АҚШ Ресейдің Венгрияда АЭС салуына кедергі болған санкцияны алып тастады

303

Бұл жобаға "Росатом" корпорациясы қатысып жатыр. 

АҚШ Ресейдің Венгрияда АЭС салуына кедергі болған санкцияны алып тастады Фото: РБК

АҚШ Венгриядағы "Пакш" атом электр станциясын кеңейтуге қатысты салынған санкцияларды алып тастады. Бұл туралы Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сийярто мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Бұл шектеулер АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байден әкімшілігінің тұсында енгізілген болатын.

Сийяртоның сөзінше, бұрынғы шектеулер "саяси себептерге" байланысты енгізілді. Ол санкцияларды алып тастағаны үшін Дональд Трамп пен Ақ үй әкімшілігіне алғыс білдірді. 

"Пакш" АЭС-іне қажетті үлкен жабдықтар Ресей мен Францияда өндіріліп жатыр. Енді Пакштағы құрылыс жаңа қарқын алады", – деді Венгрия сыртқы істер министрі.

Оның айтуынша, бұл жобаның арқасында Венгрия келешекте өзіне қажетті электр энергияның көп бөлігін өзі өндіретін болады. Петер Сийярто венгр халқы Еуропада ең арзан коммуналдық төлемдерді төлейтініне сөз берді. 

Ресей мен Венгрия 2014 жылы "Пакш" АЭС-інде №5 және №6 екі жаңа энергоблок салу бойынша келісімге қол қойған еді. Жобаның жалпы құны 12,5 миллиард еуроға бағаланған. 2022 жылдың тамызында Венгрияның атом энергетикасы басқармасы "Росатомға" құрылыс жүргізуге рұқсат берді. Ал 2023 жылдың мамырында Еурокомиссия АЭС құрылысына қатысты келісімдерге енгізілген түзетулерді мақұлдады.

2023 жылдың қарашасында Венгрия үкіметі мен "Росатом" компаниясы жұмыс кестесін бекітті. Екі жаңа энергоблок 2030 жылдардың басында желіге қосылады деп жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу