АҚШ пен Армения ядролық энергетика саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Оған сәйкес, АҚШ Арменияға шағын модульдік ядролық реакторлар жібереді. Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс екі елдің Үкіметтері арасындағы ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Никол Пашинянның айтуынша, бұл құжат Армения мен АҚШ арасындағы энергетикалық әріптестікті тереңдетуде септігін тигізеді. Сондай-ақ Арменияның энергетикалық ресурстарын әртараптандыруға ықпал етеді. Пашинян ядролық қауіпсіздік саласында АҚШ-тың Арменияға көрсетіп жатқан қолдауы үшін алғыс білдірді.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, келісімге қол қою рәсімінің алдында Пашинян мен Вэнс тет-а-тет форматында кездескен. АҚШ вице-президенті келісім аясында Арменияға жалпы құны 9 млрд доллар болатын шағын модульдік реакторлар жеткізілетінін айтты. Атап айтқанда, 5 млрд доллар реактор жабдықтарына, ал 4 млрд доллар ұзақ мерзімді перспективада ядролық отын мен реакторларға қызмет көрсетуге бағытталады.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 9 ақпанда Арменияға ресми сапармен барған болатын. Осы сапардан кейін ол Әзербайжан астанасына барады.