АҚШ банктерінің банкроттығы: мұнай арзандап, теңге құлдырай бастады

Еліміздің ақша айырбастау орындарында доллар 469 теңгеден сатылуда. 

АҚШ банктерінің банкроттығы: мұнай арзандап, теңге құлдырай бастады

Өткен апта доллар бағымы 434 теңгеге дейін түсіп, сарапшылар ұлттық валютамыздың нығаю себебін анықтаумен болды. Алайда бұл жағымды динамика ұзаққа созылмады, деп хабарлайды inbusiness.kz

Осы аптаны теңге құлдыраумен бастады. Ал соңғы күндері доллар бағамы күрт өсіп, 15 наурыз айырбастау орындарында 470 теңгеден сатыла бастады. 

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) саудада теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы сейсенбімен салыстырғанда 1,4%-ға (6,57 теңгеге) төмендеп, 1 долларға 464,79 теңгені құрады.  

Бұл 2022 жылдың желтоқсанынан бері ең жоғары көрсеткіш. 
Ал Ұлттық банк белгілеген доллардың ресми бағамы 458,22 теңге.

Kurs.kz мәліметтеріне сүйенсек, Астанадағы ақша айырбастау орындарында бір долларды сатып алу орта есеппен 466 теңге болса, сату 468-469 теңгені құрады. Алматының ақша айырбастау пункттерінде жағдай ұқсас. Түскі саудадан кейін көрсеткіш бұдан асып түсіп, 470 теңгеге жетті. 

Доллармен қоса еуро да қымбаттауда. Бүгінде ақша айырбастау орындарында еуропалық валюта сатып алу 505 теңгеге жетті. Қазақстанда басқа шетел валюталарымен қоса рубль де қымбаттап барады. Қазірдің өзінде "қызыл ақша" 6,2 теңгеден сатылуда.

Қаржы сарапшысы Андрей Чеботарёв айырбас бағамының мұндай ауытқуы немесе шамадан тыс жоғары құбылмалылығы бірнеше проблемаларды тудыруы мүмкін деген пікір білдірді. 

"Бұл – өте жағымсыз құбылыс. Салдарынан инфляцияға қысым артып, тұтыну бағасының өсуіне алып келуі мүмкін", – деп атап өтті маман. 

Сарапшылар дамушы елдер валюталарының құлдырауын мұнай бағасының арзандауымен байланыстыруда. 
Еске сала кетсек, әлемдік "қара алтын" бағасы шамамен 5% төмендеді. Оның ішінде Brent маркасының бағасы былтырғы желтоқсанның 12-інен бері алғаш рет баррелі 77 доллардан да түсіп кетті. 

Мәселен, Лондондағы ICE Futures биржасында мамыр айындағы Brent мұнай фьючерстерінің құны 4,7% төмендеп, барреліне 76,98 долларға жетті. 

Нью-Йорк тауар биржасындағы сәуір айында жеткізілетін WTI маркасының бағасы 5,3%, яғни барреліне 70,86 долларға дейін арзандады. 

Ал мұнай АҚШ-тағы екі инвестбанктің банкрот болуы аясында арзандап жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу