АҚШ құрамасы қысқы Олимпиадада 233 спортшымен өнер көрсетпек

173

Қысқы Олимпиада ойындарының ресми басталуына 1 күн қалды. 

АҚШ құрамасы қысқы Олимпиадада 233 спортшымен өнер көрсетпек Фото: sport-express.ru

АҚШ құрамасы Олимпиадада 233 спортшымен өнер көрсетеді: 118 ер және 115 әйел. Америкалық команда дәстүрлі түрде ең көп құраммен келеді. Себебі олар спорттың барлық 16 түрінен қатысады. 

АҚШ ерлер және әйелдер хоккейінен (48), мәнерлеп сырғанаудан (16) толық лицензияға ие. Сондай-ақ, шаңғы жарысында (16), биатлонда (8), тау шаңғысында (17), фристайлда (32) және сноубордта (25) спортшылар саны көп. 

Қысқы Олимпиада ойындарына Өзбекстан мен Қырғызстаннан 2 спортшыдан қатысады. Жылдың ең беделді жарыстарының біріне Өзбекстан спортшылары 4 жолдама жеңіп алды. Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Олимпиада лицензияларын мәнерлеп сырғанаудан Дмитрий Чигирёв пен Екатерина Гейниш, тау шаңғысынан слалом және алып слалом дисциплиналары бойынша Медет Назаров, ал шорт-тректен 500 метр қашықтықта Даниил Ейбог иеленді.

Алайда жарақатына байланысты Дмитрий Чигирёв жарыс басталғанға дейін қалпына келе алмады. Осыған орай Өзбекстан өкілдері Олимпиадада тау шаңғысы спорты мен шорт-трек түрлерінде ғана өнер көрсетеді. 

XXV қысқы Олимпиада ойындарында Қырғызстан атынан 2 спортшы қатысады: Тимур Шакиров (тау шаңғысы) және Артур Сапарбеков (шаңғы жарысы). 

Қысқы Олимпиада ойындары әлдеқашан тек солтүстік елдерге арналған жарыс болудан қалды. Әр цикл сайын қатысушы елдердің географиясы кеңейіп келеді. Ал 2026 жыл бірнеше тарихи оқиға орын алмақ. Соның бірі Олимпиадаға алғаш рет қатысатын 3 жаңа ел: Біріккен Араб Әмірліктері, Гвинея-Бисау және Бенин.

БАӘ немесе Гвинея-Бисау сынды елдердің қатысуы Олимпиаданың философиясын өзгертеді. Бұл қысқы спорттың әлем бойынша қолжетімді әрі танымал бола түскенін дәлелдейді.

Италиядағы Олимпиадада әлемнің 95 елінен шамамен 3500 спортшы қысқы спорттың 16 түрі бойынша бақ сынап, 116 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Ал, Қазақстан намысын ақ Олимпиадада барлығы 36, оның ішінде 18 ер, 18 әйел спортшы қорғайды. Олар 10 спорт түрінен жарыс жолына шығады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу