АҚШ Израильден Сириядағы жағдайды ушықтырмауды сұрады

318

Қақтығыс барысында барлық тараптан 350 адам көз жұмған. 

АҚШ Израильден Сириядағы жағдайды ушықтырмауды сұрады Фото: Ведомости

АҚШ Сириядағы друздар қауымына қатысты қақтығысты реттеу бойынша келісім жасалғанын хабарлады. Сондай-ақ друздарды қорғауға араласқан Израильді шегінуге шақырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Euronews жазуынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сириядағы қақтығысқа қатысып жатқан тараптар ахуалды бәсеңдету үшін нақты қадамдар жасауға келіскенін мәлімдеді. Айтуынша, бұл шаралар жақын арада іске асуы мүмкін. Алайда, олардың неден тұратынын нақтыламады.

Axios өз дереккөздеріне сілтеме жасап, АҚШ-тың Сирия бойынша арнайы өкілінің Израиль премьер-министрі Нетаньяху кеңсесімен осы жағдайды талқылағанын жазды. Келіссөз барысында америкалық тарап Израильді кері шегінуге шақырған.

Израильдің Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Дамаск маңында және Сирияның оңтүстігінде әуе шабуылын жасады. Бұл Сирияның Эс-Сувейда провинциясында билік күштерін қолдаған бәдәуилер мен друздар арасындағы қақтығыс аясында болып отыр.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Сирия билігі друз қауымын жайына қалдырмаса, ауыр зардаптарға ұшырайтынын ескертті. Израиль Сыртқы істер министрлігі соңғы алты айда Сирияда аз ұлттарға қарсы зорлық-зомбылық күшейгенін атап өтті. Оның ішінде алавиттерге жасалған жаппай қырғындар мен күрдтерге қарсы үнемі жасалатын қудалау әрекеттері бар екені айтылды.

Израиль армиясы осы жағдайға байланысты Сириямен шекарада әскери күштерді күшейттік деп отыр. Сирияның уақытша президенті Ахмад әл-Шараа Израильдің әрекеттерін айыптады. 

Ал Сириядағы Адам құқықтарын бақылау орталығы (SOHR) Эс-Сувейдадағы толқуларды басу кезінде бейбіт тұрғындарға қарсы жаппай күш қолданылғанын айтып, Сирия билігін айыптады. Ұйымның дерегінше, қақтығыс барысында барлық тараптан 350 адам көз жұмған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу