 175;
  • 2021 жылы – 276 экс-отандасымыз Америкаға тұрақты тұруға аттанды.

Бәлкім, Дональд Трамптың "Алтын карта" бағдарламасы іске қосылған соң, АҚШ-қа тамырын терең жайып, жерсініп қалатын қазақтар саны күрт артуы ықтимал. Оны өмір мен статистика көрсетеді.

"France 24" телеарнасының Вашингтондағы шолушысы Фрейзер Джексон жаңа бағдарлама америкалық истеблишментті шок қылғанын хабарлады.

"Элизабет Уоррен, Берни Сандерс сияқты америкалық беделді саясаткерлер алдында ғана Трамп тұсында Америкада олигархияның гүлденетінін, үстемдік пен салтанат құратынын айтып, алаңдаушылық білдірген еді. Ол аз болғандай, енді Трамп жатжұрттық олигархтарға сауын айтып, алтын карта тарататынын жариялап, әлемнің әр түкпірінен Америкаға жинауы элитаны естен тандырып тұр. Құрама Штаттардың қазіргі Президентінің айтуынша, бұл карталар дүниежүзінің әр еліндегі ауқатты адамдарды Америкаға жинауға мүмкіндік береді, олар өз кезегінде америкалықтар үшін жұмыс орындарын құрады", – деп түсіндірді бұл бастаманың мәнісін Фрейзер Джексон.

Өйткені сайлауалды науқаны кезінде Трамп америкалықтарды жаңа жұмыс орындарының "астында қалдыруға" уәде еткен.

Ақ үйдегі Сопақ кабинетте сұхбат берген Президенттен журналистер: "Ресейлік олигархтарға да алтын карта сатып, таратуға дайынсыз ба?" деп сұрады.

"Құқықтық тұрғыдан алғанда бұл әбден заңды. Ия, ол да мүмкін! Мен бірнеше ресейлік олигархты білемін, бәрі өте әдемі адамдар. Шетелдіктер бай және табысты, олар бізде көп ақшасын жұмсайды. Көп салық төлейді және көп адамды жұмысқа алады. Біздің ойымызша, бұл бағдарлама төтенше табысты болады", – деп жауап қатты Трамп.

Алтын карта өз иегеріне бірқатар артықшылықтар береді, оның АҚШ резиденті статусын кепілдендіреді және Америка азаматтығын алуына жол ашады. Мұндай картасы барлар тіпті жергілікті сайлауларға қатысып, дауыс бере алады екен.  

"Трамп бұл бастаманың экономика үшін оң тұстарына әдейі екпін түсірді. Сонымен қатар, ол "Алтын картаны" алудан тіпті Ресейдің олигархтары да үміттене алатынын мәлімдеді. Оның қарсыластары болашақта осы сөзін еске түсіріп, бетіне басуы мүмкін, өйткені "oligarch" ұғымы Америкада да теріс мағынаға ие және жеккөрінішпен айтылады. Президенттің мәліметінше, бұл бағдарлама шамамен 2 аптадан кейін қолданысқа енгізіледі", – деді "France 24".

Шетелдіктерге арналған "грин-кард" сыртында Құрама Штаттарда инвестор иммигранттарға арналған жеке виза беру бағдарламасы қазіргі кезде де бар. Ол "EB-5" аталады. Оны Президент емес, АҚШ Конгресі шетелдік инвестицияларды молынан тарту үшін 1990 жылы енгізді. Оны алу үшін шет мемлекеттің азаматы Америкада ең кемі 10 қызметкері бар компанияға 1 миллион доллардай қаржысын салуы қажет.

АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің иммиграциялық статистикасының соңғы есебіне сәйкес, 2022 жылы шамамен 8 мың адам осындай инвестициялық виза алыпты. Мұндай қарқын сақталса, Трамптың миллион адамға алтын карта сату жоспары бұл ғасырда орындалмайды. Соған қарағанда, Трамп мырза шынымен де шүлен таратқандай, ақша ұсынғанның бәріне картасын оңды-солды сатуға белді бекем буса керек.

2021 жылы Конгресс инвествизаны алушыларды мұқият тексеру қажеттігін, өйткені EB-5 визасын беру айналасында алаяқтық бой көрсете бастағанын жария етті. Құзырлы органдарға виза иегерлерін оны қаншалықты заңды алғанын тексеру міндеті қойылды.

Трамп бұл ескі визалық бағдарламаны алғашқы президенттік мерзімі кезінде сынады. Сонда ол аталған бағдарлама бойынша талап етілетін инвестициялық жарна көлемін 1 миллионнан 1,8 миллион долларға дейін көтеруді ұсынған еді. Бірақ ол жоспарын сол бойы іске асырмады.

Енді оның орнын "Алтын карталар" жүйесі басады және мұнда жарна көлемі 5 есе көп болады.

Дегенмен, бұл "Доннидің" (Трамптың лақап аты) ойлап тапқан инновациясы емес. Henley&Partners консалтинг фирмасының мәліметінше, ауқатты адамдарға ерекше мәртебе беретін алтын визалар ұсыну әлемде 100-ден астам елде қарастырылған. Ұқсас бағдарламалар Испанияда, Португалияда, Мальтада, Канадада, Ұлыбританияда және басқа да елдерде бар.

Олардың аясында Трамптың бағдарламасы тек бағасының межесі тым шырқау биіктерге дейін көтерілуімен ерекшеленеді.

Мысалы, Қазақстан ұқсас картаны тегін таратады. Бірақ оны өзге елдерде тұратын бай қазақтар мен тапшы мамандық иесі саналатын талантты қазақтар ғана ала алады. Бұған қызығушылық төмен көрінеді.

"Этникалық қазақтарға – басқа елдердің азаматтарына Қазақстанда 10 жыл өмір сүруге және жұмыс істеуге құқық беретін "Ата жолы" картасы күні бүгінге дейін 65 адамға берілді. Тарата айтқанда, соның ішінде елімізде өз ісін дамытуға дайын бизнес-иммигранттар 27 карта алды. Ал, сұранысқа ие мамандар осындай 38 картаның иегері атанды", – деп хабарлады осы аптада, 24 ақпанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

"Алтын виза" Ресейде 2023 жылғы қаңтарда енгізілді. Оларда да сұраныс төмен. РФ Экономикалық даму министрлігінің хабарлауынша, 2 жыл ішінде негізінен "достық пиғылдағы елдерден", 14 мемлекеттен 40 инвестор ғана ресейлік алтын визаны алуға құлық танытыпты. Бірақ олардың РФ құзырлы органдары тексере келе, тек 23 адамға ғана беруге рұқсат етті. Бұл адамдар Ресейге 2,5 млрд рубльдей қаржы әкеліпті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу