АҚШ-та Өзбекстанның құрметіне жаңа мереке тағайындалды

183

Америкада ресми түрде өзбектің "чайнатауны" – "Махалласы" дүниеге келді.  

АҚШ-та Өзбекстанның құрметіне жаңа мереке тағайындалды Фото: profile.ru

Құрама Штаттар 1 қыркүйекті "Өзбекстанның Тәуелсіздік күні" деп жариялады. Ертең бұл жаңа мереке АҚШ-тың кем дегенде 241 қаласында, соның ішінде Вашингтон, Нью-Йорк, Сиэтл, Киркленд, Портленд, Салем, Юджин, Хиллсборо, Редмонд, Белвью және басқа да қалаларында атап өтіледі.

Өзбекстанның Азаттық күні Нью-Йорк штатында да ресми түрде тойланады. Штат Сенатының 2026 жылғы қарарында АҚШ-та 70 мыңнан астам өзбек тұратыны, олардың жартысы Нью-Йорк пен көршілес штаттарда ғұмыр кешіп, әртүрлі саланың дамуына сүбелі үлес қосып жатқаны айтылған, деп жазды inbusiness.kz.

Құжатта Өзбекстанның қауіпсіздік, экономикалық даму, гуманитарлық көмек және өңірлік тұрақтылық салаларындағы АҚШ-тың сенімді одақтасы болып табылатынына екпін түсірілген.

"Нью-Йоркте алуан түрлі өзбек қауымдастығы өмір сүреді. Олар 1970 жылдары қуғын-сүргіннен қашқан Бұхар еврейлерінен, 1980 жылдары саяси аласапыраннан бас сауғалап, бізде пана іздеген өзбектерден және соңғы онжылдықта "америкалық арманының" соңынан еріп келген "жаңа өзбектерден" құралған. Әлемдегі өзбектер еңбекқорлығымен, қонақжайлылығымен, мейірімділігімен, ұлттық тағамдарымен, биімен, музыкасымен және отбасына деген адалдығымен танымал. Нью-Йорк өзбектері мықты кәсіпорындар құрды: ішінде Жібек жолы қоры, базар-супермаркеттер, Mahalla ауданы, өзбек-америкалық қоғамдық орталығы және Түркістан-америкалық қауымдастығы бар", – делінген қарарда.

Сондай-ақ құжатта Нью-Йорктегі өзбек қауымдастығының арқасында 2023 жылдан бері қала мэрі Өзбекстандағы ең танымал мереке – Наурызды алғаш рет ресми түрде мерекелейтініне назар аудартылады.

АҚШ астанасы Вашингтонда да Өзбекстанның Тәуелсіздік күні жыл сайын тойланады. Мэрдің өкім-прокламациясында Өзбекстанның мәдениеті мен дәстүрлеріне деген құрмет, сондай-ақ оның АҚШ-тағы экономика, мәдениет, ғылым және басқа да салалардың дамуына қосқан үлесі ерекше атап көрсетілген.

Американың Орегон штатының губернаторы Тина Котек те 2026 жылдың 1 қыркүйегін штатта ресми түрде "Өзбекстанның Тәуелсіздік күні" деп жариялайтын прокламацияға қол қойды. Бұл туралы Өзбекстанның Сиэтлдегі бас консулдығы хабарлады.

"Мен, Орегон штатының губернаторы Тина Котек, осы арқылы 2026 жылдың 1 қыркүйегін Орегонда "Өзбекстанның Тәуелсіздік күні" деп жариялаймын және штаттың барлық тұрғынын осы мерекеге қосылуға шақырамын", – делінген құжатта.

Шешімде Өзбекстанның экономикалық, саяси реформа жүргізіп, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп жатқаны, Орталық Азиядағы өңірлік серіктестікті нығайтқаны айрықша атап өтілген. Бұдан бөлек, АҚШ пен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас сауда, инвестиция, технологиялар, білім беру, таза энергетика, туризм және гуманитарлық байланыстар бағытында қарқынды дамып жатқаны нықталды.

Сонымен қатар, АҚШ-тың ірі экономикалық және технологиялық орталықтарының бірі – Сиэтл қаласының мэры Кэти Уилсон да қалада 1 қыркүйекті "Өзбекстанның Тәуелсіздік күні" деп жариялады. Мэрия елдің Орталық Азиядағы стратегиялық орнына және осы қалада бас консулдықтың ашылуына тоқталды.

Әмір Темір ұрпақтары Американы қалай жаулап алуда?

Нью-Йорк мегаполисінің шулы көшелерінен Бруклинге немесе Куинске бұрылған турист тосын әлемге тап болады. Онда ыстық нан мен палаудың иісі танауды жарады, таныс өзбек тілі құлаққа жағымды естіледі, ал, дүкен сөрелері үйреншікті шығыс тәттілеріне толы.

АҚШ Халық санағы бюросының дерегінше, бүгінде Америкада Өзбекстаннан көшіп келген және тегі өзбекпен байланысты 75 мыңнан астам адам тұрады. Олардың 20 мыңнан астамы АҚШ азаматы атанып үлгерді. Қалғандары тұрақты резидент мәртебесіне ие немесе жұмыс және студенттік визалармен жүр.

Өзбекстаннан Diversity Visa бағдарламасы мен отбасыларды біріктіру бағдарламасы бойынша жыл сайын 8 000 адамға дейін жаңа ағын келеді. Диаспораның негізгі шоғырланған орталықтары ретінде Нью-Йорк, Нью-Джерси, Пенсильвания (Филадельфия), сондай-ақ Техас (Хьюстон, Сан-Антонио), Иллинойс (Чикаго), Калифорния және Вашингтон штаттарындағы қарқынды дамушы қауымдастықтар бар

Басты тартылыс орталығы – әлемнің қаржы астанасы Нью-Йорк қаласы. Мұнда Өзбекстанда туған кем дегенде 33 мыңдай адам тұрады. Ал, 2000 жылы бұл көрсеткіш 12 685 адамды құраған. Өсім таңғаларлық: жиырма жылдан астам уақыт ішінде қауымдастық шамамен 2,6 есеге өскен. Оның үстіне диаспора ары қарай қарқынды өсуде.

Әсіресе Куинс пен Бруклин ерекше көзге түседі: Forest Hills, Rego Park, Brighton Beach, Sheepshead Bay, Midwood. Мұнда өзбек мейрамханалары, дүкендері, мәдени орталықтары, демалыс күнгі мектептері, адвокаттық және консалтингтік бюролары ашылған. Әлеуметтанушылардың пікірінше, енді жай ғана диаспора деп емес, толыққанды қоғамдық инфрақұрылым құрылып жатыр.

Бұл ретте америкалық өзбектер өзге ұлттардан әлдеқайда жас. Uzbek Americans-тың медиандық жасы 26,3 жасты құрайды, шамамен 40%-ы 18 жасқа толмағандар, тек 3%-ы ғана 65 жастан асқандар. Шамамен 10 мың этникалық өзбек тікелей АҚШ-тың өзінде дүниеге келген. Яғни, жаңа иммиграция толқынымен шектелмей, енді америкалық өзбектердің екінші буыны қалыптасып жатыр.

Өзбектер Америкада немен айналысады?

Атлант мұхитынан ары асқан өзбекстандықтардың кәсіби бейіні әралуан және сантүрлі саланы қамтиды. Шағын және орта бизнес әлі де кең танымал. Өзбектер қонақүй және туристік секторға, қызмет көрсету саласына, бөлшек саудаға, құрылысқа, жылжымайтын мүлік нарығына, мейрамханаларға, импорт пен экспорт ісіне, әсіресе жүк тасымалдау индустриясы (freight trucking) мен логистикалық компаниялар құруға кеңінен тартылған.

Ұлттық мейрамханалар, өзбек тандыры, самсасы мен палауы пісірілетін наубайханалар Нью-Йорктен бастап Калифорнияға дейінгі аралықты қамтиды. Көптеген ер-азаматтың Америкадағы еңбек жолы жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеуден басталады. Бірақ уақыт өте келе олардың көбі жалдамалы жүргізуші деңгейінен шығып, ондаған жүк машинасынан тұратын автопаркі бар ірі көлік компанияларының иегері атанып, диаспора өкілдеріне жаңа жұмыс орындарын ашуда.

Сонымен қатар, бұдан да ауқатты басқа бір қабат – технологиялық диаспора қалыптасып келеді: бұл IT, инженерия және ғылым саласы. Вашингтон штатындағы Сиэтлде және Кремний алқабында Өзбекстаннан шыққан 3 мыңнан астам адам тұрады. Олардың көбі Microsoft, Amazon, Google, Boeing, Oracle және NVIDIA компанияларында еңбек етеді. Бағдарламашылар, инженерлер, дата-сайентистер, жасанды интеллект мамандары – мұның бәрі өзбектердің кәсіби келбетінің ажырамас бөлігіне айналды.

Өзбекстандағы жаңа бағдарлама аясында екі жыл ішінде бір миллион айти маманды дайындау жоспарланған. Олардың алды дамыған елдерге кетіп, жоғары жалақы төленетін лауазымдарға орналасуда.

Сонда бюджет қаражатына оқығандар шетелге тайып тұрса, Ташкентке бұдан қандай пайда бар? Пайда зор: өзбектердің әлемдік жетістік тарихы түзіліп жатыр.

Бұған қоса, әлемнің түкпір-түкпіріндегі өзбектер Өзбекстанға миллиардтап ақша аударады. 2025 жылдың қорытындысында Өзбекстанға шетелдегі мигранттарынан құйылған ақша аударымдарының көлемі 18,9 млрд долларды құрады. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 27,2%-ға артық! Бұл ТМД-ның көшбасшы елдеріне тартылған тікелей шетелдік инвестицияларға бара-бар ақша.

Өзбектер Америкада несімен дараланады?

Бұл ұлыс өзге этностардан ұйымшылдығымен, бірін-бірі қиындықпен жалғыз қалдырмай, қолғабыс жасайтынымен озады. Американың ірі қалаларында өзбек мигранттары топтасып тұрып, төл балабақшаларын, мектептерін ашуда. Бұған Ташкент те, жергілікті бизнес те оқулықпен, керек-жарақпен көмектеседі.

Осы арқылы ана тіл, салт-дәстүр, тіпті ұлттық тағамдар ұқыпты сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ұтымды беріледі. Бұдан өзге, диаспора Uzbek Culture Festival сияқты фестивальдерді белсенді түрде өткізіп, бас біріктіреді.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан әлемдік деңгейдегі тұлғалары да жетерлік. Ташкентте дүниеге келген физик, нанотехнолог Әнуар Захидов (Anvar Zakhidov) University of Texas профессоры, сондай-ақ NanoTech Institute институтын құрушылардың бірі. Ол – АҚШ-тағы өзбекстандықтардың әлемдік деңгейдегі іргелі және қолданбалы ғылымда лайықты орын алуының жарқын үлгісі.

Тегі өзбек, көрнекті америкалық жазушы Сильвия Назар (Sylvia Nasar) – экранизациясы "Оскар" сыйлығымен марапатталған әлемге машһүр "Игры разума" (A Beautiful Mind) кітабының авторы.

Режиссер әрі оператор Алик Сахаров та Ташкенттің тумасы. Ол "Тақтар ойыны" (Game of Thrones), "Сопрано кланы", "Карта үй" және басқа да голливудтық фильмдерді түсіруге қатысқан. Милана Вайнтруб (Milana Vayntrub) – Ташкентте туған америкалық актриса әрі комик. Ол АҚШ-та "Біз" (This Is Us) сериалдарындағы және басқа да Голливуд жобаларындағы рөлдерімен танымал. Рита Волк (Rita Volk) – Ташкент түлегі, MTV-дің танымал "Жалғандық" (Faking It) сериалындағы басты рөлі арқасында кеңінен танымал болған актриса.

Белгілі америкалық-өзбекстандық пианист Лола Астанова классикалық музыканы жарқын кроссовер-жобалармен айшықтап, әлемдік алаңдарда, соның ішінде Carnegie Hall сахнасында әсерлі шоуға айналдырды.

Бизнесте де табыс тарихтары бар. Ташкентте дүниеге келген, аңызға айналған америкалық зергер әрі сағатшы, миллиардер Джейкоб Арабо (Жақып Арабов) – Jacob & Co брендінің негізін қалаушы. Оның туындыларын шоу-бизнес жұлдыздары, спортшылар мен әлемдік деңгейдегі музыканттар тағады.

Кәсіпкер Бабыр Ақылханов (Bobir Akilkhanov) жаңа буындағы digital-бизнестің өкілі. Өмірбаянында көрсетілгендей, ол 20 жасында 1 млн доллар инвестиция тартып, Австралияда әлеуметтік желі құрды, Airbnb тәрізді бизнесті іске қосты. Ричард Брэнсон, Малкольм Гладуэлл және басқа ірі тұлғалардың қатысуымен Synergy Global Forum ұйымдастырды.

Ал, Нью-Йорктегі заманауи Tashkent Supermarket базары ұлттық асхананың брендке қалай айналатынын паш етті. The Guardian басылымы Одилжон Турсунов пен оның отбасының посткеңестік иммигранттарға арналған шағын дүкен ретінде бастаған бизнесінің Нью-Йорктегі алып брендке қалай айналғаны туралы егжей-тегжейлі жазды.

Бүгінде бұл – классикалық азық-түлік дүкенінің, наубайхананың және дайын ыстық тағам орталығының үйлесімі. Мұнда балғын көкөністер мен жемістер, сүт өнімдері, азық-түлік, ең бастысы – өзбек, шығыс асханасының дәстүрлі тағамдары: нағыз палау, мәнті, самса, тұшпара, кәуап және сансыз тәтті сатылады.

Бұл желі Бруклиндегі Кони-Айленд-авенюдегі бір ғана шағын нүктеден басталып, бүгінде Нью-Йорктің әр түкпірінде, соның ішінде Манхэттендегі ірі филиалды қоса алғанда, бес ірі филиалға дейін өсті. Мысалы, желінің Бруклиннен (Бей-Ридж) сатып алған жаңа ірі ғимаратының сауда алаңы 36 000 шаршы футты құрайды. Бизнестің коммерциялық тұрғыдан аса табысты екенін оның ауқымды инвестициялары айғақтайды: жаңа бөлімшелері үшін қымбат аудандардан ірі коммерциялық ғимараттарды сатып алуда. Айталық, екі қабатты ғимаратты 18 миллион долларға алды. Сондай-ақ миллиондаған ипотекалық, жалдау және басқа да мәмілелері де дәлел бола алады.

Қалай болғанда, Америкадағы өзбектер тарихының ең қызықты беті дәл қазір жазылып жатыр. Нью-Йорк, Сиэтл сияқты мегаполистер төрінде ресми түрде "Uzbek Mahalla" дүниеге келді. Бұл – өзбек ағайынның киелі махалла ұғымын мұхиттың арғы бетінде жерсіндіріп, Америка топырағында қайта түлеткен бірегей ұйымдар. Онда Наурыз думаны тойланып, өзбектің көк-ақ-жасыл түсті байрағы асқақтай желбіреуде.

Осылайша, Америкадағы өзбектер және өзбекстандықтар – жатжұртта жетімнің күйін кешкен мигрант емес. Бұл – еңселі де ерекше "Uzbek-American culture" өкілдері. Бір жағынан ана тілінде еркін сөйлеп, түп-тегін сақтап, өзбек тарихын жадында ұстайтын, екінші жағынан, Батыс қоғамына судай сіңіп, тастай батқан, әлемдік деңгейдегі жоғары технологиялы компанияларда, озық университеттерде, алпауыт корпорацияларда немесе АҚШ-тың мемлекеттік мекемелерінде қажырлы еңбек етіп жүрген жас, іскер, жаңа буын қалыптасып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу