АҚШ Ресейдің жерсеріктерге қарсы ядролық қару жасап жатқанын жариялады

2679

Сарапшылардың пікірінше, мұндай қарулар әскери және коммерциялық байланыстарды бұзып, Uber жүргізушілерінен бастап тамақ жеткізу қызметтері де қолданатын жаһандық позициялау жүйелеріне (GPS) де нұқсан келтіруі мүмкін. 

АҚШ Ресейдің жерсеріктерге қарсы ядролық қару жасап жатқанын жариялады Фото: Reuters.com

Ресей жасап жатуы мүмкін ғарыштық қару ядролық күштік қондырғыдан тұратын құрылғыға көбірек ұқсайды. Және де ол спутниктердің ішіндегі электрониканы бұғаттауға, жандыруға, зағиптандыруға бағытталған. Бірақ осынау қару сол жерсеріктерді атып түсіруге арналған жарылғыш атомдық оқтұмсық емес. Мұны америкалық барлаушылар бейсенбі күні мәлімдеді.

Бұл ақпарат сәрсенбі күні АҚШ Өкілдер палатасының барлау комитетінің республикашыл төрағасы Майк Тернер "ұлттық қауіпсіздікке елеулі қатер" туралы әдеттен тыс мәлімдеме жасағаннан кейін белгілі болды.

Алайда "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, Ресейдің жаңа мүмкіндіктері Америка Құрама Штаттарына шұғыл қауіп төндіріп отырған жоқ. Бейсенбі күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де бұл пікірді қуаттады.

Ресейдің ғарыштық бағдарламаларын бақылайтын сарапшылардың пікірінше, ғарыштық қауіп ядролық оқтұмсықтардан емес, спутниктерге шабуыл жасайтын және атомдық энергияны қажет ететін қуатты құрылғыдан келуі мүмкін.

Бұндай құрылғыда сигналдарды өшіретін, сенсорларды соқыр ететін қарулар - ең қорқыныштысы - белгілі бір орбиталық аймақта барлық спутниктердің электроникасын жандырып жіберетін электромагниттік импульстар (ЭМП) болуы мүмкін.

"Ресей ядролық қуат алатын жүйені дамытып жатыр... Бұл - орбитаға шыққанда электрондық соғыс жүргізетін жүйе. Мұндай теория "Ресей ядролық жарылғыш оқтұмсық тасымалдайтын қару жасап жатыр" деген теорияға қарағанда ықтималдау", - дейді қару-жарақты бақылау жөніндегі сарапшы Дэрил Кимбалл "Рейтерге" берген сұқбатында.

Кремль болса, Мәскеудің ғарыштағы жаңа ядролық мүмкіндіктері туралы америкалық ескертуді жоққа шығарып, бұны "зиянды ойдан шығарылған сандырақ" деп атады.

ЯДРОЛЫҚ ҚАУІП

Спутникке қарсы ядролық емес қарулар бұрыннан бар.

2021 жылы Ресей де АҚШ, Қытай, Үндістаннан қалыспай өзінің ескі жерсеріктерінің бірінде спутникке қарсы жойқын зымыранды сынақтан өткізіп,  жарып, оның сан мың бөлшегін  Жер орбитасына шашып жіберді.

Ал космоста ядролық қаруды жарудың жөні мүлде бөлек.

"Қауіпсіз әлем" қорының сарапшысы Брайан Уиденнің айтуынша, Ресей ғарышта ядролық қаруды жарып жіберсе, өзіне деген сеніміне нұқсан келтіріп қана қоймай, әскери және коммерциялық жерсеріктерге де үлкен әсер етуі мүмкін.

"Орыстар БҰҰ-да 40 жыл бойы Американы ғарышты қаруландырып, оған арсенал орналастырғысы келеді деп айыптады. Ал өздері мұндай қадамға ешқашан бармауға уәде берді. Егер Ресей (ғарышта ядролық құрылғыны жарып жіберсе) бәрінен айырылады", - дейді Уиден.

Карнеги қорының талдау орталығының ядролық сарапшысы Джеймс Эктонның сөзінше, Ресейдің ядролық қаруды орбитаға шығаруы "ғарыш кеңістігі туралы келісімді өрескел бұзуы" болып саналады.

Айта кетсек, Америка Құрама Штаттары мен КСРО да 1967 жылы қол қойған келісім "жер орбитасына ядролық қаруды немесе жаппай қырып-жоятын арсеналдың кез келген түрін тасымалдайтын нысанды" орналастыруға тыйым салады.

Сарапшылардың пікірінше, спутникке қарсы қарулар әскери және коммерциялық коммуникацияларды бұзып, қарулы күштердің жұмыс істеу қабілетіне, сондай-ақ Uber жүргізушілерінен бастап тамақ жеткізу қызметтері де қолданатын жаһандық позициялау жүйелеріне (GPS) нұқсан келтіруі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу