АҚШ-та Украина үшін Путинді жазалайтын қандай тәсілдер бар?

4953

Егер Ресей Украинаға басып кіретін болса, Батыста Президент Владимир Путинді жазалаудың қаржылық мүмкіндіктері қарастырылады.  

АҚШ-та Украина үшін Путинді жазалайтын қандай тәсілдер бар?

Америка Құрама Штаттары мен оның еуропалық одақтастары Путин Украинаға әскерін кіргізетін болса, Ресейге бұрын-соңды болмаған қаржылық соққы беруге уәде беріп отыр. Батыстық лидерлер жұртшылыққа осыған қатысты сенімді мәліметтердің аз ғана бөлігін беріп, Кремль басшысы жұмбақтап жүрсін деп, оларды толық жарияламай отыр.

Қарастырылып отырған кейбір қаржылық әрекеттердің қысқаша сипаты төмендегідей:

SWIFT күшімен кек алу

АҚШ пен оның еуропалық одақтастары үшін бүкіл әлем бойынша ақшаны банктен банкке аударатын SWIFT қаржы жүйесінен Ресейді ажырату – ең қиын қаржылық қадамдардың бірі. Оңай болмаса да, бұл – Батыстың қолынан келетін шаруа. Оны жүзеге асырса, Ресей экономикасына бірден және ұзақ мерзімді перспективада орасан зиян келмек. Бұл қадам Ресейді көптеген халықаралық қаржылық транзакциялардан, соның ішінде ел кірісінің 40%-дан астамын құрайтын мұнай мен газ өндіруден түсетін халықаралық пайдадан қағуы мүмкін.

Атлант мұхитының екі жағындағы одақтастар 2014 жылы Ресей Украинаның Қырымын аннексиялап, Донбасстағы сепаратистік күштерді қолдаған кезде, SWIFT вариантын да қарастырды. РФ сол кезде SWIFT жүйесінен шығару – өзіне соғыс жариялаумен пара-пар деп ескерткен еді. Одақтастар Ресейдің 2014 жылғы агрессиясына тым әлсіз жауап бергені үшін сынға алынып жатса да, SWIFT-тен ажырату идеясынан осы күнге дейін бас тартып келді.

Содан бері Ресей өзінің қаржылық аударымдар жүйесін дамытуға тырысқанымен, үлкен табысқа жете алмады. Айта кетсек, АҚШ бұған дейін Иранды ядролық бағдарламасы үшін SWIFT жүйесінен шығарды.

Бірақ Ресейді SWIFT-тен ажырату басқа экономикаларға, соның ішінде АҚШ пен оның негізгі одақтасы – Германияға да зиянды. АҚШ заңгерлері өткен айда Байден әкімшілігінің бұл әрекеттің әсері қаншалықты залалды болатынын әлі де талдап жатқанын хабарлады. Ал Германия Сыртқы істер министрі Анналена Баербок журналистердің Ресейді SWIFT-тен аластату  туралы сұрағына күмәнмен жауап берді.

"Ең мықты таяқтың өзі әрқашан ең ақылды қылыш бола бермейді", – дейді Бербок.

Доллардан айыру

Америка Құрама Штаттары қазірдің өзінде Ресей Украинаға басып кіретін болса, Путинге қарсы қолданатын ең қуатты қаржылық қарудың біріне ие. Ол – Ресейді АҚШ долларынан айыру.

Долларлар әлемдегі қаржылық операцияларда әлі күнге дейін үстемдік етіп, күн сайын бұл ойындарға триллиондаған доллар тартылады.

АҚШ долларындағы транзакциялар, сайып келгенде, Федералдық резервтен немесе АҚШ қаржы институттарынан өтеді. Бұның бәрі барлық шетелдік банктер доллармен есеп айрысу үшін АҚШ-тың қаржы жүйесіне кіре алуы керек дегенді білдіреді.

Бұл рұқсатты бұғаттау мүмкіндігін пайдаланып, Құрама Штаттар өз шекарасынан тыс жерлерде де қаржылық қиындықтар туындата алады. Осыған дейін АҚШ Иранға, Суданға және басқа елдерге қарсы санкцияларды бұзды деген айыппен бірқатар қаржы институттарын доллармен жұмыс істеу мүмкіндігінен уақытша айырған.

Байден журналистерге мәлімдегендей, Ресей мен ресейліктерді доллардан айыру – АҚШ зерттеп жатқан мүмкіндіктердің бірі. Бұл тәсілдің SWIFT пен басқа да қаржылық шаралардан айырмашылығы сол, оны АҚШ-тың өзі-ақ жүзеге асыра алады. Көптеген ресейліктер мен ресейлік компаниялар болса, АҚШ-тың банк жүйесіне қол жеткізе алмайтындықтан, жалақы төлеу немесе заттарды сатып алу сияқты ең қарапайым транзакцияларды орындай алмайтын күйге жетуі мүмкін.

Экспорттық бақылау

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки АҚШ-тың Ресейге қатысты экспорттық бақылау енгізуді қарастырып жатқанын растады. Бұл дегеніміз Ресейге әскери ұшақтар мен жолаушылар ұшақтарының ұшуына көмектесетін және смартфондарды ақылды ететін жоғары технологияларды, заманауи құрылғыларды және басқа да бағдарламалар мен электрондық жабдықтарды сатуға тыйым салуды білдіреді.

Осының нәтижесінде Ресей Куба, Иран, Солтүстік Корея және Сирия тәрізді экспорттық бақылау мен ең қатаң шектеулерге іліккен елдер тобына қосылуы мүмкін.

Сонымен қатар бұндай санкциялар Ресейдің интегралдық микросхемалар мен интегралдық схемалы өнімдерді, ұшақтар авионикасын, станоктарды, смартфондарды, ойын консольдарын, планшеттер мен теледидарларды алу мүмкіндігін шектеуі ықтимал және де жаңа санкциялар Ресейдің жасанды интеллект пен кванттық есептеулердегі жоғары технологиялық амбицияларына кері әсер етіп, оның қорғаныс пен азаматтық авиация секторларын қамтитын ірі өнеркәсібін нысанаға алмақ.

Дегенмен қарастырылып отырған кейбір санкциялар мен АҚШ-тың экспорттық шектеулері Ресей бизнесін Қытай тәрізді басқа елдерден альтернатива іздеуге ынталандыруы ғажап емес.

Облигациялар нарығы

Байден әкімшілігі өткен жылы АҚШ қаржы институттарына ресейлік мемлекеттік облигацияларды мемлекеттік мекемелерден тікелей сатып алуға тыйым сала отырып, Ресейдің қарыз алу мүмкіндігін шектеді.

Nord stream-2 табиғи газ құбыры

Конгрестегі республикашылдар мен демократтар Ресейден Германияға "Солтүстік ағын -2" табиғи газ құбырының тартылуына көптеген жылдар бойы қарсылық білдіріп келеді. Олардың пікірінше, бұл құбыр Ресейге Еуропадағы саяси мақсаттарына жету үшін газды қару ретінде пайдалануға көмектеседі. Кремль болса, мұны жоққа шығарып келеді.

Жақында Президент Байден ескерткендей, Ресей Украинаға басып кіретін болса, Nord Stream-2 мүлде жабылуы мүмкін.

Олигархтардың ізіне түсу... және дос қыз

АҚШ-тың ең жиі қолданатын санкциялық тактикаларының бірі – лидерлердің айналасындағы топтарға, олардың отбасыларына, әскери және азаматтық элитаға санкция салу. Мұндай жазаға Путин мен оның достары және отбасы мүшелері, Ресейдің қуатты бизнес-олигархтары мен банктері де тап болуы мүмкін.

Индиана штатының республикашылдар өкілі Джим Бэнкс пен өкілдер палатасындағы 40-қа жуық республикашыл SWIFT пен Солтүстік ағынды тоқтатудан бөлек, Ресейдің жоғарғы эшелонындағы көптеген адамдарды санкциялармен нысанаға алуды талап етіп отыр. Сол эшелонда Путиннің отбасы мен 2004 жылы көркем гимнастикадан Олимпиада алтынын жеңіп алған Алина Кабаева да бар. "Ассоушиэйтид пресс" агенттігінің хабарлауынша, Кабаева – Путиннің романтикалық қызығушылығындағы әйел немесе дос қызы.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу