АҚШ Украинаның аузынан жырып, Израильге көмек беріп жатыр

1279

Газа аумағында тығырыққа тірелген израильдік әскерді енді Америка қаруландыра бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

АҚШ Украинаның аузынан жырып, Израильге көмек беріп жатыр Фото: news.myseldon.com

АҚШ Израильге қандай қарулар беріп жатыр?

Израиль бір аптадан бері Газа қаласындағы аурухананы шабуылдап жатыр. Еврей басылымдары "Шифа проблемасы: Израиль бұл ауруханада шынымен не іздеп жатыр?" деген аң-таң тақырыппен шықты. Өйткені төл армиясының онда не істеп жатқанын израильдік қоғам да түсіне алатын емес.

Бұл ретте сарапшылар тіпті "Шифа" (атауы шипа, дәру деп аударылады) ауруханасын украиналық "Азовстальмен" салыстыра бастады. Ресейдің әскері Украинаның Мариуполь қаласындағы жау қоршауында қалған "Азовсталь" металлургиялық комбинатын және оның айналасын екі ай бойы, 2022 жылғы 18 наурыздан 20 мамырға дейін шабуылдады.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, "Шифа" ауруханасына Израиль тек екі күн бұрын ғана басып кірді. Оған дейін шайқастар соның айналасында жүрді. Мысалы, 9 қарашада израильдік әскерилер әупірімдеп жүріп, "Шифаның" дәл іргесіндегі тұрғын үй алабын басып алды. Израильдік ИТВ 12-ші арнасы бұл кварталды маңызы жөнінен қорғаныс министрлігінің Тель-Авивтегі мықты қорғалатын "Кирия" кешеніне теңеді.

Содан соң Израиль 15 қарашада Палестинаға тиесілі Парламент ғимаратын жарып жіберді.

Израильдік Walla басылымының әскери сарапшысы Амир Бохботтың хабарлауынша, израильдік әскер ауруханаға 14 қараша күні басып кіргенімен, біразға дейін әрі қарай ішкері ене алмай, дағдарыпты.

"Бастапқыда аурухана аумағындағы операцияның басты бір мақсаты – кепілдегілерді іздеу екені хабарланған еді. Алайда биік лауазымды израильдік шенеуніктің айтуынша, басты міндет басқа: Хамастың аурухана астында болуы мүмкін туннелдеріне кіретін есіктерді табу. Барлау деректеріне сәйкес, "Шифа" астындағы туннелдер Газаның барлық бөліктеріне апарады. Аурухана басшысы Әл-Жазира телеарнасына сұхбатында Израильдің тек аурухананың қабылдау бөлмесін, МРТ бөлмесін және хирургиялық бөлімін ғана бақылауына ала алғанын хабарлады. Тиісінше, алып медициналық ұйымның сол қанатындағы жертөлелерді тінтіп жатыр", – деп жазды Walla.

Израильдік күш құрылымдарындағы төл дереккөздеріне жүгініп, Бохботтың хабарлауынша, "Шифа" – өте үлкен аурухана кешені. Оның ішінде әлі күнге дейін 3 мыңнан астам бейбіт тұрғын бомбалаудан басын қорғалап, паналаған. 

Изариль әзірге тек оның бір ғимаратын "тазалауға" күшін шоғырландырды. Израильдік пропаганда мұны "бүкіл аурухана территориясын ұрыс даласына айналдырғысы келмейтінімен" түсіндірді. Израильдің баспасөз қызметі өз мәлімдемесінде аурухананың "белгілі бір бөліктерінде" ғана қимылдап жатқанын растады.

Израильдік "Detaly" басылымының жазуынша, израильдік армия мен күш құрылымдары Хамас тарапынан арандатушылық жасалады деп қауіптенеді-мыс.

"Мәселен, аурухананың ішін жарылғыш заттармен жарады немесе азаматтық киім киген лаңкестер әскерилерге шабуыл жасайды. Осылайша, Израиль "ауруханада бас сауғалаған бейбіт тұрғындарды қырып жатыр" деп көрсетуі мүмкін. Сондықтан Израиль бұл операциясын баяу, "хирургиялық әдістермен", ерекше ұқыптылықпен жүргізуде" – деп сендіреді израильдік әскери сарапшы А.Бохбот.

Дегенмен, израильдік әскердің бейбіт тұрғындарды аяп жатқаны шамалы. Inbusiness.kz сайты бұған дейін "Шифа" ішіндегі жағдай адам айтқысыз екенін жазған болатын.

Израильдік әскерилер "аурухана ауданында ұзақ, көп кезеңді операцияны" жүзеге асырудан үмітті. Ол шабуыл тез бітпейді, "Израиль Хамастың осы ауданда орналасқан бүкіл инфрақұрылымын тауып, жойғанша жалғасады". Яғни, бірнеше айға ұзауы ғажап емес.

Хамас болса, аурухана аумағын тастап шыққан жоқ. Ақпарат құралдарының мәліметінше, израильдік әскерилер аурухана ішінде ілгері жылжып, ішкері енбек болғанда, жауған оқтың астында қалып, табанды қарсылыққа тап болды. Нәтижесінде, кем дегенде 5 содыр қаза тапқан, одан көбі жараланған. Израильдік тарап болса, өз шығынын жарияламады.

Тұйыққа тірелгенін ақтағысы келді ме, израильдік тарап "Шипа" ауруханасын енді "Хамастың жүрегі" деп атай бастады. Яғни, осы аурухананы толық басып алу палестиналық радикалды қозғалыстың күйреуіне соқтырады деп сендіріп бағуда.

"Израиль Хамастың нағыз жан-жүрегіне соққы жасады. Израильдік армияның Газадағы "Шифа" ауруханасына кіруі Хамаспен арадағы соғыстың драматикалық даму бетбұрысын білдіреді. Бұл Газа секторындағы хамастық әскери және үкіметтік басшылықтың жүрегіне тікелей шабуылдаудан Израильдің тайынбайтынын, тайсалмайтынын паш етті. Басқару жоспарларында бұл ауруханаға маңызды рөл бөлген Хамас басшылығы Израильден мұндай қадамды күтпесе керек. Бірақ ауруханаға рейдтің астарында тәуекел де тұнып тұр. Салдарынан, халықаралық теріс реакция күшеюі, тұтқындар алмасу мәмілесін бекіту мүмкіндігін тоқыратуы, Ливаннан "Хезболланың" ұрыс іс-қимылдарын бастауына соқтыруы ықтимал", – деп жазды израильдік Haaretz.

Шынында, егер Ресейдің "Азовсталь" комбинатын аяусыз соққылап, айлап шабуылдағаны сияқты израильдік әскер де "Шипа" ауруханасын ұзақ шабуылдаса, халықаралық қоғамдастық мұны құптай қоймас.

Әзірше халықаралық қысымға қарамастан Израиль Газа аумағындағы, соның ішінде алып аурухана аумағындағы шабуылын жалғастырды. 

Бұл ретте АҚШ әкімшілігі израильдік тараптан аурухана аумағын әуеден бомбалаудан бас тартуды өтінді. Өйткені медициналық ұйымды әскери авиациямен, артиллериямен үстемелете соққылау жалғаса берсе, бұл "Шифада" жатқан палестиналық пациенттер мен медициналық персоналдың қырылып қалуына соқтырады.

Бүгін, 16 қарашада израильдік армия аурухананы шабуылдауын жалғастырды. "Шифаның" ортопедиялық бөлімінің меңгерушісі ақпарат құралдарымен байланысып, Израиль күштері аурухана кешенінің ішіне бульдозерді кіргізгенін жеткізді. Тағы бір бульдозер аурухана ауласында жұмыс істеп жатыр. Сарапшылардың болжамынша, олар туннелдерге кіретін жолдарды іздеп жатуы мүмкін.

Себебі, Израиль сырқаттарға лық толған "Шифа" ауруханасын тікелей шабуылдағанда, озбыр ісін "оның асты терроршылардың туннелдеріне толы" деп ақтап, жаһанға жар салған еді. Енді Цахал аурухананың бір бөлігін басып алды, жертөлелерді сүзіп шықты, алайда әзірге оның астында жасырылған қару қоймаларын да, жерасты жолдарына бастайтын есіктерді де таппады.

Сондықтан тағы да ақталуына тура келуде: израильдік қауіпсіздік жүйесінің өкілдері ақпарат құралдарына түсініктемесінде "хамастықтар аурухана аумағында инженерлік жұмыстар жүргізіп, туннелдердің кіреберісін көміп тастауы мүмкін" деген жорамалдарын жеткізді. Бірақ мұның бәрі дәйексіз тұспал ғана.  

Соған қарамастан, Америка Таяу Шығыстағы басты одақтасын қолдаудан бас тартпады. Мысалы, оккупантқа қарсы жанқиярлық соғыс жүргізіп жатқан Украинаға көмегін азайта бастаған АҚШ басқыншылық соғысқа бой ұрған Израильге қару-жарақ пен оқ-дәрілерді күн сайын жеткізіп жатыр. Бұл туралы Bloomberg жария етті.

Пентагон деректеріне сілтеме жасаған агенттіктің жазуынша, Американың көмегі және қару жеткізілімі Израильдің сұрауына сәйкес күрт арттырылған. Бұған дейін Құрама Штаттар Израильге "Темір күмбез" атты әуе қорғанысы жүйесі үшін қажетті тұтушы зымырандар, Boeing жасаған ақылды бомбалар жеткізумен шектеліп келген. Соған қарап, халықаралық сарапшылар бұл жеткізілімдердің Американың Киевке көмегіне кесірі тимейтіні жөнінде байлам жасаған.

Алайда Блумберг мәліметінше, Израильге қару жеткізілімі ауқымды сипат алды және қарудың, снарядтардың түр-түрін қамтиды. Демек, Израиль оларды Украинаның аузынан жырып алып жатқанға ұқсайды.

Bloomberg сілтеме жасаған Пентагонның деректері бойынша қазан айының соңында Израиль Құрама Штаттардан 36 мың снаряд, 1,8 мың бункер бұзғыш снаряд, 3,5 мың түнде көру аспаптарын және басқасын алған. Бұдан бөлек, Америка оған Tamir атты 312 зымыранды табыстады. Украина сұратып отырған 155 миллиметрлік снарядтар да Израильге кетіп жатыр: тек бір жолдағанда, 57 мыңын аттандырған. Bloomberg бұл снарядтар бастапқыда Украинаға беру үшін дайындалғанын хабарлады.

Израиль мұнымен шектелмек емес: қазірдің өзінде лазерлік нысаналаушы Hellfire зымырандарының 2 мың данасын сұратты. Қаптаған винтовкаларға, гранатометтарға, минометтарға, M141 Bunker Defeat Munition атты әскери бекіністер мен бункерлерді жоюға арналған қол гранатометтарына, сондай-ақ JLTV маркалы 75 армиялық машинаға, Switchblade 600 қалықтаушы снарядтарына сұрау жолдады. Израильдік басылымдар Америкадан камикадзе дрондар, соққылаушы беспилотниктер келіп жатқанын мәлім етті.

Мұның бәрі – АҚШ жеткізетін қарудың үлкен тізімінің шағын үзіндісі ғана. Олардың біразының алғашқы партиялары жеткізілгені хабарланды.

Пентагон ақпарат құралдарының сұрауына жауабында Израильге жеткізіліп жатқан қарудың типтерін жарияламай, құпияда ұстайтынын, бірақ бүгінде бұл елге әскери көмек күн сайын дерлік жолданып жатқанын мәлімдеді. Сол себепті Израильдің тағы не алғаны белгісіз. Ашық деректер бойынша қару тиелген америкалық жүк ұшақтары Израильге күн сайын қонуда.

Қорыта айтқанда, Газа аумағындағы қырғыннан тек палестиналықтар ғана емес, Украина да зардап шеге бастаған сыңайлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу