Осылайша, ақыры Америка Құрама Штаттары Иранға қарсы әскери операция жүргізу үшін Таяу Шығыстағы авиабазалар мен Еуропаға 150 әкери ұшақ жіберіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Басылымның жазуынша, АҚШ әскері 2003 жылғы Ирактағы соғыстан кейінгі өңірге осыншама ауқымдағы көп әскер жібермеген. Әскери белсенділік Дональд Трамптың Иранмен ядролық бағдарламаны шектеу жөнінде келісімге қол қойылмаған соң күшейді. Өйткені, Америка президенті соққы жасау мүмкіндігін меңзеп мәлімдеме жасаған еді. Тегеран өкілдері келісімге келу ықтимал екенін ескертсе де, "бұл үшін уақыт қажет" деп ашық айтты.
Сарапшылар қазіргі күштер ауқымы 2025 жылдың маусымында Иранның ядролық нысандарына жасалған америкалық соққылар алдындағы дайындықтан да ауқымды екенін жеткізді. Бұл бірнеше күнге созылуы мүмкін әскери науқанның сценарийін қарастырылып отырғанын аңғартады.
Басылым сондай-ақ ондаған қосымша ұшақ USS Gerald R. Ford ұшақ тасымалдаушы кемесінің бортында екенін жазған. Кеме 23 ақпан күні Крит аралындағы базаға кірген. Бұл – Таяу Шығысқа жіберілген екінші америкалық ұшақ тасушы кеме. Осылайша, қазір АҚШ-тың қолданыстағы әскери-теңіз кемелерінің шамамен үштен бірі осы өңірге шоғырланып үлгерді.
АҚШ Қорғаныс министрінің Таяу Шығыс жөніндегі бұрынғы орынбасары, қазіргі Вашингтон институты зерттеу директоры Дана Строул басылымға арнайы пікір білдірді. Оның сөзінше, шоғырланған әскери күштің ауқымы әскерилердің Трамптың кез келген шешімін жүзеге асыруға дайын екенін аңғартса керек-ті.