АҚШ қытайлық тауарларға салық салуды кейінге қалдырды

2636

Вашингтон бірқатар қытайлық тауарларға салынған 10 пайыздық салықты ресми түрде 15 желтоқсанға дейін шегерді.

АҚШ қытайлық тауарларға салық салуды кейінге қалдырды

Сонымен қатар кейбір тауарлар тізімнен мүлдем шығарылып тасталды. Ақ үйдің айтуынша,бұл қадам ұлттық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және басқа да факторлардың мүддесі үшін жасалып отыр.  Ал қалған өнімдерге бұрын Дональд Трамп айтып кеткендей 1 қыркүйектен бастап жаңа салық енгізіледі. 

"Бірқатар тауарға салық салу 15 желтоқсанға дейін шегерілді. Олардың қатарында ұялы телефондар, видео ойындар, ойыншықтар, компьютер мониторлары, аяқ киім мен киімдердің кей түрлері бар. Ал салық енгізілмейтін тауарлар тізімі кейін жарияланатын болады", – делінген АҚШ-тың сауда өкілдігі сайтында.

Bloomberg агенттігінің дерегі бойынша, сейсенбіде Қытай мен АҚШ тараптары телефон арқылы алғаш рет сөйлескен. Осыдан кейін Трамп салықты жеңілдету туралы шешімге келіп, сауда текетіресі біраз саябырсығандай болды. Америкалық акциялар құлдырауын тоқтатып, азиялық акциялардың бағасы көтерілді. 

Бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп 1 қыркүйектен бастап 300 млрд доллар тұратын қытайлық тауарларға 10 пайыздық баж салығын жариялаған еді. Бірқатар америкалық сарапшы президенттің бұл шешімін сынға алды. Олар бұл шараның салдарынан АҚШ дүкендеріндегі электроника тауарлары бағасының өсіп, зардабы жергілікті тұрғындарға тиетінін алға тартқан болатын. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу