АҚШ Илон Масктың жасанды интеллект жүйесін Иранға шабуыл кезінде қолданған

199

ЖИ әскери мақсатта пайдаланылған. 

АҚШ Илон Масктың жасанды интеллект жүйесін Иранға шабуыл кезінде қолданған Фото: kcet.com

АҚШ әскері Иранға қарсы әскери операция барысында Илон Масктың xAI компаниясы әзірлеген Grok жасанды интеллект жүйесін пайдаланған. Бұл туралы АҚШ үкіметі сот процесі кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап. 

Үкіметтің бұл мәлімдемесі xAI компаниясына қарсы қозғалған экологиялық талап-арызға байланысты жасалған. Әділет министрлігінің ұстанымына сәйкес, Теннесси штатында орналасқан xAI деректер орталығындағы газ турбиналарына қатысты сот ісі АҚШ-тың ұлттық, экономикалық және энергетикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені бұл инфрақұрылым АҚШ әскері қолданатын жасанды интеллект жүйелерін қамтамасыз етеді.

Сотта Пентагонның жасанды интеллект жөніндегі өкілі Кэмерон Стэнлидің сөздері мысалға ретінде айтылды. Оның сөзінше, Grok негізінде әзірленген Grok Gov Model жүйесі әскери мақсатта нысаналарды анықтау үшін қолданылған. Стэнлидің мәліметінше, осы жүйенің көмегімен Иранға қарсы шабуыл барысында 96 сағат ішінде 2000-нан астам оқ-дәрі 2 мың түрлі нысанаға бағытталған. Ол мұны әскери тиімділіктің айтарлықтай артуы деп бағалап отыр. Десек те, Пентагон өкілі операцияларда басқа жасанды интеллект бағларламаларының қолданылғанына қатысты нақты ақпарат бермеген.

Бұл іс xAI компаниясының Мемфис маңындағы Colossus 2 суперкомпьютеріне қызмет көрсететін газ турбиналарына қатысты. Адам құқықтарын қорғаушы NAACP ұйымы компанияны ондаған газ турбинасын тиісті рұқсатсыз пайдаланып, қолданыстағы заңды бұзды деп айыптап отыр. Ұйымның пікірінше, бұл нысандар негізінен қара нәсілді тұрғындар тұратын аудандардағы ауаның ластануын күшейтіп отыр. Ал xAI компаниясы бұл турбиналарды уақытша және мобильді қондырғылар деп атап, олар үшін қосымша рұқсат талап етілмейді деп есептейді. 

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымы Пентагонның Иранға қарсы операцияларда америкалық Anthropic компаниясының Claude жасанды интеллект платформасын да қолданғанын хабарлаған болатын. Бұл жүйе барлау деректерін талдауға пайдаланылғанымен, қару-жарақ жүйелерін басқармаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу