АҚШ-тың Вашингтон штаты қасиетті Рамазан айын ресми түрде мойындады. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін Вашингтон штаты Рамазан мен Құрбан айт мейрамдарын ресми мереке ретінде алғаш мойындаған америкалық штат болатын. Енді штатта қасиетті Рамазан айы да ресми түрде танылды. Бұл туралы штат губернаторы Боб Фергюсон желідегі парақшасында жазды.
Губернатор штатта тұратын мұсылмандар қоғамның ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Боб Фергюсонның сөзінше, олар білім беру, денсаулық сақтау, экономика, технология, өнер мен азаматтық қоғамды дамытуға айтарлықтай үлес қосып отыр.
Фергюсон Рамазан айының дүние жүзіндегі миллиондаған мұсылман үшін ораза ұстап, құлшылық жасап, қайырымдылыққа ден қоятын қасиетті ай екенін атап өтті. Ол бұл рухани амалдардың жомарттық, өзін-өзі тәрбиелеу, шүкіршілік және әлеуметтік жауапкершілік секілді құндылықтарды қалыптастыратынын жеткізді.
"Ораза ұстап, дұға жасап, Рамазан айын бастап жатқан Вашингтон штатындағы мыңдаған мұсылманды шын жүректен құттықтаймын. Біздің штат мұсылман қауымдастықтарды әрдайым қолдайды", – деп жазды Боб Фергюсон.
Бұдан бөлек ол ай күнтізбесі бойынша жаңа айдың тууымен басталатын 2026 жылғы 18 ақпан мен 19 наурыз аралығын ресми түрде Рамазан айы деп жариялады.
Айта кету керек, бұған дейін Бас мүфти ауызашар бағасын шарықтатпауға шақырғанын жазғанбыз.