АҚШ санкция арқылы өз компанияларының жолын кескен

118

Өткен қазан айының соңына жақын АҚШ үкіметі ресейлік "Лукойл" мен "Роснефтке" санкция салды. Бұның зардабын басқалармен бірдей Қазақстан да тартатын еді.

АҚШ санкция арқылы өз компанияларының жолын кескен Фото: freepik.com

Себебі екі компания да Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ірі жобаларға қатысады. Абырой болғанда, 15 қарашада АҚШ үкіметі бұл шектеулерді қайтадан алып тастады. Бұған не себеп болды?

Алдымен бір нәрсені түсініп алған жөн, бұл екі алпауыттың тегі ресейлік болғанымен, Еуропадағы мұнай сатып алушы елдермен тығыз жұмыс істейді. Онымен шектелмей, Қазақстанның мұнай өндірісінде әрі экспортында айтарлықтай еншісі бар. Мәселен, "Лукойл" компаниясы Қазақстандағы "Теңізшевройл" жобасының 5 пайызына, "Қарашығанақтың" 13,5 пайызына, "Құмкөлдің" 50 пайызына, қазақстандық мұнайдың 80 пайызын кәрі құрлыққа жеткізетін "Каспий құбыр консорциумының" 12,5 пайызына иелік етеді.

Бірақ бұл жерде бір қайшылық бар болып шықты. Өйткені Қазақстанның мұнай өндірісінде ресейлік компаниялармен қатар, америкалық алпауыттардың да үлесі көп. Бір ғана Chevron Теңіз кен орнының тең жартысын (50 пайыз) басқарады. "Каспий құбыр консорциумындағы" еншісі "Лукойлдан" көп. Яғни, АҚШ санкция арқылы ресейлік қана емес, өз компанияларының да жұмысын тұралатқан болып шықты.

Санкция туралы жаңалық шыққанда Қазақстан үкіметі әуре-сарсаңға түскені бірден білінді. Балама жолдарды талқылады, Энергетика министрлігі Сыртқы істер министрлігін тартып, түрлі ұсыныстар дайындады. Бұған қоса қарашаның басында Қазақстан президенті де Вашингтонға сапармен барып, реті келгенде бұл мәселені шешу үшін Дональд Трампқа да құлаққағыс қылған секілді.

Әйтеуір 15 қарашада АҚШ-тың Қаржы министрлігі шектеулердің күшін жойып, "Лукойл" мен "Роснефтьке" Қазақстандағы Қарашығанақ, Теңіз және КҚК бойынша операциялар жүргізуге рұқсат берді. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұл қадамға Қазақстан тарапымен қатар, америкалық компаниялардың өздері де мүдделі болғанын айтады.

– Шектеулер алып тасталғанына америкалық Exxon және Chevron корпорацияларының Қазақстан мұнай-газ жобаларында ірі үлеске ие екені әсер етті. Теңіз кен орнынан Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталатын мұнайдың шығу тегі қазақстандық болғанымен, меншік жағынан бұл мұнай көбіне америкалық компанияларға тиесілі. Сондықтан бұл жерде рөл атқарған тек қазақстандықтар емес, АҚШ үкіметіндегі америкалық корпоративтің лоббиі де бар, – дейді ол.

Негізі санкцияларға Ресей мен Украина қақтығыс себеп болып отырғанын ашық айтуымыз керек. АҚШ билігі ресейлік үлесі бар қазақстандық кәсіпорындар жанама жолмен болса да қақтығыстарды қолдап отыр деп ойлағаны анық.

– Басында Вашингтонда расында да Қазақстанға қатысты жобалар қандай да бір ресейлік компанияларға жанама пайда әкелуі мүмкін деген болжам болған. Логикасы түсінікті, инфрақұрылым тоғысады, транзит Ресей аумағы арқылы өтеді, ал акционерлік құрылымда ресейлік үлес бар. Санкциялық саясатта мұндай факторлар автоматты түрде "қызыл жолақ" болып көрінеді. Бірақ бірнеше күн өткен соң шешім қайта қаралды. АҚШ Қазақстан арқылы санкцияларды айналып өту қаупі жоқ екенін, ал қазақстандық мұнай-газ жобалары дербес, ашық әрі өңірлік энергетикалық тұрақтылық үшін аса маңызды екенін көрді. Сондай-ақ бұл жобалардың операциялық қызметі ресейлік компанияларды қолдамайтынын растайтын қосымша дәлелдер пайда болды. Бұған қоса, бұл жобаларға ірі америкалық мұнай-газ компаниялары да қатысады, яғни, бұл шешім олардың да экономикалық мүдделерін қорғады, – дейді Мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов.

Бұған қоса сарапшы оқиғаның Қазақстанға сабақ болғанын жеткізді. Санкциялық қауіпке қатысты болмашы ишараның өзі жедел реакцияға әкеледі. Демек, енді процестерді барынша ашық жүргізіп, меншік құрылымын сауатты басқарып, дамыған елдер қауіп-қатер ретінде қарауы мүмкін "сұр аймақтарды" баспау қажет.

Дегенмен босаңсуға болмайтыны көрініп отыр. Өңірдегі санкциялық ахуал одан әрі күшейді. Тағы бір қателік жасайтын болсақ, ел экономикасына зардабы тиері анық.

Кейінгі 8 жыл бойы Қазақстан мұнай экспортының жылдық көлемін 65 млн тоннадан түсірген жоқ. Биыл 9 айдың өзінде шетелдерге 56 млн тонна мұнай сатқан. Шамасы, биыл да экспорт мөлшері 70 млн тонна шамасында болмақ. Не де болса, уақытша санкция салаға сабақ болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу