22 маусымға қараған түні АҚШ Иранның маңызды ядролық нысандарына шабуыл жасады. Вашингтон Тегеранның ядролық бағдарламасын жойды. Бұл туралы АҚШ-тың Қорғаныс министрі Пит Хегсет мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты РБК агенттігіне сілтеме жасап.
Пентагон АҚШ-тың "Midnight Hammer" атты операциясын "аса күрделі миссия" деп атады.
Пит Хегсет баспасөз конференциясында шабуылға қатысқан B-2 бомбалаушы ұшақтарының ұшу бағытын көрсеткен картаны жариялады. Олар АҚШ-тың құрлық бөлігінде орналасқан Whiteman әскери базасынан ұшқан.
Операцияға ұшақтардың екі тобы қатысқан: біреуі Тынық мұхитына қарай ұшса, екіншісі шығысқа қарай бағыт алған. Ұшу уақыты 18 сағатқа созылған. Пентагонның хабарлауынша, шабуылға жалпы саны 125 әуе кемесі қатысқан.
Бұдан басқа құпия операцияға Үнді мұхитында орналасқан АҚШ әскери теңіз флотының әскери кемелері қатысқан. Олар Исфахандағы жерүсті инфрақұрылым нысандарын көздеген.
Бомбалаушы ұшақтар жалпы саны 14 бомба тастады. Олардың ішінде әрқайсысының салмағы шамамен 13 тонна болатын екі Massive Ordnance Penetrator бомбасы бар. Бұл бомбалар Ирандағы Фордо мен Натанз қалаларындағы ядролық нысандарға тасталған.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің сөзінше, Вашингтон Тегеранмен емес, оның ядролық бағдарламасымен соғысып жатыр.