АҚШ Иранға қайтадан шабуыл жасады

197

Тараптардың өз уәжі бар.  

АҚШ Иранға қайтадан шабуыл жасады Фото: dw.com

АҚШ әскері Иран аумағындағы бірқатар нысанға қайтадан әуе соққысын жасады. Тиісті ақпаратты АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.

CENTCOM мәліметінше, бір күн бұрын америкалық әскери күштерге жасалған зымыран шабуылына байланысты қарымта жауап берілген. Соққы барысында Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) әскери басқару орталықтары, зымыран кешендері, ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты нысандар және жағалау күзетінің инфрақұрылымын қоса алғанда, ондаған әскери нысанға соққы берілген.

АҚШ операцияның негізгі мақсаты Ираннан келетін қауіп-қатерді азайту деп түсіндірді. Сонымен қатар америкалық әскери бөлімдерді, Парсы шығанағындағы коммерциялық кеме қатынасын және аймақтағы серіктес елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де басым міндеттер ретінде аталды. 28 шілде күні Иран ел аумағынан Таяу Шығыстағы америкалық әскери нысандарға бірнеше баллистикалық зымыран ұшырған. Алайда олардың барлығы әуе қорғаныс жүйелері арқылы атып түсірілгені белгілі болды. Бүгінде Таяу Шығыста 50 мыңнан астам америкалық әскери бар.

12–24 шілде аралығында АҚШ Ирандағы әскери нысандарға түнгі уақытта бірнеше рет әуе соққыларын жасаған болатын. Вашингтон бұл әрекеттерді Ормуз бұғазындағы халықаралық кеме қатынасына төнген қауіптің алдын алу шарасы екенін алға тартты. Бұл ретте Иран көрші мемлекеттердің аумағындағы америкалық әскери базаларды нысанаға алғанын мәлімдеген.

24–28 шілде аралығында тараптар өзара шабуылдарын уақытша тоқтатты. The New York Times басылымының жазуынша, 24 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен кеңес өткізіп, Иранға қарсы жаңа ауқымды әскери операцияны кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу