Пәкістан АҚШ пен Иранның өзара мәмілеге келгенін және аймақта, соның ішінде Ливанда атысты тоқтату туралы келісім жасалғанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Мәміледен соң АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазы арқылы қатынастың қалпына келетінін және Иранды теңіз блокадасында ұстау шаралары тоқтатылатынын айтты. Тегеран тарапы бұл мәліметті растады. Уағдаластықтың егжей-тегжейлі шарттары әлі ашық айтылмады.
"Қарқынды келіссөздер нәтижесінде АҚШ пен Иран Ислам Республикасы арасында бейбіт келісім жасалғанын қуана хабарлаймыз. Екі тарап та барлық майданда, соның ішінде Ливанда әскери қимылдарды дереу және біржола тоқтататынын мәлімдеді", – деп жазды Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Оның сөзінше, келісімге ресми қол қою рәсімі 19 маусымда Швейцарияда өтпек.
АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге араағайындық жасаған Пәкістан Вашингтон мен Тегеранға, бейбіт мәмілеге келуге атсалысқан Қатар, Сауд Арабиясы және Түркияға да алғыс жаудырды.
"Келісімге қол жеткізілгендіктен, делдалдар осы аптада бірқатар кездесулер ұйымдастырады. Құжатты іске асыру қарсаңындағы бұл талқылаулар техникалық келіссөздер мен ресми қол қою рәсіміне негіз қалайды", – деп толықтырды Шариф.
Бұған дейін Дональд Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында "Иранмен мәміле аяқталды" деп жазды.
"Бәріңізді құттықтаймын! Мен Ормуз бұғазын баж салығысыз толық ашуға және АҚШ Қарулы Күштерінің теңіз блокадасын дереу тоқтатуға бұйрық беремін. Әлем кемелері, қозғалтқыштарыңызды іске қосыңыздар. Мұнай еркін ақсын!", – деп атап өтті ол.
Кейінірек Трамп тілшілерге Ормуз бұғазы Иранмен келісімге қол қойылғаннан кейін ғана ашылатынын баса айтты.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында АҚШ-пен келісімнің толық пысықталғанын және оған осы жұмада Швейцарияда қол қойылатынын растады.
"Барлық майданда, соның ішінде Ливанда әскери іс-қимылдарды дереу және біржола тоқтату туралы шешім қабылданды", – деді ол.
АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Женевадағы рәсімге өзі қатысуды жоспарлап отырғанын, бірақ оған Дональд Трамптың да баруы мүмкін екенін айтты.