The Guardian жазуынша, АҚШ-та Трамптың солақай саясатына қарсы кең ауқымды наразылық акциялары бастау алды.
Hands Off ("Тарт қолыңды!") аталған бұл орасан зор қарсылық шарасы бүкіл штаттарды және Америкаға қарасты территорияларды қамтыды.
Наразылық акциялары тіркелген барлық елді мекендер түсірілген бұл картаны Axios жариялады.
Акция ел көлемінде 5 сәуірге жоспарланды, бірақ оның қорытындысы сағат айырмашылығына байланысты біздегі 6 сәуірге тұспа-тұс келеді. Ақпарат құралдары мұның Құрама Штаттардың жаңа тарихындағы бір күндік ең ірі демонстрацияға айналуы мүмкін екенін жазуда.
Оның ұйымдастырушылары журналистерге осы арқылы АҚШ Президенті Дональд Трамптың "бассыздығына және миллиардерлер ілгерілетіп отырған күн тәртібіне" бағынғысы келмейтіндерін паш етуге ниетті екенін мәлімдеді.
Наразылық шарасының бастамашыларының бірі – MoveOn құқық қорғаушы тобы өз мәлімдемесінде мұны "мобилизация" деп атады.
"Бұл – жалпыұлттық мобилизация. Ол қазіргі заман тарихындағы билікті ең арсыз басып алу талабын тоқтатуға бағытталады. Трамп, Маск пен олардың миллиардер достары біздің үкіметке, экономикаға, азаматтық негізгі құқықтарымызға жаппай әрі жан-жақтан шабуылдар ұйымдастыруда. Конгресс болса, олардың жүрісінің әрбір кезеңін үнсіз құптауда", – делінген құқық қорғаушы ұйымның мәлімдемесінде.
Бастамашылар биліктегі мұндай бейберекет ақыр соңында Құрама Штаттарды күйретіп, ыдыратып тынады деп қауіптенетіндерін жеткізді. Өйткені жаңа саясаттың абырой әпермесін түсінген кейбір штаттар оны орындаудан біржақты бас тарта бастаған. Бұл – бірлікке түскен сызат.
"Олар Американы бөлшектеп тастағысы келеді. Мемлекет атынан халыққа қамқор болып келген әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдерін жаппай жабуда, сауатты қызметкерлерді жұмыстан қуып жатыр. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін қиратты. Medicaid медсақтандыру жүйесінің ішін жарды. Осының бәрі анталаған миллиардерлердің афераларын қаржыландыру үшін жасалуда. Олар, шектен тыс байлыққа батқандар біздің салықтық қаражатымызды, біздің мемлекеттік қызметтерімізді, біздің демократиямызды талап жатыр", – деп мәселе көтерді MoveOn құқық қорғаушы тобы.
Оның белсенділерінің ақпарат құралдарына хабарлауынша, "дәл қазір бұған қарсы күреспесе, кейін құтқаратын ештеңе де қалмайды".
Ел астанасы Вашингтонда Трамп саясатын қолдамайтын бірнеше конгрессмен және басқа да танымал тұлғалар сөз сөйледі.
Мысалы, Мэриленд штатынан сайланған демократ-конгрессмен Джейми Раскин Вашингтонда жиналған жұрт алдында айтқан сөзінде Трамптың тарифтері, теріс саясаты елде инфляцияның өсуіне, қымбатшылықтың өршуіне, биржалардың құлдырауына соқтырып жатқанын жеткізді.
Салдарынан, мысалы, зейнеткерлердің бағалы қағаздарға салған жүздеген миллиард доллар жинағы жоқ болып кеткен.
"Біз тұтқындаусыз, депортацияланусыз, жұмыстан қуылусыз наразылығымызды еркін білдіруге құқылымыз! Біз қалаған кітапты, соның ішінде "1984" пен "Күтушінің әңгімесін" оқуға құқылымыз. Біз сондай-ақ Трамптың экономикамызды күйретіп жатқанын, елдің 6 триллион доллар байлығын жойып жібергенін ашық айтуға құқылымыз! Біз Мексика шығанағын "Мексика шығанағы" деп айтуға құқылымыз!", – деді Өкілдер палатасының депутаты Джейми Раскин.
Нөпір жұрт алдында екпінді сөз сөйлеген Флориданың конгрессмен-демократы Максвелл Фросттың байламынша, Америкада "жемқор миллиардерлер мен мегакорпорациялар тірек болған авторитаризм өсіп-жетіле бастады".
"Біз дәл қазір қоғамымыздың ұстыны болған құндылықтар, әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері, Medicare, Medicaid, қауіпсіздік тіректері күйретіліп жатқанына куә болудамыз. Оларды құрып, нығайту үшін ғасырлар бойы, бірнеше ұрпақ күресті, жанын қиды. Олар кейінгі ұрпақ артылған сенімді ақтайды деп үміттенді. Енді мұның бәрін миллиардерлер, олигархтар мен корпорациялар тонап, талап, қирата бастады. Зәлім авторитаризм біздің өміріміздің барлық қырын, денсаулық сақтау жүйесін, мектептерімізді, еркіндігімізді, ойлаған ойымызды бақылауға алуға ниетті", – деп сақтандырды Фрост.
Кейбір қалаларда наразылар орталық алаңдарға жиналмады. Олар қаланың орталығындағы көше қиылыстарын өзара бөлісіп алып, соларда ұрандады, жүргіншілер мен жүргізушілерге қарсылықтың себептерін түсіндірді.
"Hands Off" протесті біркүндік болғанымен, ақпарат құралдары бүгін де жалғасатынын мәлім етті.
CNN дерегінше, наразылық шерулерін ұйымдастырушылардың көш басында Indivisible, Американың азаматтық бостандықтарды қорғау одағы (ACLU), Сайлаушы әйелдер лигасы, Planned Parenthood Action Fund және басқа да консервативтік емес, прогрессивті құқық қорғаушы топтар жүр.
Олардың ұтқан бір жері – акцияларын шағын аудандарға дейін тарата алды. Ұйымдастырушылардың бірінің мәліметінше, 50 штаттың 50 501 шағын ауданында да наразылық шаралары өткен.
Осы арқылы, The Guardian түсіндіруінше, тек ірі қалалардың ғана емес, сондай-ақ ауыл-аймақтың өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік ұсынылды.
Қалыптасқан тәжірибе бойынша тек Вашингтон, Нью-Йорк, Атланта, Лас-Вегас, Сан-Франциско, Майами, Сиэтл сияқты ірі қалаларда шерушілер орталық алаңдар мен қала көшелерін толтыратын.
Оған жұмылмаған провинция жұртшылығы мұның бәрін тек теледидардан тамашалап, ернін бір шылп еткізе таңданып, артынша билік ұсынған кандидатқа дауыс беруге жөнелетін. Енді Трамп саясатын қолдамайтындар деревня тұрғындарына дейін жетіп, неге наразы екендерін жеткізуге тырысуда.
Билік болса, наразылық шараларына орай қақтығыстардың алдын алуға дайындалып, құқықтық тәртіпті сақтауды күшейтті, полицияны және басқа күш құрылымдарын жоғарғы дайындыққа келтірді.
Осының алдында ғана Дональд Трамп елде төтенше жағдай жариялаған болатын. Ол да Президентке қарсыластарын басу үшін батыл қимылдауға мүмкіндік береді.
Америкалық ақпарат құралдарының дерегінше, алдын ала есептеулер бойынша қарсылық шараларының бастапқы кезеңінің өзінде қатысушылар саны 250 мыңнан асып жығылған. Негізгі көрсеткіштер бүгін кешке белгілі болуы және бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Өйткені Трамптың бірінші президенттігі тұсында, 2017 жылы "Әйелдер маршы" акциясы өтіп, оған ұзын-саны 1 миллионнан аса адам қатысқан болатын. Енді екінші каденциясы тұсындағы демонстрацияның ауқымы одан асып кететінге ұқсайды.
Себебі, "Еуроньюс" арнасы антитрамптық шерулердің Еуропалық Одақ елдеріне де жайылғанын хабарлады.
Reuters мәліметінше, сенбі күні Германияның Франкфурт қаласында өткен "Тарт қолыңды!" наразылық акцияларын "Шетелдегі демократтар" ұйымы ұйымдастырды.
Берлинде тұратын АҚШ азаматтары Tesla көрме залы мен Америка елшілігінің алдына жиналды. Бұл Трамп пен Илон Маскқа қарсылықтың нышаны. Шерушілер ұстаған үнпарақтарда "Хаосты тоқтат!" деген ауандағы үндеулер жазылған.
Францияның бас қаласы Парижде негізінен америкалықтар бастаған демонстранттар АҚШ Президентіне сырттай доқ көрсету үшін Республика алаңында жиналды. Телеарналар көрсеткендей, олар: "Тиранға қарсы тұрыңдар!", "Заңның үстемдігі!", "Демократияны құтқарыңдар!" сияқты сөздер жазылған транспаранттарды желпіді.
Ұлыбритания патшалығының астанасы Лондонда, Трафальгар алаңында қарақұрым халық жиналған. Reuters дерегінше, олар "MAGA зұлымдығына жол жоқ!", "Трампты лақтырып таста!", "Демократияны жаппай сатылымға шығартпаймыз!" сияқты плакаттар ұстаған.
Сенбі күні наразы жұрт, тағы да көбіне америкалықтар Португалияның Лиссабонында шерулер өткізді. Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт елде толқулар жалғасуда және бұл тек басы сияқты.