АҚШ Ресей газын Еуропаға тасымалдауды қайта бастауды ұсынды

357

Еуропа бұл бастама Ресей энергоресурстарынан толық бас тарту жоспарына кедергі болады деп алаңдайды.

АҚШ Ресей газын Еуропаға тасымалдауды қайта бастауды ұсынды Фото: tks.ru

АҚШ Мәскеу мен Киев арасындағы энергетикалық келіссөздер аясында Ресей газын Украина арқылы Еуропаға тасымалдауды тезірек қайта бастауға күш салып жатыр. Бұл туралы Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап. 

WSJ дереккөздерінің мәлімдеуінше, АҚШ өкілдері Джаред Кушнер мен Стив Уиткофф қыркүйекте Мәскеу мен Киевке барған сапарында Ресей газын америкалық делдал арқылы сату жоспарын талқылаған. Тиісті бастама еуропалық санкцияларды айналып өтіп, америкалық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер әкеледі деп күтілуде. 

Газеттің хабарлауынша, Вашингтон қарашада Абу-Дабиде АҚШ, Ресей және Украина арасында өтетін үшжақты келіссөздер қарсаңында энергетикалық нысандарға соққы бермеу туралы кешенді келісімге қол жеткізгісі келеді. АҚШ Ресейдің еуропалық газ нарығына қайта оралуы Владимир Путинге энергетикалық бітімді қолдауға қосымша мүмкіндік болады деп санайды. Ал Украина үшін транзитті қалпына келтіру өз аумағы арқылы газ айдаудан түсетін қосымша кірісті білдіреді, деп жазады WSJ. 

Америкалық шенеуніктердің бірінің сөзінше, Ақ үй ресейлік газды Еуропаға сатудан түскен табысты үшінші юрисдикциядағы арнайы шотқа аударуды ұсынған. Бұл механизм жиналған қаражаттың әскери мақсаттарға жұмсалуын шектеуге мүмкіндік береді деп болжанады. 

Дегенмен, бұл бастама әзірге Еуропада қолдау тапқан жоқ. Басылымның жазуынша, кейбір еуропалық шенеуніктер бұл идеяны өткір сынға алған. Еуроодақтың қолданыстағы заңнамасы 2027 жылдың соңына қарай Ресей газының импортынан кезең-кезеңімен бас тартуды көздеп отыр.  Дегенмен, америкалық әкімшілік энергия ресурстарының жоғары бағасы мен энергетикалық қауіпсіздік тәуекелдері Батыс елдерін мұндай ұсыныстарды қабылдауға итермелеуі мүмкін деп есептейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу