АҚШ президенті Дональд Трамп Лос-Анджелестің оңтүстігіндегі Ранчо-Палос-Вердес қаласында орналасқан өзіне тиесілі гольф алаңында қайырымдылық кешіне қатысуы тиіс болған. Алайда шараға екі күн қалғанда сол аумақта қарулы ер адам ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
Лос-Анджелес округі шерифі басқармасының мәліметінше, күдікті гольф алаңының қауіпсіздік жүйесін бақылап, аумақты суретке және бейнежазбаға түсірген. Тінту кезінде оның қалтасынан 16 оқ, ал көлігінен оқталған тапанша табылды. Осыған байланысты оған атыс қаруын жасырын алып жүру және тыйым салынған оқ-дәрілерді заңсыз сақтау баптары бойынша айып тағылды.
Келесі күні шериф басқармасының тергеушілері мен ФБР қызметкерлері күдіктінің үйіне тінту жүргізіп, заңсыз өзгертілген винтовка, тапанша, оқ өткізбейтін кеудеше, оқ-дәрілер және радиобайланыс құрылғыларын тәркіледі. Сондай-ақ оның жазбалары арасынан "алаңдаушылық туғызатын мазмұндағы" бірнеше дәптер де табылған.
Қазір АҚШ-тың Құпия қызметі күдіктінің Дональд Трампқа қауіп төндіруі мүмкін бе деген нұсқаны тексеріп жатыр. Дегенмен әзірге оның президентке қастандық жасауды жоспарлағанын растайтын нақты дәлелдер жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.
Кейбір БАҚ-тың хабарлауынша, күдікті 38 жастағы Жанин Джон Таэле.