АҚШ-Қытай келіссөздері нәтижесіз аяқталды

5536

Трамп Қытайдың жүздеген миллиард долларлық тауарына тарифті тағы да көтеріп, сауда соғысын тіпті қыздырды.

АҚШ-Қытай келіссөздері нәтижесіз аяқталды

Жұма күні АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөздері нәтижесіз аяқталды. Қос тарап келесімге келе алмады. Одан бірнеше сағат бұрын президент Дональд Трамп Қытайдан импортталатын 200 миллиард доллардың тауарларына тарифті екі еседен артық көтергенін жариялады.

Трамп кейін "Твиттер" арқылы мәлімдеме жасап, әлемнің ең ірі екі экономикасына пәтуа үшін асығудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Содан кейін Құрама Штаттар президенті болашақ келіссөздердің нәтижесіне қарай тарифтерді "не алып тастайтынын, не сақтайтынын" да жазды.

Ақ үйдің есімін атамаған бір ресми өкілі "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне айтқандай, екі жақтың делегациясы сәтсіз келіссөздерді бірнеше сағат жүргізіп, оны қашан жалғастыратынын хабарламай тарқасқан.

Тарифтерге оралсақ, Трамп әкімшілігі Қытайдың құны 200 миллиард долларға пара-пар өнімдеріне қатысты 10 пайыздан 25 пайызға бірден көтерді. Осылайша, Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда соғысы тіпті күшейе түсті. Қытай сауда министрлігі Американың бұл әрекетіне өкініш білдіріп, "қарсы шара" қолданатынын ескертіп отыр.

Трамп 200 миллиардпен тоқтамайтын сыңайлы. Бір сөзінде ол Қытайдың тағы 325 миллиард долларлық тауарына тарифті 25 пайызға көтеру процесінің басталып кеткенін де жария етті.

Халықаралық валюта қорының мәлімдеуінше, екі держава арасындағы сауда даулары былтыр бизнес пен тұтынушыларды белгісіздікке душар еткен. Ал,  бұл жолы Америка-Қытай текетіресі дүниежүзілік өндіріс өсіміне кері әсер етпек. Өйткені, тарифтер Құрама Штаттар мен Қытайды әлсірететін болса, олардың тарапынан өзге әлемнің тауарларына деген сұраныс төмендеп, сол мемлекеттерде табыс азаюы мүмкін және осының салдарынан ғаламдық экономикалық даму қарқыны баяулауы ықтимал.

Вашингтонда өткен келіссөздерде Қытай делегациясына осы елдің вице-премьері Лю Хэ жетекшілік етсе, Америка тарапынан сауда диалогына қаржы министрі Стивен Мнучин мен АҚШ-тың сауда өкілі Роберт Лайтхизер қатысты.

Қытайдың Global Times газетінің бас редакторы Ху Цизинь "Твиттер" арқылы хабарлағандай, келіссөздер айтулы нәтиже бермесе де, тараптар болашақта Бейжіңде қайта кездесуге уағдаласқан.

Бір сұқбатында Лю Хэ мәлімдегендей, Қытай алдағы келіссөздерде Құрама Штаттардың айтқанына көніп, оның шарттарына мойынсынайып деп отырған жоқ.

Былтыр Трамп әкімшілігі Қытайдан келетін 250 миллиард доллардың өніміне салықты 25 пайызға дейін өсірді. Осының ішінде 50 миллиард доллардың тауарына бұған дейін де тариф 25 пайызға өскен екен.

Вашингтон Бейжіңді технология ұрлады, сауда құпияларын сұрап, компанияларға қысым жасады деп айыптап отыр. Америкалықтардың ойынша, Қытай осындай әрекеттерімен өз компанияларын робот, электроника, электромобиль және өзге салаларда дүниежүзілік бәсекеде алға шығарғысы келеді. Алайда, коммунистік мемлекет Трамп таққан кінәларды үнемі жоққа шығарып келеді.

Кейбір қытайлықтардың пайымынша, АҚШ осы тарифтер арқылы Қытайдың әлемде артып келе жатқан ықпалын шектеуді көздеп отыр.

Екі экономикалық держава арасындағы тайталастан қарапайым кәсіпкерлер мен фермерлер, тұтынушылар зардап шегіп отыр. Өйткені, тариф көтерілгендіктен, Америкадан Қытайға, Қытайдан Америкаға тауар енгізу қиындады. Екіншіден, салықпен бірге өнім бағасы өсіп, одан да қарапайым халық зардап шегіп отыр.

"Америкалық импортерлер сырттан келетін тауарға салықтың өскенін амалсыздан қабылдап, сол өнімді тұтынушыларға қымбаттатып сатуға  мәжбүр", – дейді қытайлық электроника шығарушы компанияның өкілі Герберт Люнь "Файниэншл таймс" газетіне берген сұқбатында.

Трамптың жаңа тарифі жұмадан сенбіге қараған түні Қытайдан Америкаға жіберілген 5700-ден астам өнім категориясына енгізілді. Олардың қатарында интернет модемдер, роутерлер, жиһаздар, электр лампалары және тағы басқа көптеген тауар түрлері бар.  

Oxford Economics консталтингтік компаниясының болжамынша, бұл тарифтерден 2020 жылы АҚШ-тың жалпы ішкі өнімі 0,3 пайызға, Қытай экономикасы 0,8 пайызға қысқаруы мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу