АҚШ Қазақстанда ірі ет комбинатын салуды көздейді

2914

АҚШ-тың ең ірі компанияларының бірі Tyson Foods, Inc. Қытай мен АҚШ-тың сауда соғысын Қазақстан арқылы "айналып" өтпек.

АҚШ Қазақстанда ірі ет комбинатын салуды көздейді

АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы әлемдік БАҚ-тың басты тақырыбына айналды. Олардың бір-біріне "қарымта оғы" толастар емес. Financial Times басылымы америкадағы тамақ өнеркәсібі саласының алпауыты Tyson Foods, Inc. трансұлттық корпорациясының бұл соғыстан сытылып шығудың жолын іздеп жатқанын жазады.

Сәуірдің басында аталмыш компания өкілдері елімізге келіп, АШМ басшысы Сапархан Омаровпен кездесуінде елдің ет саласын дамыту бағдарламасымен, қазақстандық ет өнімдерін сыртқы нарықтарға жеткізу жоспарларымен танысып, дәстүрлі нарықтары туралы біліп қайтқан. Сондай-ақ Қазақстанның Халықаралық эпизотиялық бюродан мал ауруынан ресми таза аймақ дәрежесін алуына мән берген-ді. 

Осы сапарынан соң АҚШ-тағы ірі ет өндірушінің Қазақстанға миллиардтаған инвестиция құюға келіссөз жүргізіп жатқаны туралы шетелдік БАҚ-та хабар тараған. Financial Times жазуынша, Tyson Foods Орта Азияда сиыр етін өңдейтін зауыт салмақ.

Компания осылайша америкалық ауылшаруашылық тауарларға қойылған жоғары тарифтен сытылып, Қытай енгізген импорттық бажды айналып өтпек.

Басылым Қазақстандағы зауытқа алғашқы инвестиция көлемі 200 млн доллар болуы, одан әрі тіпті бірнеше миллиардқа жетуі мүмкін екендігін жазады, себебі Tyson Foods еттің жылдық жобалық қауатын 5 млн тоннаға жеткізуге ниетті.

Дегенмен компанияның Reuters-ке берген ақпаратына сүйенсек, Tyson Foods, Inc. Қазақстанға қатысты әлі нақты шешім шығармаған.

"Біз Қазақстанда болып қайттық, бұл елде азық-түлік өнімдерін өндіруге қызығушылық бар, бірақ әзірге бекітілген нақты жоспар жоқ", – дейді Tyson Foods, Inc. өкілі.

Статистикаға сүйенсек, өткен жылы АҚШ-тан тартылған тікелей инвестиция 5,3 млрд долларға жетіпті. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 44,7 пайызға көп. Жалпы 2005 жылдан бері АҚШ-тан Қазақстанға 40 млрд долларға тікелей инвестиция тартылған.

Бүгінде елімізде америкалық капиталы бар 524 компания жұмыс істейді. Олардың 141-і бірлесе ашылған. 41 компания тауар өндірсе, 37 компания өз өнімдерін басқа елдерде экспорттауда.

Өткен жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 2,2 млрд астам долларды құрағанын еске саламыз. Қазақстаннан АҚШ-қа бағытталған экспорттың көрсеткіші 956 млн долларға жетті, ал АҚШ-тан Қазақстанға бағытталған импорт 1,2 млрд долларды құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу