АҚШ-тың тариф саясаты Қазақстанның тауар айналымына кесірін тигізген

174

Өткен аптада алпауыт АҚШ тағы да өзінің тарифтік саясат ойынын қайта бастады.  

АҚШ-тың тариф саясаты Қазақстанның тауар айналымына кесірін тигізген Фото: astanatimes.com

Жаһанның бірнеше еліне, соның ішінде Қазақстаннан импортталатын тауарларға да 12,5 пайыз баж салығын енгізді. Американың кезекті қадамы Орталық Азияда жатқан Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін?

АҚШ-тың Сауда өкілдігінің мәлімдеуінше, кедендік баж салығы 60 елге енгізілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұлардың бәрі мәжбүрлі еңбекпен өндірілген тауарларды импорттаған елдер деп көрсетілген. Бізді айтпағанда бұл тізімге Ұлыбритания, Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Жапония, Қытай (оның ішінде Гонконг), Жаңа Зеландия, Норвегия, Ресей, Сингапур, Оңтүстік Корея да қосылған екен.

Көп ұзаған жоқ, Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың қосымша кедендік баж енгізу туралы шешіміне қатысты түсініктеме беріп үлгерді.

"Бұған дейін қолданылған 10% мөлшеріндегі уақытша импорттық үстеме белгіленген 150 күндік мерзімнің аяқталуына байланысты күшін жойды. Сондықтан бұрынғы үстеме жаңа баж мөлшерлемесіне қосылмайды", – делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ министрліктің есептеуінше, Қазақстанның АҚШ-қа экспорттайтын өнімдерінің шамамен 95%-ы бұрынғыдай қосымша кедендік бажға ұрынбайды. Яғни, шамамен еліміздің Америкаға жіберетін тауарларының 5 пайызына ғана 12,5 пайыз салық алынады. 

Бір қарағанда бәрі қалыпты секілді көрінеді, салық салынатын тауарлар тізімі көп емес. Дегенмен біз осы тұста бір құбылысты байқадық. Былтыр тамызда АҚШ әлемнің бірқатар елімен бірге Қазақстан тауарларына да 25 пайыздық баж салығын енгізгені есте. Бұл шешімнің күші көп өтпей жойылды, бірақ зардабы болмады дей алмаймыз.

Мәселен, АҚШ осы тарифтік саясатын қолданбай тұрған уақыттарда, 2023 жылы Америка мен Қазақстанның тауар айналымы 4,1 млдр доллар болды. 2024 жылы тағы өсіп, 4,2 млрд долларға жетті. Бірақ жағдай тұрақсыздана бастаған 2025 жылы, яғни, былтыр тауар айналымы 3,19 млрд доллар болып, 24,5 пайызға төмендеген. Демек, бұл жолы да 12,5 пайыз салықтың енгізілуі ортақ сауданың азаюына ұрындыруы мүмкін.

Сонымен, жаңа салық ел экспортының 95 пайызына зиянын тигізбейтінін айттық. Өйткені экспорттың басым бөлігі АҚШ нарығы үшін өте қажет саналатын мұнай өнімдеріне, уранға, түрлі металдарға тиесілі. Жеткізетін өнімнің жартысынан көбі мұнай өнімдеріне жатады. Бұл сөзімізді Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Лидия Пархомчик те растаған болатын. Маңызды экспорттық шикізаттардың қатарында уран да бар, оның үлесі шамамен 16 пайыз. Бұдан кейін күміс – 12%, ферроқорытпалар – 9,5%. Сауда министрлігінің түсіндіруінше, бұл санаттар айрықша маңызды тауарлар тізіміне енгізілген.

– Шын мәнінде біз Қазақстан экспорты АҚШ-тан келетін импорттың ақшалай көлемінен аз екенін көріп отырмыз. Қазақстан экспорттайтын тауарлардың көпшілігі – шикізат өнімдері, олардың бағасы әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты құбылып отырады. Мысалы, мұнай бойынша жеткізілімдердің ақырғы бағасы әлемдік нарыққа тәуелді. АҚШ нарығына уран жеткізу бойынша өсім бар, – деп атап өтті сарапшы.

Рас, былтыр Америкаға асқан уранның көлемі 2 есе артқан. Соның арқасында осы санатта Қазақстанның да экспорттық табысы екі есеге жуық өсіпті. Алайда мұнай экспорты бойынша кері үрдіс байқалды. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан АҚШ-қа шамамен 570 млн доллар көлемінде мұнай саудаласа, 2025 жылы бұл көрсеткіш екі есе төмендеді.

– Ал АҚШ-тан Қазақстанға келетін импорт тұрақты қалып отыр. Астана үшін экспортты әлемдік аренада ілгерілету – ұлттық мүддені қорғаудың бір бағыты. АҚШ-тың әрекеті бұл тұрғыда ерекше жағдай емес. Бірақ біз АҚШ-тың тарифтік саясатындағы өзгерістер жаһандық трендтің көрінісі екенін, ол Орталық Азия аймағына бағытталған шара емес екенін түсінуіміз керек, – деді Л.Пархомчик.

Қалай алғанда да, Американың кезекті шешіміне көп елдер қарсы болғанымен, ашық қарсылық таныта алмасы анық. Оның үстіне сарапшы айтқандай бұл шаралар Орталық Азияға бағытталмаған, сондықтан Қазақстан экономикасы аса зиян шекпейтіні анық. Дегенмен әлемдегі бірінші экономикаға ие алпауытпен екеуара сауданың көлемі тағы азаюы мүмкін екенін жасыра алмаймыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу