АҚШ және Иран: соңғы 7 күн ішінде болған оқиғалар хронологиясы

6654

Енді кім қандай қадам жасайды?

АҚШ және Иран: соңғы 7 күн ішінде болған оқиғалар хронологиясы

Соңғы күндері Иран мен АҚШ арасындағы жағдай мүлдем шиеленісіп кетті. Күллі әлем осы мәселеге қатты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Қытайдың Сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Иранды сабырлық танытып, шиеленісті бейбіт жолмен шешуге шақырса, Еурокомиссия басшысы тараптарды қару қолданбауға үндеді. Бірақ оқиғаның қалай өрбитіні Трамптың мәлімдемесінен кейін белгілі болады. Ол Қазақстан уақыты бойынша 8 қаңтар күні кешке қарай Иран шабуылына қатысты мәлімдеме жасайды.

Әзірге соңғы 7 күн ішіндегі Құрама Штаттар мен Иранға қатысты оқиғалар тізбегін ұсынамыз:

Ирандық генерал Касем Сулейманидің өлтірілуі.

3 қаңтарда Пентагон Бағдад әуежайы маңында әуеден шабуыл жасап, салдарынан Ислам төңкерісі күзетінің құрамындағы "Әл-Кудс" арнайы бөлімінің қолбасшысы генерал Касем Сулеймани мен бірқатар ирандық әскери қаза тапты. АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі бұл операцияның Трамптың бұйрығы бойынша жүзеге асқанын жариялады. Ведомство өкілдері шабуылдың Иран тарапының соққыларын тоқтату мақсатында жасалғанын және генералдың коалиция базалары мен  Ирактағы елшіліктерге қарсы бағытталған операцияларға қатысы бар екенін мәлімдеді.

Құрама Штаттардың бұл әрекетін айыптаған елдер: Сирия, Ресей, Бейжің, Германия, Франция, Ұлыбритания. Қолдаған: Израиль. 

Иран билігі Трамптың басы үшін 80 млн доллар көлемінде сыйақы жариялады.

Генералдың өлімінен кейін Ирак америкалық әскерилердің елде жүруіне тыйым салып, сонымен қатар оларды елден кетіруге бағытталған заң қабылдады. Ол аздай 6 қаңтарда Иран билігі президент Дональд Трамптың басын әкелген адамға 80 миллион доллар көлемінде сыйақы жариялады.

Ресми Тегеранның айтуынша, ел тұрғындары 1 доллардан жинаса, осындай сома жиналады екен. Өйткені қазір Ирандағы халық саны шамамен 80 миллионды құрайды. Бұл мәлімдеме Сулейманимен қоштасу рәсімі кезінде жасалды. 

Иранның Ирактағы америкалық базаларға шабуылы.

8 қаңтарда Иран АҚШ-тың Ирактағы әскери базаларына зымыран атып, нәтижесінде 80 адам қаза тауып, америкалық тікұшақтар мен әскери жабдықтардың күл-талқаны шыққан, деп хабарлады Reuters агенттігі Иранның мемлекеттік телеарнасына сілтеме жасай отырып.

Ресми Тегеранның мұндай қадамға баруына Дональд Трамптың бұйрығымен Иран генералы Касем Сулейманидің өлтірілуі итермеледі.

Иранның Press Tv агенттігінің дерегінше, Иран Ирактағы америкалық нысандарға 15 зымыран жіберген.

Десе де, Тегеран билігі соғысты қаламайтынын және бұл шабуылдардың тек генерал Касем Сулейманидің өлтірілуіне жауап ретінде жүзеге асырылғанын хабарлады.

Айта кететін жайт, генералды жерлеу сейсенбі күні өту керек болатын. Бірақ ол күні халық көшелерге шамадан тыс көп жиналып, салдарынан 56 адам қаза тауып, 200-деп астам кісі түрлі деңгейде жарақат алған. 

Украиналық лайнердің апатқа ұшырауы.

Иран Ирактағы америкалық базаларға шабуыл жасағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң Иран жерінде украиналық ұшақ апатқа ұшырап, оның бортында болған 176 адамның бәрі де қаза тапты. Оның 167-сі жолаушы, қалғаны 9-ы экипаж мүшелері. Бұл туралы CNN агенттігі жариялады.

Ресми дерекке сүйенсек, әуе кемесінің апатқа ұшырауына техникалық ақау себеп болған.

Ұшақ Тегерандағы Имам Хомейни атындағы халықаралық әуежайынан әуеге көтеріліп, қала жанындағы Паранд және Шахриар елдімекендерінің арасына құлаған. Қазір жергілікті билік осы қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Ұшақ Тегераннан Киевке рейс жасамақшы болған және оның ұшу уақыты бір сағатқа шегерілген көрінеді.

Украинаның Сыртқы істер министрлігінің дерегіне сүйенсек, апаттан 11 украиналық қаза тапқан. Оның 9-ы – экипаж мүшесі. Сондай-ақ қаза болғандардың 83-і – Иран азаматы, 63-і – канадалық. 10 азамат Швециядан болса, Ауғанстанның 4 азаматы, Германияның 4 азаматы, Ұлыбританияның 3 азаматы көз жұмған. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу