АҚШ тағы бір мұнай танкерін басып алды

229

Танкер Иранның санкцияға іліккен мұнайын тасымалдады деген күдікке ілінген. 

АҚШ тағы бір мұнай танкерін басып алды Фото: ria.ru

АҚШ Үнді мұхитында Панама туымен жүрген, Иранның санкцияға іліккен мұнайын тасымалдады деген күдікке ілінген тағы бір танкерді басып алды. Бұл туралы жексенбі күні АҚШ-тың соғыс министрлігі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

DW агенттігінің жазуынша, әңгіме Veronica III атты кеме туралы болып отыр. АҚШ әскери күштері танкердің қозғалысын Кариб теңізі аймағынан бастап Үнді мұхитына дейін бақылаған. Кейін оны күшпен тоқтатып, тексерген.

АҚШ Қаржы министрлігі 2024 жылдың наурыз айында Veronica III танкерін Иранның "көлеңкелі флотының" бір бөлігі ретінде қара тізімге енгізген. Бұдан басқа Қытай, Үндістан, БАӘ және басқа елдердегі ондаған танкер мен кеме қатынасы компаниялары да санкцияға іліккен. АҚШ оларды Иран мұнайын тасымалдауға қатысы бар деп айыптады.

Бұған дейін The Wall Street Journal басылымының дереккөздері Ақ үй әкімшілігінің Иран мұнайын тасымалдаған танкерлерді тәркілеу мүмкіндігін талқылағанын мәлімдеген. Бұл Тегеранға қысымды арттырып, оны ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерге итермелеу мақсатында жасалғаны айтылған. 

9 ақпанда АҚШ соғыс министрлігі Үнді мұхитында Aquila II атты танкерді қолға түсірді. Америкалықтар бұл кеме Ресейдің "көлеңкелі флотының" құрамына кіруі мүмкін деп мәлімдеді. Ведомствоның мәлімдемесінде танкердің Кариб теңізі аймағындағы санкциялық режимді бұзуға тырысқаны айтылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу