АҚШ Конгресі 2026 қаржы жылына арналған қорғаныс бюджеті туралы заң жобасын қабылдады. Құжатта әскери шығындарға рекордтық 901 миллиард доллар жұмсалады деп көрсетілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Ұлттық қорғаныс туралы заңды 77 сенатор қолдаса, 20-сы қарсы дауыс берген. Өкілдер палатасы бұл заң жобасын өткен аптада мақұлдаған болатын. Енді АҚШ президенті Дональд Трамп құжатқа қол қоюы тиіс.
Заңда әскери қызметшілердің жалақысын 3,8%-ға көтеру, әскери техника сатып алуды көздейтін нормалар бар. Сонымен қатар құжатта Еуропадағы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ережелер де қамтылған. Жалпы алғанда, АҚШ-тың қорғаныс бюджетінде қарастырылған 901 миллиард доллар болатын сома президенттің осы мақсаттарға сұраған қаражатынан асып түскен.
Себебі Ақ үй басшысы Конгресстен келесі жылғы әскери шығындарға 892,6 миллиард доллар бөлуді сұраған. Ал Сенат бастапқыда бұл соманы 925 миллиард долларға жеткізуді ұсынды. Өкілдер палатасы Трамп айтқан қаражат көлемі шегінде сақтады.
Заңда Киевті қолдауға қатысты тармақтар да бар. Оған сәйкес, Украинаның қауіпсіздігін қолдау бастамасы аясында 800 миллион доллар бөлінбек. Бұл қаражат алдағы екі жыл ішінде 400 миллион доллардан бағытталып отырады. Бұл ақша АҚШ компаниялары арқылы Украинаның қарулы күштеріне қару-жарақ сатып алуға жіберіледі. Бұдан басқа Эстония, Латвия және Литва секілді Балтық елдерінің қорғанысын күшейтуге 175 миллион доллар бөлу көзделіп отыр.
2025 қаржы жылында АҚШ-тың әскери бюджеті 884 миллиард доллар болған.