2017 жылы АҚШ билігі қазақстандықтардың "В" түріндегі (іскерлік және туристік сапарларға қажетті құжат) виза алуға берген өтініштерінің 32,81%-на мөр баспай қойды. АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің былтырғы статистикалық деректерімен салыстырсақ, биыл бұл көрсеткіш 5,26%-ға артқан. Ал 10 жыл ішінде өтініштерді қабыл алмау пайызы екі жарым есеге ұлғайған. 2007 жылы әрбір оныншы қазақстандықтың (12,2%) өтінішіне теріс жауап келген.
2007 жылғы Ресейдің көрсеткіші де осы деңгейде. Бұдан 10 жыл бұрын Штаттар ресейліктердің виза алуға берген өтінішінің 12,4%-ын мақұлдамаған. Алайда Қазақстанмен салыстырғанда одан кейінгі жылдары АҚШ билігінің РФ азаматтарына деген сенімі артқан. Қазір АҚШ-қа аяқ басуға ниетті ресейліктердің 11,61%-ның виза алуға берген өтініші кері қайтарылады екен.
ТМД-ның өзге елдерімен салыстырғанда, соңғы он жылда Қазақстан азаматтарына АҚШ-қа виза беру барысында үлкен мәселе туындамаған. Соңғы төрт жылда (2010-2013 жылдары) Қазақстан Достастық елдерінің (Грузияны қосқанда) 12 мемлекеті ішінде көш бастап тұрды. Биыл Америкаға виза алу көрсеткіші бойынша Ресей (11,61% бас тартқан), Беларусь (21,69% бас тартқан) және Әзербайжан (27,63% бас тартқан) мақтанатын жағдайға жеткен. Ал Қырғызстан (55,58%) мен Грузия (61,09%) АҚШ-қа виза алу көрсеткіші бойынша көш соңынан көрінген.
Тұтас әлем тұрғысынан салыстырар болсақ, Америка Андорра, Лихтенштейн, Монако және Сан-Марино елдерінің туристерін құшақ жая қарсы алады екен. Аталған елдердің бірде-бір өтініші кері қайтарылған емес. Ал 2017 жылы Батыс Сахара және Микронезия Федеративтік Штаттарының тұрғындарына керісінше бірде-бір виза берілмеген. Қазақстан виза беруден бас тарту пайызы бойынша 200 мемлекеттің ішінде Ливан Республикасы (31,75%-ы қабылданбаған) мен Тонго Королдігінің (32,85%) ортасында орналасқан.
Ашық дереккөздердің мәліметтеріне сүйенсек, 2017 жылы АҚШ-қа "В" түріндегі визадан бас тартудың негізгі себебі иммиграция және ұлт туралы заңның (The Immigration and Nationality Act) 214(b) бабы болып табылады. АҚШ-тың иммиграциялық заңнамаларына сәйкес, иммиграциялық емес визаға өтініш берушілердің барлығы консулдық мекеменің қызметкерін таңдалған санаттағы визаны алуға құқылы екенін сендіруге тиіс. 214(b) бап бойынша визадан бас тартудың себебі былайша түсіндіріледі: өтініш беруші өзінің жоспарлаған қызметі АҚШ-та иммиграциялық заңнамамен бекітілген иммиграциялық емес санаттардың біріне сәйкес келетіндігін дәлелдей алмады немесе өтініш беруші талапқа сай болмай шықты. Қысқасы, әңгімелеу барысында Штаттарда уақытша болып, кейін өз Отанына қайтып оралатындығын дәлелдей алмайтын туристерге көп жағдайда виза берілмейді.
Еркебұлан Қыздарбек, Элина Гриншейн