АҚШ Мемлекеттік департаменті: Қазақстандағы ресейлік екі еншілес банк ең төмен бағамен сатылды

2139

Конгрестегі тыңдауда америкалық сыртқы саясат ведомствосының өкілі қазақстандықтардың Ресейге қарсы салынған санкцияларды ұтымды пайдаланатынын мәлімдеді. 

АҚШ Мемлекеттік департаменті: Қазақстандағы ресейлік екі еншілес банк ең төмен бағамен сатылды

Ресейге қарсы салынған санкциялар Қазақстанда ұтымды қолданылып отыр. Бұл туралы алдыңғы аптада Америка конгресінде "АҚШ-тың Орталық Азиядағы өзара іс-қимылын күшейту" тақырыбында өткен тыңдаулар барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу мәлімдеді.

"Мен бүгін қазақстандықтардың біздің санкцияларымызды жақсы пайдаланып отырғанын көріп отырмын. Біздің санкциялар дегенде Қазақстан халқы үшін экономикалық пайда алуға бағытталған еуропалық, жапондық, австралиялық, кореялық, серіктес елдердің санкцияларын айтып отырмын. Екі ірі ресейлік банк, Қазақстандағы ең ірі банктер бүгінде қазақстандық банктерге айналып отыр. Олардың қазақстандық жаңа иелері біздің санкцияларымыздың арқасында ең төмен бағамен сатып алды", – деді америкалық жоғары лауазымды шенеунік.

Осы тұста ол ресейлік "Сбербанк" пен "Альфа-Банктің" Қазақстандағы еншілес компанияларын "Бәйтерек" мемлекеттік холдингі мен "Банк ЦентрКредит" банкінің сатып алғандығын меңзеуі мүмкін. Атап өту керек, сатып алу туралы мәмілелер жасасу кезінде олардың қазақстандық жаңа иелері жарияланбады. Сол себепті де олар көпшілікке беймәлім. Десек те, бұл мәлімдемеге сүйенсек, олар туралы америкалық сыртқы саясат ведомствосы хабардар. Айтпақшы, бұл тыңдауларда батыс санкцияларына ұшыраған ресейлік "ВТБ" банкінің Қазақстандағы еншілес компаниясының елде өз жұмысын жалғастырғаны нақтыланбады. Жыл басында аталған банктің портфолиосы (тікелей және қазақстандық бөлімшесі арқылы) 11,5 млрд долларға жеткен.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісінің айтуынша, бүгінде ExxonMobil және Chevron америкалық мұнай-газ компаниялары Ресейден Транскаспий бағыты бойынша Қазақстаннан мұнай тасымалдаудың балама жолдарын қызу талқылау үстінде.

"Қазақстан жағдайында қысқа мерзімді перспективада біз мұнай тасымалдауға арналған баржалар мен танкерлер туралы айтып отырмыз. Каспий теңізінде кемелердің саны шектеулі. Сіздер оларды бір түнде жасай алмайсыздар. Оларды Каспий теңізінде салу керек. Сондықтан да қазір қуат көзі қайда, бұл кемелерге кімдер иелік етеді, оларды қаншалықты тез пайдалануға болады, мұнай Баку портына жеткенде оны вагондарға, құбырларға немесе танкерлерге түрлі нарықтарға қайта тиеу үшін қазақстандықтар әзірбайжандармен келісімдерге қаншалықты тез келеді деген пікірталастар жүріп жатыр. Біз бұл мәселеге байланысты пікірталастарға мұқият қараймыз. Бұл жердегі негізгі сұрақ аталған елдердің Ресейден тыс маршруттарға кедергі келтіретін ресейлік қысымға төтеп беруге қаншалықты дайын екендігіне байланысты", – деді америкалық мемлекеттік қызметкер.

Өз сөзінде Дональд Лу тұрақты сауда қатынастарын қалыпқа келтіру үшін Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанға қатысты "Джексон-Вэник түзетуінің" аяқталуын қолдайтындығын білдірді. 

Естеріңізге сала кетейік, бұл "қырғи қабақ соғысы" кезінде елге Кеңес Одағынан мұра болып қалған. 2013 жылы қазақстандық тарап АҚШ-тан ДСҰ-ға кіру қарсаңында түзетулердің күшін жоюды сұраған болатын. Бір жыл бұрын Конгресте осыған қатысты заң жобасы ұсынылды.

Талқылау барысында республикалық партияның конгрессмені Стив Шабо 2021 жылы Байден әкімшілігі Орталық Азия елдерімен Ауғанстандағы барлау жұмыстарын жүргізу үшін АҚШ әскери күштерін орналастыру немесе олардың базаларына кіру туралы бірнеше рет келіссөздер жүргізгенін еске салып, нәтижесінде осы мәселе бойынша келісімдер жасалды ма деген сұрақ қойды. Оған Дональд Лу теріс жауап берді. Айта кетейік, осыған дейін inbusiness.kz Қазақстанның АҚШ-тан "King Air B300ER Scorpion" екі америкалық барлау ұшағын алмағандығын жазған болатын. Мемлекеттік департамент оларды 2020 жылғы желтоқсанда елімізге экспорттауға рұқсат берген.

Мемлекеттік хатшының көмекшісі өз сөзінде Орталық Азия елдеріне үнемі баратынын, ведомствоаралық делегациялар құрамындағы соңғы сапарлар желтоқсан мен мамыр айларында өткендігін атап өтті. Бұдан бөлек жақында аймаққа АҚШ Қарулы Күштері Орталық қолбасшылығының басшысы генерал Майкл Курилла келген, ал соңғы жылы Конгресс мүшелері Орталық Азия мемлекеттерінде үш рет болған. Осы аптада Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкеннің Орталық Азия республикаларындағы әріптестерімен "C5+1" форматындағы кездесуі өтпек. Онда украин қақтығысының экономикалық салдарын жұмсарту мәселелері талқыланады.

"Америкалық делегация әлемнің осы бөлігіне барғаннан кейін бір аптадан соң Ресей делегациясы сол жерге барады. Содан кейін біз тағы бір америкалық делегацияны жібереміз. Менің ойымша, біз бәріміз бір-біріміздің әрекеттерімізді мұқият қадағалап отырамыз. Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтерінің тек жақсы күндерде ғана қасынан табылып қоймай, сонымен қатар компанияларымызбен бірге олардың энергетикалық болашағына ұзақ мерзімді инвестициялар салуға дайынбыз. Сондықтан да жақын арада Конгресс мүшелерінің Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтерімен қарым-қатынасы үлкен септігін тигізеді қосады деп есептеймін", – деді америкалық дипломат.

Еуропа және Еуразия бойынша сауда министрі көмекшісінің орынбасары Дэвид де Фальконың ақпаратына сәйкес, бүгінде оның ведомствосы отандық Сауда және интеграция министрлігімен нарықтағы мүмкіндіктерді талқылау және оған қолжетімділік бойынша мәселелерді шешу бойынша сауда диалогын жүргізуде. Сонымен қатар америкалық министрлік Алматыдағы екінші сауда кеңесшісінің есебінен елдегі өзінің қатысуын кеңейтті. Күзде Қазақстанға АҚШ сауда министрінің халықаралық сауда мәселелері жөніндегі орынбасары Мариса Лаго келеді. Бұл бірнеше жыл ішінде аталған ведомстводан жоғары шендінің өңірге алғаш келуі.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу