АҚШ Таяу Шығыстағы шиеленіс ушығуы мүмкін екенін ескертті

268

АҚШ-тың Таяу Шығыстағы елшіліктері америкалықтарды сақтық танытуға шақырып, қауіпсіздік ескертулерін таратты.  

АҚШ Таяу Шығыстағы шиеленіс ушығуы мүмкін екенін ескертті Фото: Khalil Mazraawi/AFP

Мәлімдеме Иран қолдайтын йемендік хуситтердің Сауд Арабиясындағы нысандарға жасаған шабуылдарынан кейін жарияланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews телеарнасына сілтеме жасап.

Бахрейн, Израиль, Ирак, Иордания, Кувейт, Ливан, Оман, Қатар, Сауд Арабиясы және БАӘ-дегі дипломатиялық миссиялар "әскери қақтығыс тез арада ушығып кетуі мүмкін" екенін ескертті. Сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы жағдай да "күрделі" болып қала беретінін мәлім етті. Хабарламада азаматтарға "рейстердің ықтимал тоқтатылуы, әуе кеңістігінің жабылуы және көлік қатынасындағы іркілістерді" ескеру қажеттігі айтылған.

АҚШ тарапы мұндай қауіпсіздік шараларын сенбі күні хуситтердің жасаған мәлімдемесінен кейін қолға алды. Хуситтер Сауд Арабиясының соққыларына жауап ретінде баллистикалық және қанатты зымырандар мен дрондарды қолданып, екі ауқымды операция жүргізгендерін хабарлаған еді.

"Бірінші соққы Эр-Рияд қаласындағы аса маңызды нысандарға, ал екіншісі Янбу қаласындағы "Aramco" компаниясының инфрақұрылымына бағытталды", – деді хуситтер.

Кейін Йеменнің заңды үкіметін қолдау мақсатында 2015 жылы құрылған Араб коалициясының өкілі бұл ақпаратты растады. Оның дерегінше, корольдіктің Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Эр-Риядқа бағытталған баллистикалық зымыранды әуеде атып түсірген. Оған қоса, хуситтер Байш, Таиф, Фарасан және Янбу қалаларына да соққы жасамақ болған.

Сенбі күні Эр-Рияд тұрғындары король Халид атындағы әуежайдың аумағында өрт пен түтінді көргендерін хабарлады. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан әуежай үстінен көтерілген түтін бағанасын көруге болады.

Ал Flightradar24 авиарейстерді бақылау сервисінің дерегінше, бұл уақытта әуежайда мәселе туындаған. Шілде айында Сауд Арабиясына теңіз блокадасын жариялаған хуситтер саудиялық қалалар мен кемелерге жиі шабуыл жасап жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу