АҚШ-тың аса құпия құжаттары:Ресей-Украина шайқасы туралы не дейді?

1982

Пентагон бұл мәліметтердің шын екенін мойындады. Бірақ олардың кейбір тұстары редакцияланған тәрізді. 

АҚШ-тың аса құпия құжаттары:Ресей-Украина шайқасы туралы не дейді? Фото: ria.ru

Ресей-Украина соғысы туралы Пентагонның ондаған құпия құжаты әлеуметтік желіге тарап кетті. Осыған байланысты Киев өзінің әскери жоспарларына бірқатар өзгерістер енгізуге мәжбүр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Кейбір украиналық шенеуніктер "жарияланған құжаттарда шындыққа жанаспайтын деректер бар және олар Ресейдің жалған ақпарат тарату науқанына ұқсайды" деп мәлімдеп отыр. Алайда CNN хабарлағандай, Пентагон бұл құжаттардың шынайы екенін мойындады, бірақ олардың кейбір тұстары өңделген сияқты.

Пентагонның баспасөз хатшысының орынбасары Сабрина Сингх құжаттардың заңдылығына түсініктеме бермеді. Бірақ оның айтуынша, АҚШ қорғаныс министрлігі "әлеуметтік желіде тараған жазбалардан хабардар және департамент бұл мәселені қарап жатыр".

Құжаттардың кейбіреулері алты аптаға жуық уақыт бұрын әзірленген. Олар Ресей мен Украина арасында жалғасып жатқан соғыс туралы егжей-тегжейлі түсінік береді. Дәлірек айтсақ, құпия документтерде Бахмут шайқасы, екі жақтың құрбандары, қару-жарақ жеткізілімі және әскери стратегия туралы ақпараттар әшкере болған. Оның үстіне, бұл құжаттар АҚШ-тың Ресейге ғана емес, Украинаға, Израильге және Оңтүстік Кореяға да тыңшылық жасағанын көрсетіп берді.

Жарияланған құжаттар Ресей-Украина соғысы туралы нені анықтады?

Украинаның әуе қорғанысына қауіп төніп тұр: Ресей әуе күштеріне қарсы тұру үшін Киев қазір кеңестік дәуірдегі С-300 және Bulk әуе қорғаныс жүйелерін пайдаланып жатыр. Алайда аталған құжаттарға жүгінсек, егер Украина оқ-дәрілердің үлкен партиясымен қамтамасыз етілмесе, мамырда бұл қару түрлерін қолдана алмайды.

Сонымен қатар, "Ресей әуе күштерінің басым бөлігі шоғырланған майдан шебіндегі украиналық әскерлерді қорғауға тиіс Украина ПВО-сы 23 мамырға дейін "толығымен қысқартылады" екен. Бұл Ресей армиясын серпілтіп, оған жойғыш және бомбалаушы ұшақтарды шайқас нәтижесін өз пайдасына өзгертуге қолдануға мүмкіндік беруі мүмкін.

Украина Бахмут шайқасында жеңілістен аман қалды: Жарияланған деректер биыл ақпанның соңында ресейлік күштердің Бахмут қаласында украин әскерін қоршауға шақ қалғанын көрсетеді. Украина барлаушылары болса, бұл жағдайды "апаттық" деп сипаттаған. Өйткені соғысуға оқ-дәрі жетіспегендіктен, сол кезде украин жауынгерлерінің моральдық жағдайы төмен болыпты. Дегенмен, Украина бірнеше аптадан немесе айдан кейін қарымта шабуылдарға жұмылдырылуға тиіс элиталық бөлімшелерінің көмегімен ресейліктердің бетін қайтарып, Бахмутты ұстап қалған.

Израиль мен Оңтүстік Кореяның Украинаға көмектесуден тартынуы: Әлеуметтік желіге түскен құжаттар, сонымен бірге, Киевке қару-жарақ беруге күмәнмен қарайтын АҚШ-тың одақтастары туралы да мәліметтер берді. Мысалы, Оңтүстік Корея АҚШ-тың қорын толықтыруға көмектесу үшін артиллериялық снарядтар жібергенде, америкалықтар бұл қаруды Украинаға бағыттайды деп қорыққан.

Сол сияқты, Израиль де Киевке қару-жарақ жіберуден тартынатынын білдірді. Бұл ел Украинаға тапсырыс бойынша ерте хабарлау жүйесін жасауға көмектесіп жатқанымен, Зеленскийдің армиясына өлімге әкелетін қару жеткізуге келіспеген. Дегенмен, бұл жағдай жақын арада өзгеруі мүмкін. Өйткені тарап кеткен мәліметтерге жүгінсек, алдағы айларда Израиль Украинаға үшінші елдер арқылы өлімге әкелетін қорғаныс жүйелерін жөнелтуі ықтимал.

Танктерді жою үшін бонустық төлем: өз сарбаздарын ынталандыру және олардың рухын көтеру мақсатында ресейлік әскерилер ақша ұсыну тактикасына көшкен. "Шетелдік танктерді басып алып, жойғаны үшін төлем жүйесі енгізіледі. Ал, қираған танктер туралы видеороликтер Украина мен Батысқа сенімді сетінетіп, Ресей әскерінің жаңа қаруға төтеп беру қабілетіне сенімді күшейтеді", - деп жазылған құпия деректерде.

Вагнердің көтерілуі: Қолды болған құжаттарда Ресей президенті Владимир Путиннің жақын одақтасы Евгений Пригожинге тиесілі "Вагнер" тобы туралы да айтылған. Ал Пентагон бұл әскери ұйым Американың Африкадағы операцияларына нұқсан келтіріп, Малидегі заставадан қару-жарақ алуға тырысқанын мәлімдеген.

Құрбандар туралы: Құжаттардағы ақпараттың көпшілігі ресми өкілдер жариялаған мәліметтермен шамалас. Олардың біреуінде ресейліктердің 189 500-ден 223 000-ға дейін адам жоғалтқаны айтылған. Америкалық лауазымдылар бұған дейін Ресейдің шығыны 200 мыңға жуық деп болжаған еді. Осыған дейін батыстық бақылаушылар Украинаның 100 мыңға жуық жауынгерден айрылғанын айтты. Ал, жарияланған құжатта ақпандағы жағдай бойынша 124 500 - 131 000 украиналық сарбаз қаза болғаны туралы мәлімет бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу