АҚШ-тың келесі Президенті Беларусь өкілі болуы мүмкін

85

Саясаткерлер менсінбеген, былайғы жұрт баласынған жігіт Америка билігінің шыңына көтеріліп келеді.

АҚШ-тың келесі Президенті Беларусь өкілі болуы мүмкін Фото: ЖИ

Пост-Трамп заманына демократтар жаңа көшбасшы іздеп жатыр

АҚШ-тағы келесі президенттік сайлау додасының дүбірі басталып та кетті. Бір қызығы, Ақ үй қожайынының креслосына қонжиюға басты кандидаттар қатарында жұрт күтпеген есім алғы шепке шықты. Ол – миллиардер губернатор да, атышулы тележүргізуші де, Демпартияның байырғы саяси тарландарының бірі де емес, деп жазды inbusiness.kz.

Жұртшылықты Джорджияның 39 жастағы сенаторы Джон Оссофф (Jon Ossoff) өзіне жалт қаратты. Оның отбасылық шежіресінде ата-бабасының тегі Osshowsky немесе беларусша Ошоўскі болғаны айтылады. АҚШ-қа көшкен соң Оссофф деп "оңтайландырылыпты". Сенатордың түп-тамыры Беларусь жерімен тікелей байланысты.

Бой-бітімі мен сырт келбеті университеттің зерделі студентін еске түсіретін бұл жас қыран саясаткердің қарсыластарына ұнамайтын бір қасиеті бар: ол ең өткір мәселелердің өзін айқай-шусыз, былапыт-балағатсыз, намысқа тимей, саяси циркке айналдырмай, жан-жақты талқылай алады. Бұл дағды-машық қазіргі трамптік Американың саясатында сирек кездесетін құбылыс.

2026 жылғы 3 қарашада өткен аралық сайлаудан кейін АҚШ-тағы саяси ахуал түбегейлі өзгергені мәлім. Демократтар Конгрестің қос палатасына да басыбайлы бақылауын орнатты. Жаңа депутаттар қатарында, 2017 жылдың қаңтарында Оссофф мырза да Вашингтонға келіп, Капитолийдің төріне көтеріледі.

Бүгінде билік басындағы республикашылдар көшбасшылық дағдарысқа тап болды. Бұл тек сайлаудағы жеңіліс емес. Оның астарына үңілген жан америкалықтардың сайқымазақ Трамптың солақай саяси сынақтарынан әбден шаршағанын аңғарар еді.

Осындай жағдайда саясат "көгінде" Джон Оссоффтың саяси жұлдызы жарқырап жанды. Оның рейтингісі қарқынды өсіп келе жатқанын сарапшылардың болжамдары да, бәс тігу нарығындағы көрсеткіштер де куәландырады. 2026 жылғы қараша соңындағы жағдай бойынша ол Демократиялық партия атынан президенттікке үміткер болуы мүмкін саясаткерлер арасында көш бастады.

Дегенмен ресми додаға әлі біраз уақыт бар. АҚШ Демпартиясының президенттікке үміткерін анықтайтын праймеризі 2028 жылғы 22 қаңтарда Оңтүстік Каролина штатында басталады. Бірақ қазірдің өзінде ел қолдауына ие болып отырған Джон Оссофф кім?

Беларусьтен басталған тек, Америкада қалыптасқан тұлға

Ата-бабасы Беларусь жерінен ауғанымен, Джон Оссоффтың өзі 1987 жылғы 16 ақпанда Атланта қаласында дүниеге келген. Ол Джорджтаун университетінде дипломатия мамандығының қыр-сырын меңгерді. Кейін Лондон экономика мектебінде магистрлік диссертация қорғады.

Саясатқа бой ұрғанға дейін Insight TWI компаниясын басқарды. Бұл компания коррупцияны және билікті теріс пайдалану фактілерін әшкерелейтін деректі зерттеу фильмдерін шығарумен айналысқан.

Әйтсе де, Оссоффтың саясатқа қызығушылығы жасөспірім кезінен басталды. Ол АҚШ-тағы нәсілдік кемсітушілікке қарсы күрескен, афроамерикалықтардың азаматтық құқықтарын қорғаған әйгілі саясаткер, тарихи тұлға Джон Льюистің көмекшісі болып істеді.

Сенатордың отбасылық тарихы да ерекше назар аудартады. Әке жағынан оның арғы тегі Слуцк қаласынан (қазіргі Беларусь) шыққан литвак еврейлеріне барып тіреледі. Анасы АҚШ-қа Австралиядан қоныс аударған. Ал, Джонның өзі Джорджия штатында өсіп-жетілді.

Жұбайы, медицина ғылымдарының докторы Алиша Крамер дәрігер болып қызмет атқарады. Ерлі-зайыптының екі қызы бар.

Егер ол ақыры АҚШ лидері атанса, Америка тарихындағы еврей тегінен шыққан тұңғыш Президент ретінде тарихқа енеді, деп хабарлады CNN арнасы. Сол себепті, кейбір сарапшы Оссоффты Кеннедимен салыстырады.

Джон Кеннеди (1961–1963) – АҚШ тарихындағы Рим-католик шіркеуі бақылауындағы католик дінін ұстанған алғашқы Президент болып еді. Ол ирланд текті отбасында дүниеге келген. Кеннедиге дейін америкалықтар католиктерді Мемлекет басшысы ретінде бірде бір рет сайламапты: өйткені Америкаға емес, Римге қызмет етеді деп қауіптенген. Кеннеди бұл стереотипті жоққа шығарды.

Бір ғажабы, айтқан сөзі емес, бірінші кезекте Джон Оссоффтың сыртқы келбеті талай рет талқылауға арқау болды. Ұзын бойлы, арықша келген, бұйра шашты сенатор саяси мансабының алғашқы кезеңінде болашақ саясат серкесінен гөрі университеттің жас шәкіртіне көбірек ұқсайтын. Сондықтан оны көпшілік салмақты қабылдамады.

Алайда соңғы жылдары оның сыртқы бейнесі де, қоғамдық имиджі де елеулі өзгерді. Шындап спортпен шұғылданып, бұлтылдаған бұлшық етке ие болды. Жұрт алдында өзін ұстау мәнерін қалыптастырды. Бүгінде сенатор бұрынғыдан әлдеқайда жинақы әрі ширақ көрінеді.

Ол саяси шоумен болуға еш ұмтылмайды. Мінберде айқайлап, қолын сермеп, көрерменнің эмоциясына әсер етуді көздейтін театрландырылған тәсілдерден де аулақ. Оның орнына сабырлы сөйлеп, ойын нақты жеткізуді жөн көреді. Осы ерекшелігі оны қазіргі америкалық саясаттағы дабыра мен айқайға бой ұратын жеңілтулақ саясаткерлерден дараланатын тұлғаға айналдырды.

Саяси мансаптағы алғашқы жеңістер

Оссоффтың үлкен саясаттағы алғашқы жарқын көрінісі 2017 жылы болды. Сол кезде ол Конгреске өткен қосымша сайлауда қарсыластарына күтпеген жерден қуатты қарсылық көрсетті. Ақырында жеңіс бәсекелесі Карен Хэнделге бұйырды. Бірақ саяси тәжірибесі аз жас үміткердің көп қолдаушы мен мол қаражат таба алуы қарсыластарын тіксінтті. Ол осы сайлаудан кейін бүкіл елге танылды.

Кейін, 2021 жылғы қаңтардағы сенаторлық сайлауда жеңіске жетіп, алғаш рет АҚШ Сенатына өтті. Республикашыл кандидат Дэвид Пердюден 54 мыңнан сәл астам дауысты артық жинады.

Енді міне, 2026 жылғы қарашадағы сайлауда Джорджия штатында тағы да айқын жеңіске жетті. Бұл жолы ол Дональд Трамптың өзі қызу қолдаған Майк Коллинзді шаң қаптырып кетті. Reuters мәліметінше, сайлау науқанына жұмсалған қаржы көлемі бойынша Оссофф бақталасынан орасан зор басымдыққа ие болды. Қос кандидаттың арасындағы қаржылық айырмашылық 126 миллион долларды құраған. Демеушілер кімге жақ екенін осылай паш етті.

Неліктен америкалықтар Оссоффқа назар аударды?

Бұл саясаткердің төңірегіндегі қызығушылықтың сыры неде? Жауап қарапайым: америкалықтардың басым бөлігі тоқтаусыз саяси айқай-шудан әбден шаршаған. Қоғамға енді тағы бір дүрбелең, тағы бір саяси соғыс немесе кезекті ұрандар легі емес, күнделікті өмірге тікелей әсер ететін нақты шешімдер қажет.

Оссофф сайлаушыларға Иранға, Американың басқа жауларына қарсы қанды қырғын ұйымдастыруға, ұранға толы ұлттық жаңғыру жолын ұсынуға немесе барлық проблемаға қарсы жаппай күрес жүргізуге уәде бермейді.

Оның саяси бағдарламасы қарапайым азаматтарды мазалаған мәселелерге негізделген. "Медсақтандыру тым қалта қағады, құнын төмендету керек", "Баспанасыздар көбейіп кетті, тұрғын үйді халыққа қолжетімді етудің мынадай нақты жолдары мен тетіктері бар", "Жаңа жұмыс орындарын ашу күн тәртібінен түсіп қалғаны дұрыс емес", "Инфляциямен күресу елдің әл-ауқатын арттырады", "Трамп тұсында жемқорлық тым жайылып барады, тоқтау саламыз" дейді.

Бір қарағанда, бұл талаптар қарабайыр көрінуі мүмкін. Бірақ дәл осы проблемалар қарапайым америкалықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Оссоффтың артықшылығы да осында болуы ықтимал.

Демократтардың өзге үміткерлері кім?

Әрине, Демпартияда президенттікке үміткер болуға лайықты өзге де саясаткерлер аз емес. Олардың қатарында бұрынғы көлік министрі Пит Буттиджич бар. Ол жұртқа жақсы таныс әрі 2020 жылғы президенттік науқаннан тәжірибе жинаған.

Бұрынғы кандидат Камала Харрис те саяси салмағын сақтап отыр. Бірақ оның бұрынғы беделі біршама әлсіреген.

Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом федералдық деңгейдегі үлкен саясат шыңына көптен бері ұмтылып келеді. "Жергілікті Че Гевара" атанған Александрия Окасио-Кортес Демократиялық партияның солшыл қанатының негізгі лидерінің бірі саналады.

Бұдан бөлек, ықтимал үміткерлер қатарында сенатор Марк Келли, Пенсильвания губернаторы Джош Шапиро және сенатор Рафаэль Уорнок та аталады.

Reuters/Ipsos жүргізген соңғы сауалнама нәтижелері де назар аударуға тұрарлық. Демпартия жақтастарының 29%-ы Джон Оссоффты, тағы соншасы Пит Буттиджичті "өте жақсы" үміткерлер деп бағалады. Камала Харрис пен Гэвин Ньюсомның көрсеткіші – 23%-дан. Ал, Александрия Окасио-Кортесті қолдаушылар үлесі 15%.

Алайда Оссоффтың алдында тұрған бір кедергі бар: сайлаушылардың шамамен үштен бірі оның кім екенін жете білмейді. Демек, сенаторға Джорджия мен АҚШ-тың оңтүстігіндегі сайлау жетістігін бүкіл елге таратып, саяси беделін арттыра түсуі қажет. Аймақтық жеңіс пен ұлттық деңгейдегі қолдау – екі бөлек дүние.

Вэнс, Рубио, Десантис: Трамп партиясының тізгінін кім алады?

Республикашылдар лагеріндегі жағдай тым күрделі. Осы аптада АҚШ Президенті Вэнс пен Рубионы мақтап, кандидат болуға лайық екенін, алайда "елді сюрприз күтіп тұруы мүмкін" екенін айтып, жұмбақтады.

2028 жылы Трамп 82 жасқа толады. АҚШ Конституциясындағы шектеуге сәйкес, ол үшінші мерзімге құлаш ұра алмайды. Сондықтан оның саяси мұрасын кім иеленетіні жөніндегі күрес сөзсіз басталады.

Бүгінде Трамптың басты мұрагері ретінде вице-президент Джей Ди Вэнс аталады. 42 жастағы Вэнс консерваторлардың қолдауына ие және MAGA қозғалысының идеологиялық ұстанымдарын жақсы меңгерген. Ол Трамп жақтастарына түсінікті саяси тілде сөйлейді.

Бірақ оның "медалінің" екінші жағы бар. Вэнстің саяси тағдыры Трамп тұлғасымен тым тығыз байланысып, біте қабысып кеткен. Егер америкалықтардың қазіргі әкімшіліктен түбегейлі көңілі қалса, оның мұрагері осы жеккөрініштің салмағын бірге көтеруге мәжбүр болады.

Екінші ықпалды үміткер – АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио. Reuters/Ipsos сауалнамасына сәйкес, республикашылдардың 45%-ы Рубионы президенттікке лайықты үміткер деп санайды. Джей Ди Вэнсті қолдаушы партияластарының үлесі – 43%.

Рубионың басты артықшылығы – сарабдал көзқарастағы консерваторларды, іскер топтарды және Вашингтондағы сыртқы саясатқа жауапты дипломатиялық, саяси элитаны айналасына топтастыра алуы. Алайда оған да қазіргі әкімшіліктің халық арасында қолдау таппаған шешімдері үшін жауап беруге тура келеді.

Үшінші үміткер – Флорида губернаторы Рон Десантис. Ол 2024 жылы Республикалық партия атынан Президент тағына талпынды, бірақ Дональд Трамптан жеңілді. Содан бері ара-тұра мақтағанымен, Трамптың аяғына жығылып, ізін сүйген жоқ. Енді оның алдында Вашингтонның атышулы саяси жүйесіне балама ұсына алатын дербес саясаткер ретінде танылу міндеті тұр.

Десантистің басты артықшылығы – халқы көп ірі штаттың басқару ісіндегі нақты тәжірибесі. Флоридалықтар оны жақсы көреді. Әлсіз тұсы – федералдық деңгейде бірде бір үлкен жеңіске жете алмады.

Бұлардан бөлек, республикашылдардың өзге де ықпалды өкілдері бар.

Сенатор Тед Круз дәстүрлі консерватизм ұстанымымен қайтадан үлкен саясат сахнасына шығуға тырысуы мүмкін. Вирджинияның бұрынғы губернаторы Гленн Янгкин салмақты сайлаушылар қолдауына ие прагматик саясаткер ретінде қарастырылады.

Бүгінгі республикашылдардың ең осал тұсы – партияның болашақ бағыты жөнінде ортақ келісімнің жоқтығы. Трамптың саяси бағытын жалғастыру керек пе, әлде одан біртіндеп алшақтаған жөн бе?

Саяси дұшпандармен қатаң текетіресті жалғастыра ма, әлде тоқтаусыз соғыссыз бейбіт өмір ұсынған дұрыс па? Бұл сұрақтардың жауабы әзірге белгісіз. Болашақ бірде бір кандидат Трамп саясатын жоққа шығарған жоқ.

Бір анығы, Америка 2028 жылы жай ғана кезекті Президентін сайламайды. Бұл сайлауда елдің алдағы ондаған жылдағы даму бағыты айқындалғалы тұр.

Сондықтан алдағы Президенттік додада басты мәселе тек кандидаттардың кім екенінде емес. Ең маңыздысы – қарапайым америкалықтардың шын мәнінде нені қалайтынында. Олар ережесі белгілі, бірқалыпты әрі іш пыстырарлықтай тыныш Американы аңсай ма? Әлде саяси тартыс пен күтпеген оқиғаларға толы шоудың жалғасқанын қалай ма? Әзірге бұл сұрақтарға да нақты жауап жоқ.

Бірақ бір кездері көпшілікке белгісіз, байсалды Джон Оссоффтың есімі бүгінде Ақ үйге үміткерлер қатарында атала бастағаны – америкалық саясатта жаңа кезеңнің басталуы мүмкін екенін аңғартады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу