АҚШ соты Храпуновтар отбасының арызын қанағаттандырмады

Дана Иман Дана Иман
7252

Алматы әкімдігінің Виктор Храпуновқа қарсы талап-арызы бойынша сот отырысы Калифорнияда өтеді.

АҚШ соты Храпуновтар отбасының арызын қанағаттандырмады

2017 жылдың 7 шілдесінде АҚШ-тың тоғызыншы округінің апелляциялық соты Виктор Храпунов, оның отбасы мен компания мүшелерінің 2017 жылдың 30 наурызында ҚР мен Алматы қаласы әкімдігінің пайдасына шешілген істі қайта қарау туралы өтінішін қабыл алмады деп хабарлайды Қазақстан әділет министрлігінің баспасөз қызметі.

"Енді Алматы қаласы әкімдігінің азаматтық талап-арызды Калифорния штатының округтік сотында қаралатын болады. Аталмыш талап-арызға сәйкес жауапкерлер ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы заңды, Алматы қаласы тұрғындарының мүдделеріне және пайдасына қызмет ету жөніндегі міндетті бұзғаны үшін, біреудің меншігін заңсыз иемденіп, осы мақсатта қылмыстық келісімге түскендігі үшін айыпталып отыр. Округтік сотта Храпуновтар және олардың компанияларының қылмыстық жолмен алған ақшаны пайдалана отырып Калифорнияда жылжымайтын мүлік және қымбат көліктерді сатып алғандығы туралы дәлеледемелер ұсынылатын болады. Алматы қаласының мүддесін Latham&Watkins LLP (АҚШ) заң консультантымен бірлесе отырып ҚР Әділет министрлігі қорғайды", – деп ақпарат таратты салалық мекеме.

 Соттың істі қашан қарайтыны әзірге белгісіз

Еске сала кетсек, Алматының бұрынғы әкімі қалалық бюджеттен жымқырып алған қаражатқа Калифорниядан жылжымайтын мүлік және автокөліктер сатып алды деп айыпталып отыр.

2014 жылы Алматы әкімдігі Калифорния штатының (АҚШ) сотына қаланың бұрынғы әкімі Виктор Храпуновқа, оның отбасы мүшелері мен АҚШ және өзге елдерде тіркелген жалған компанияларына қарсы талап-арыз жолдаған болатын.

Талап-арызға сәйкес, Виктор Храпунов қала меншігіндегі 80 нысанды сатудан жүздеген млн доллар қаражатты қала қазынансынан шығарған. Алайда Калифорния штатының округтік соты Алматы қаласының өтінішін қабыл алмады. Сот АҚШ аталған істі қарайтын орын емес деп ұйғарды. Осыдан соң Алматы қаласының әкімдігі  мен әділет министрлігі Калифорния штатының апелляциялық сотына наразылық жолдады. Міне осы екінші инстанциялы сот Қазақстан Республикасының өтінішін қанағаттандырды.

"Қазақстан Республикасы өз ұстанымының  дұрыс екеніне АҚШ сотын сендіре алды. Аталған шешім сыбайлас жемқорлықпен күресуде кезең-кезеңмен істеліп жатқан жұмыстың нәтижесі болып табылады. Енді Алматы қаласының Храпуновтарға қарсы талап-арызы Калифорния штатының сотында қаралады", – деп баса айтты әділет министрлігінің ресми өкілі Олжас Рамазанов.

Еске сала кетсек, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновқа қатысты қылмыстық іс 2011 жылы қозғалған болатын. 2012 жылдың ақпан айында оған мемлекетаралық іздеу салынды. Бұдан бұрын қашып жүрген әкім ҚР ҚК-нің 307 бабы, 3,4 бөлімі (қызмет бабын асыра пайдалану), 311 бабы, 4 бөлімі, "в" тармағы (ірі мөлшерде пара алу), 193 бабы, 3 бөлімі, "в" тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлiктi заңдастыру), 176 бабы, 3 бөлімі, "б" тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету), 235 бабы, 4 бөлімі (Ұйымдасқан қылмыстық  топтың, трансұлттық қылмыстық ұйымның қызметін қаржыландыру, сол сияқты мүлікті жинау, сақтау, бөлу, қаржыландыру арналарын әзірлеу) және 177 бабы, 3 бөлімі, "в" тармағында (алаяқтық) көзделген қылмыс жасады деп айыпталып отырғаны нақтыланды.

Әйгерім Сүлейменова, Дана Иман​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу