Бұл талап Мәскеу күштері Донбасстағы шабуылдарын үдеткен шақта күшейді.
Киевтегі басшылықтың сөзінше, баллистикалық зымыран Ресейдің Украинаға соққы беру әлеуетін әлсірету жолында өміршең рөл ойнап, Ресейдің соққы беруші мүмкіндіктерін шекарадан алыстатуға мәжбүрлейді.
Ресей болса, алыстан жасалатын мұндай шабуылды соғыс актісі деп қарастыратынын ескертті. Ал Украинаның батыстық одақтастары әлемдегі ең ірі ядролық арсеналға ие елмен арадағы тайталасты тіпті ушықтырудан қауіптеніп отыр.
Украинаға серіктестерінен алған зымырандармен Ресей аумағына бойлай еніп соққы беруге рұқсат ету мәселесін Вашингтонда АҚШ Президенті Джо Байден мен британ премьері Кир Стармер талқылады. Алайда, олардың нақты қандай шешім қабылдағандары әзірге хабарланбай отыр.
БҰЛ ҚАНДАЙ ҚАРУ?
Ұзақ қашықтыққа арналған ракеталар сыныбына ағылшын-француздық Storm Shadow (французша атауы – SCALP) мен америкалық ATACMS тактикалық зымыран жүйесі кіреді.
Украина қазір өзінің баллистикалық қару бағдарламасын жасақтап жатыр. Оған Ресейдегі нысандарды жоюға кіріскен дрондар бар. Бірақ батыстық ракеталар әлдеқайда дәлірек көздеу қабілеті мен жойқынырақ күшке ие.
Әуеден атылатын Storm Shadow мен жерден жіберілетін ATACMS зымырандарын Украина қазірдің өзінде Ресей жаулап алған территориялардағы әскери нысандар мен стратегиялық инфрақұрылымға дәлдеп соққы беруге қолданып жатыр. Алайда, бұл қарумен Ресей жеріне шабуыл жасау үшін АҚШ пен Ұлыбританияның рұқсаты қажет.
Айта кетсек, Германия халықаралық эскалациядан қауіптеніп, Украинаға TAURUS деген баллистикалық зымырандарын көптен бері жібермей отыр.
ОЛАР ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕР ЕДІ?
Украина ұзақтағы нысанды қирататын ракеталарды ойын ережесін өзгертетін фактор деп қарастырады. Дәлірек айтсақ, Киев мұндай зымырандармен Украина шекарасынан жүздеген шақырым жерде орналасқан ресейлік әуе базаларды, оқ-дәрі қоймаларын, байланыс орталықтарын жоюдан үмітті.
Украин әскерилерінің пікірінше, бұндай нысандар күйресе, Ресейдің Украинаға күнде дрондармен, ракеталармен, жоспарлаушы бомбалармен соққы беретін әуедегі үстемдігі әлсіреп, Донбасстағы шабуылдары тұралар еді.
Қыс жақындап қалғандықтан, бұл шабуылдар бәрібір баялауы мүмкін. Алайда, Украина алыстан соққы беретін қаруға ие болып, контршабуылдарға кірісіп, баллистикалық ракеталардың көмегімен қатты зақымданған энергетикалық инфрақұрылымын қорғаудан және майдандағы адам тапшылығы проблемасын шешуден үмітті.
Өткен аптада АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин Президент Владимир Зеленскиймен кездесті. Сонда Пентагон басшысы Украинаның отандық қарумен Ресейдегі нысандарға онсызда соққы беріп жатқанын алға тартып, рұқсат беру мәселесіне салқындық танытқан. Ал, пентагондық подполковник Чарли Дицтің сөзінше, ATACMS ракеталары негізгі қауіпке – Ресей алыс қашықтықтан жіберіп жатқан жоспарлаушы бомбаларға жауап бере алмайды. Себебі, бұл снарядтан 300-ден астам шақырым жерден басталып жатыр. Ал ATACMS мұндай ұзақтыққа жете алмайды.
БАТЫС ЖҰМСАРА МА?
Украинаны қарумен, қаржымен, жаттықтырумен қолдап отырған АҚШ пен НАТО-ның өзге мүшелері Ресеймен тікелей тайталасқа жол бермеуге әрекеттеніп жатыр.
Кремльдің мәлімдеуінше, Батыстың ракеталары Ресей жерінде қолданылса, бұл қызыл сызықтан аттауды білдіреді. Өткен аптада осы ескертуді Ресей Президенті Владимир Путин тағы қайталаған еді.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен оның британдық әріптесі Дэвид Лэмми бұл мәселені жақында Лондон мен Киевте кездесіп талқылады. Дегенмен, олар өз елдерінің зымырандық саясатына қатысты түсініктеме беруден бас тартса да, Ресейдің Ираннан ұзаққа ұшатын баллистикалық зымыран алып, Украинада стратегиялық балансты бұзуға әрекеттеніп жатқанын атап өтті.
Украина болса, бес апта бұрын Ресейдің Курск облысына басып кіріп, қызыл сызықтан өтіп кеткенін мәлімдеп отыр. Ал Зеленский осы ай соңында Байденмен кездескенде, Батыс Ресейге қатысты "қатаң шешім" қабылдайтынына үміт етіп отыр.