АҚШ Қаржы министрлігі Сирияның "терроризмді қолдайтын елдер" тізімінен ресми түрде шығарылғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек "Хайат Тахрир аш-Шам" тобы "арнайы белгіленген ғаламдық террористік ұйымдар" тізімінен алынып тасталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
АҚШ Қаржы министрлігінің жазбаша ақпаратына сәйкес, Ақ үй басшысы Дональд Трамптың Сирияға қатысты саясаты негізінде бұл мемлекет "терроризмді қолдайтын елдер" тізімінен ресми түрде шығарылған. Мәлімдемеде "Хайат Тахрир аш-Шам" тобы "арнайы белгіленген ғаламдық террористік ұйымдар" (SDGT) тізімінен алынғаны да айтылды. Осыған байланысты Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) бұл ұйымды "арнайы белгіленген азаматтар мен санкция салынған тұлғалар тізімінен" де шығарды.
Бұған дейін шілде айында АҚШ әкімшілігі Конгреске Сирияны аталған тізімнен шығаруға ниетті екенін хабарлаған болатын. АҚШ Сирияны "терроризмді қолдайтын елдер" қатарына 1979 жылы қосты. Бүгінде бұл тізімде Иран, Куба және Солтүстік Корея ғана қалды.