АҚШ-тың Өкілдер палатасы Түркияның демократиялық статусын қайта қарауға және оны Еуропаның емес, Таяу Шығыстың елі деп тануға бағытталған арнайы заң жобасын қарауға алды. Бұл туралы Fox News хабарлады.
"Түркияның дипломатиялық қайта құрылуы туралы заң" деп аталған бастама Түркия республикасын АҚШ Мемлекеттік департаментінің (бізше Сыртқы істер министрлігінің) Еуропа мен Еуразия істері жөніндегі бюросының құзырынан алып тастап, оны Таяу Шығыс істері жөніндегі бюроға ауыстыруды қарастырады.
Fox News хабарлауынша, мұндағы мақсат "АҚШ-тың жауы саналатын елдермен байланыс жасайтын Түркияны тосқауылдап ұстауға талаптану". Өйткені Ресей мен Беларусьті қоспағанда, Еуропа мен Еуразияның басқа елдері бұған дейін АҚШ-тың серіктестері саналып келді. Енді Трамп тізгіндеген Вашингтон Анкараны "АҚШ пен НАТО одақтастарынан алыстап бара жатқан мемлекет" деп есептейді.
"Бұл Үкімет ХАМАС содырларын жасырып отыр. Экономикалық одақтастық арқылы Путиннің әскери машинасына қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, Батыс одақтасынан артықшылық талап етуін жалғастыра отырып, НАТО-ның бірлігіне кедергі келтіреді. Америкалық дипломатия көзбояушылық жасауын доғарып, Түркияны бұрынғыдай Еуропаның бір бөлігі деп санауын қоюы керек", – деді жобаны Конгресс қарауына енгізген топты басқаратын конгрессмен Брэд Шнайдер.
Бұл ұстанымға Түркия Үкіметі наразылығын білдірді және түріктің сыртқы саясаты мен еуропалық бағдарын Конгресс мүшелерінің дұрыс түсінбей отырғанына нұсқады.
Айта кету керек, қазіргі кезде Түркия – НАТО-ның АҚШ-тан кейінгі ең қуатты мүшесі. Тек ядролық қаруы жоқ демесеңіз, армиясы, қару-жарағының, әскери техникасының, кемелерінің көлемі, сондай-ақ әлемнің әр елінде соғыс жүргізу тәжірибесі жөнінен НАТО-да Америкадан басқа бірде бір ел оның алдына түсе алмайды.
"Түркия еуропашылдыққа шын берілген және бұл дау тудырмайтын тарихи, геостратегиялық факт болып табылады! НАТО-ның, сондай-ақ Еуропа Кеңесінің, ЕҚЫҰ-ның қуатты мүшесі, Еуропалық Одақтың қауымдасқан мүшесі бола отырып, Түркия еуропалық институционалдық шеңбердің ажырамас бөлшегі саналады. Ол осы институттар ұсынатын әмбебап құндылықтарды қорғайды", – деді Fox News Digital-ға Түркияның АҚШ-тағы елшілігінің өкілі.
Кейбір халықаралық сарапшылардың тұспалдауынша, Конгресс бұл заңды қабылдап, оған Трамп қол қойса, оның басқа да жағымсыз салдарлары болуы мүмкін. Мысалы, Трамп әкімшілігі Түркияны НАТО-дан, Еуропа Кеңесінен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан, Еуропалық қайта құру және даму банкінен және басқа да қаптаған еуропалық институттардан алшақтатуды талап етуі ықтимал.
Сондай-ақ, Анкараның Еуроодаққа және Шенген аймағына толыққанды кіру арманы да елеске айналып кетуі ғажап емес. Сондықтан бұл бастамаға Түркияның қарсыласып бағатыны түсінікті.
Заңжоба авторларының бірі Түркияға "НАТО тұғырнамасын америкалық мүдделерге нұқсан келтіру үшін пайдаланды" деп негізсіз жала жапты. 2023 жылы Анкара Швеция мен Финляндияның НАТО-ға мүше болуына келісім беруіне айырбас ретінде Вашингтоннан кезінде уәде етілген F-16 жойғыш ұшақтарын өзіне сатуға рұқсат беруді талап еткен болатын.
Байден Үкіметі ақыры соған келісті, содан кейін Түркия ветосын алып тастады, Солтүстікатлантикалық Альянс жаңа екі мүшемен толықты. Жаңа заң жобасына бастамашы болған конгрессмендер салмақты дәйектеме таппағандықтан, сол ескі оқиғаны еске алып, Түркияны "шантаж" жасады деп күстәналады.
Егер заң қабылданса, онда АҚШ Мемдепартаменті 90 күн ішінде Түркияның дипломатиялық мәртебесін қайта қарайды. Бұған қоса, Конгресске Түркияның Еуропадан қашықтауының салдарларына бесжылдық шолу ұсынуға тиіс. Әрі қарайғы қадамдар белгісіз.
Сарапшылар АҚШ-тың кезінде Түркияны онсыз да Таяу Шығыс елі деп санағанына, бертінде ғана Еуропаға жатқызғанына назар аудартады. Сондықтан қазіргі кезде америкалық депутаттар "Түркияның мәртебесін қалпына келтіру" туралы айтуда.
Түрколог, доктор Фикрет Тюркмен Түркия мен Америка арасы әрдайым күрделі болғанын айтады. АҚШ құрылған соң тек жарты ғасыр өткенде, 1831 жылы Осман империясымен дипломатиялық қатынас орнатты.
Бірінші Дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, 1923 жылы Осман империясының жұртында қазіргі Түркия Республикасы құрылды. Алайда Америка оны тек 1927 жылы ғана танып, жаңа мемлекетпен арасында дипломатиялық қатынастарды жолға қойды.
АҚШ-ты Гарри Трумэн (1945-1953) билеп тұрған тұста Вашингтон түрік елінің соғыстан кейінгі қалыптасуына көмектесті. 1947 жылғы 12 шілдеде екі ел Экономикалық және техникалық ынтымақтастық туралы тарихи келісімге қол қойды. Ол кезде Америка "Трумэн Доктринасы" аясында Кеңес одағы тарапынан төнген қауіп-қатерге қарсы тұруы үшін Түркияға түрлі көмек көрсетті.
Сарапшының айтуынша, қырғи-қабақ (суық) соғыс кезінде Түркия АҚШ жағында болды. 1950-1953 жылғы Корея соғысында Түріктің қарулы күштері Америка және Оңтүстік Корея әскерлерімен бірге коммунистерге қарсы соғысты.
1952 жылы НАТО құрамына кірген Түркия оны нығайтуға сүбелі үлес қосты, 1955 жылы Орталық келісім ұйымын ұйымдастырушылардың бірі болды, Эйзенхауэр Доктринасы қағидаттарын қызу құптап, ілгерілетті.
Еуропашылдығын паш еткен Түркия өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары Американың Таяу Шығыстағы одақтастарын – шахтық Иранды, Израильді, Иорданияны қорғап, өңірде Кеңес одағымен ынтымақтасқан мұсылман Мысыр-Египет, Ирак және Сирияны тойтаруға атсалысты.
Дегенмен, 1974 жылы Кипр үшін Түркия мен Грекия арасындағы шайқастан кейін Вашингтон мен Анкараның арасы суыды. Содан бері Америка Түркияға озық қару-жарағын, соның ішінде F-16 жойғыш ұшақтарын жеткізуді уақытша доғарды.
1980-ші жылдары Түркия мен АҚШ ынтымақтастығы бірте-бірте қалпына келді. Экономикалық серіктестік күшейді. Мысалы, Иракпен кең ауқымды экономикалық байланыстарының болғанына қарамастан, Парсы шығанағындағы соғыста Түркия Американың позициясын қолдап шықты.
Халықаралық сарапшылардың байламынша, қазіргі кезде Түркияның Орталық Азияда, Кавказда (Әзербайжан, Оңтүстік Осетия, Абхазия мен Грузияда), Таяу Шығыста (Сирияда, Ливанда, Қатарда), сондай-ақ Африка елдерінде өз үстемдігін арттыруы Америкаға ұнамайды. Бұл өңірлерде Американың ықпалы қарқынды түрде кемуде.
Саясаттанушы Геворг Мирзаян Дональд Трамптың Түркиямен бірінші каденциясы кезінде де қақтығысқанын еске түсірді.
"Мысалы, Трамптың алғашқы президенттігі тұсында, 2019 жылғы 28 қазанда Конгресстің Өкілдер палатасы Түркияның белсенді қарсылығына қарамастан, армяндардың геноцидін ресми таныды. АҚШ Сенаты тиісті шешімді 12 желтоқсанда қабылдады. Бұл да Түркияның Таяу Шығыстағы рөлінің артуына деген қыңыр жауап болатын. Сол тұста Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Қатарды "түріктің екінші үйі" деп атады. Өйткені Ердоған Американың Таяу Шығыстағы жақын серіктесі Сауд Арабиясымен шиеленісінде Қатардың жағына шыққан болатын. Қазіргі кезде Ердоған Таяу Шығыстағы қақтығыста палестиналықтарды белсенді қорғап жүр. АҚШ Түркияның Израиль жағында болуын қалайды", – деді саясаттанушы.
Ол Сириядағы қарулы күрд күштерімен соғыста Америка НАТО-лас серіктесі Түркияның емес, күрдтердің жағында болғанына назар аудартты. Бұл ұстаным әсіресе, Трамп Президент болғанда күшейді.
Трамптың бірінші каденциясы тұсында Сирияда азаматтық соғыс жалғасты және күрдтер Башар Асад билігінен іс жүзінде тәуелсіздік алды. Режеп Тайып Ердоған "Күрдістан жұмысшы партиясы" Түркияда терроризммен айналысатынын және түрік республикасының территориялық тұтастығына қатер төндіретінін айтып жүрді.
Түркия Президенті бұл қатерді қарулы күштердің көмегімен жоюға бірнеше рет талаптанды. Екі ірі әскери операция барысында сириялық күрдтердің біраз жерін басып алды. Алайда күрдтерге америкалықтар қарумен көмек бергендіктен және оның жерінде америкалық контингентті ұстағандықтан, Анкара дегеніне ол кезде толыққанды жете алмады.
Қазіргі кезде жағдай басқа, Сирия үкіметіне түрікшіл күштер келді.
Осы орайда күрд көсемі Абдулла Оджаланның үндеуіне байланысты таяуда "Күрдістанның жұмысшы партиясы" съез өткізіп, өзін тарататынын, енді Түркиямен соғыспайтынын жариялайды деп күтілуде.
Демек, Таяу Шығыстағы Америка өз қанатының астына алған күрдтер Түркия алдында тізе бүгіп отыр. Бұл да Трамп әкімшілігінің зығырданын қайнатып, түріктерге тісін қайрауына ықпал етсе керек.
Саясаттанушы Мирзаян жеке кездесулерде Трампты Ердоғанның мысы басып кете беретінін айтады. Мысалы, алғашқы президенттігі кезінде, 2018 жылғы 1 желтоқсанда, Буэнос-Айресте өткен G20 саммитінде Түркия мен АҚШ президенттері бір емес, екі рет кездесіпті.
Сонда Ердоған мырза Трампқа қатаң ультиматум қойған екен: "АҚШ одақтасының кім екені жөнінде айқындалуы қажет – Түркия ма, әлде лаңкестер ме?" деп түрік лидері сауалды төтесінен қойғанда, Трамптың жүзі боз шүберектей бозарып кеткен көрінеді. Бұл туралы америкалық басылымдар да жазды. Жалпы, "Күрдістанның жұмысшы партиясы" тек Түркияда ғана емес, АҚШ-та "террористік ұйым" деп танылған.
Дегенмен, АҚШ пен Түркияның қатынасы қанша градусқа дейін суитыны белгісіз. Америкалық саясаткер қазіргі қадамды "ескерту" деп атады.
"Түркия Үкіметі АҚШ саясаткерлері үшін бас ауруға айналды. Түркия Американың мүдделеріне қайшы келетін ішкі және сыртқы саясатты жүргізу арқылы біздің қарсыласымызға көбірек ұқсап барады. Егер Анкара қазіргі беталысын, траекториясын сақтаса, бас ауру тез-ақ бастың сақинасына (мигрень) айналып кетуі мүмкін", – деді Өкілдер палатасының қосалқы комитетіндегі баяндамасында Демократияны қолдау қорының атқарушы директоры Джонатан Шанцер.