Мұны АҚШ президенті растап отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Вашингтон мен Киев украиналық пайдалы қазбаларға қатысты келісім жасалды. Дональд Трамп қазіргі уақытта шекаралық сызықтар мен атом электр станцияларына бақылау мәселесі талқыланып жатқанын хабарлаған.
– Қазір біз аумақ туралы сөйлесіп отырмыз. Біз шекаралық сызықтарды, энергетиканы және электр станцияларының меншік құқығын талқылаудамыз. Кейбіреулер бұл электр станциялары АҚШ-қа тиесілі болуы керек дейді. Өйткені бізде тәжірибе бар, – деп қоса кетті Трамп.
23 наурызда АҚШ делегациясы украиналық ресми тұлғалармен, ертеңінде ресейлік өкілдермен кездесу өткізген еді. Келіссөздер негізінен Қара теңіздегі атысты тоқтатуға арналды, десе де Трамп Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату үшін күн тәртібіне басқа да мәселе енгізілгенін айтты.
Еске салайық, Украинаның пайдалы қазбалары бойынша келісімге қол қою ақпан айының соңында президент Владимир Зеленскийдің Вашингтонға сапарынан кейін кілт тоқтатылған болатын. Сонда Зеленский мен Трамп сөзге келіп, соңы Украина президентінің Ақ үйден шұғыл кетуімен аяқталды.
Наурызда Трамп табиғи ресурстар жөніндегі келісімнің әлі де күшінде екенін, яғни күтіліп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, АҚШ Киев билігіне экономикалық талаптарды күшейтіп, маңызды ресурстар мен энергетикалық активтерге қол жеткізу бойынша жаңа шарттарды талап еткен болуы да ықтимал.